Сұхбат • Бүгін, 08:35

Қазақ құсбегілігін әлемге әйгілеген

33 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жуықта «Республикалық құсбегілік федерациясы» қоғамдық бірлестігінің өтініші бойынша Моңғолия Республикасына іссапармен барып, сол жақтағы байөлкелік құсбегілердің өнерімен танысып, біршама дерек жинап келген едік. Саятшылықтың қыр-сырына қанық қаншама мамандарға жолықтық. Соның бірі – қазақтың құсбегілік өнерін зерттеумен қатар, әрбір сәтін суретке түсіріп, әлемге әйгілеп жүрген Чойжилжавын Батзаяа атты азамат. Бұл жігіт өткен жылы «Бүркіт» (моңғолша «Бүргэд») атты үлкендігі төре табақтай фотоальбом шығарыпты. Альбом-кітаптың басты тақырыбы – Қобда өлкесінде өмір сүріп жатқан қазақ құсбегілерінің өмірі, тыныс-тіршілігі, бүркітпен аң қаққан сәттері, саят-салбурын құрған кездері, түз құсын қолға түсіріп, оны баптап-баулуы қатарлы жүздеген көрініс фотобейне және әңгіме-сұхбат форматында берілген. Мұндай кітап құсбегіліктің отаны біздің елімізде жоқ. Сапар барысында Ұлан-Батыр қаласында тұратын фото-суретшіге жолығып, сұхбаттастық.

Қазақ құсбегілігін әлемге әйгілеген

– Менің туған жерім – Забқын аймағы. Сонда өсіп-өндім. Бір қызығы, есейген шағымда қыран бүркітке құмартып, оның соңына түсіп, зерттеп, зерделеп кітап шығарсам деген ой болған емес, – деп бас­тады ол әңгімесін. – Ал бұған не себеп болды десеңіз, 1998 жылы туризм саласына қарай ойыстым. Бұл бір жеке әлем екен. Менің міндетім – туристерді фотоға түсірумен қатар, олардың жүрген-тұрған жерін таспаға тартып, насихаттау еді. Бірер жылдың ішінде кәдімгідей маманданып үлгердім.

Шетелдік туристерді тартатын тәсілдің бірі – тамаша фотосуреттер түсіріп, тарату екен. Көп жағдайда шетелдіктер Бай-Өлкенің тұмса табиғатын тамашалап, халқының тіршілігімен танысуға құмар. Әсіресе мұндағы бүркітшілік өнер мен құсбегілік дәстүрді әлемнің басқа жерінен кездестіре алмайсыз. Сондықтан да, бұл өлкедегі бүркіт пен бүркітшілік оларға керемет таңсық. Өз басым осыны сезінген соң қазақтың құсбегілік өнерін насихат­тау­ды қолға алдым.

Өйткені бүркітшілік өнер байырғы Бай-Өлкеде жақсы сақталған. Алтайдың ақбас шыңдары алыстан ақсүңгідей мұнартады, оның бауырайында қолына қыран құсын қондырған даланың серісі ат үстінде ша­уып бара жатыр. Осы көріністі фото арқы­лы сөйлету – қандай ғажап.

ва

Мысалы, әлем таныған Айшолпанды алайық. Осы қыздың соңынан қалмай суретке түсіріп, дүниежүзіне таратуға ты­рыстық. Тек осы бүркітші қызды көру үшін Бай-Өлкеге шет мемлекеттерден қаншама турист сабылып келеді. Бұл – өлке үшін үлкен қаржылық табыс. Мысалы, Бай-Өлкеде соңғы 25 жыл бойы жыл сайын қа­зан айының басында «Бүркіт тойы» өтіп келеді. Бұл үрдіс қазақ құсбегілерінің өне­рін дамытумен қатар, туристер тарта алуда.

– Сіздің фотоларыңыз шетелдік басылымдарда да жарияланып жүр деген сөз ғой?

– 2015 жылдан бастап бүгінге дейін әлем танитын беделді ақпарат құралдары: «The Timts», «Daily News», «Guardian», «The Telegraph», «New York Times», «National Geographic» қатарлы газет-журналдар мен порталдарда жария­ланып жүр. Гер­ма­нияның шетелге қаты­найтын әуе рейс­терінде алар орны зор «Лүфтханза» компаниясының ұшақішілік журналында жарық көріп жатыр.

Жуықта АҚШ-тың бір ақпарат компаниясы «Бүркіт» кітабын көріп, сондағы фотосуреттерге қатысты менімен сұхбаттассақ деген ұсыныс айтты. Бұл албом-кітабым әлемге әйгілі «National Geographic» брэн­дінің логотипімен шығып отыр.

Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның материал­дық емес мәдеи мұралар тізіміне ен­ген құсбегілік өнер қазіргі таңда әлемнің 24 мемлекетінде азды-көпті дамып отыр десек, осылардың ішінде ең бір ежелгі қал­пын бұзбай сақтап, дамытып келе жатқан Бай-Өлке қазақтары екені даусыз.

– Қазақтың құсбегілік өнерін тұ­рақты зерттеумен айналысып, фото тү­сір­геніңізге қанша жыл болды?

– Биыл 20 жыл болады. Әлемдік статис­тикада жер бетінде бүркіттің 60 түрі бар делінуде. Бай-Өлке қазақтары осылардың ішінде дала бүркітіне (Aquila chrysaetos) құмар келеді. Өйткені бұл құстың шүйілуі өте жылдам және аң қағу қуаты аса епті. Ол қоянды 3,2 шақырым жерден көреді. Адамның көзі 1 метрден көретін затты дала бүркіті 7 метрден толық көре алады.

Бай-Өлке көлемінде 400-ге жуық бүр­кітші бары айтылады. Менің ойымша, бұл тізімге сұңқар, қаршыға, ителгі сияқты шәу­лі (ұсақ құстар) қырандарды баулып жүр­ген жастар мен жасөспірімдерді қосып отыр­ған тәрізді. Нақты айтар болсам, өл­кеде тек бүркітшілікпен үзбей тұрақты айна­лысып жүрген адам саны 200 шамасында.

Аспанда жүрген қыран құсты амалдап қолға қондырып, онымен қоймай оған аң ілдіру кез келген адамның қолынан келетін шаруа емес. Сондықтан да болар қазақ ағайындар бүркітке отбасының бір мүшесі ретінде қарайды. Оның бағым-күтіміне айрықша мән береді. Қыста соғым сойғанда бүркітке арнап жеке жем дайындайды. Алда-жалда бүркітші құс салып жүріп, басқа бір үйге түссе, қожайындары бүркітті құрметті қонақ деп қабылдайды. Оған кетерінде үкі тағып аттандырады. Бүркіт тұрған жерге жын-шайтан жоламайды деген түсінік бар.

Қарт құсбегілер әрқашан өзіне шәкірт тәрбиелейді. Оған білген-түйген білімін, тәжірибесін үйретеді. Бірақ кез келген адам бүркітші бола бермейді. Бұл – атадан балаға, баладан немереге қонатын өнер. Байөлкелік бүркітшілердің үйінде ата-бабалары 150-200 жыл бұрын қолданған бүркіт жабдықтары бар. Оларын сыртқа шығара бермейді, құнды зат ретінде сандықта сақтайды.

Одан кейін Бай-Өлке бүркітшілері ұрғашы бүркітке құмар. Өйткені ол қыран келеді һәм дене-тұрқы еркегінен әлдеқай­да үлкен. Сөйте тұра баптауға тез көндіге­тін, тіпті ешқашан көндікпейтін де құстар болады екен. Мен көрген құсбегілер кәдімгі­дей құсымен сөйлесіп, сырласып бәйек бо­лып жатады. Соған қарағанда құс пен иесі­нің арасында тылсым тіл бары анық.

– Мына «Бүркіт» атты туындыңызда байырғы көшпелілердің құсбегілік өнері хақында деректер бар ма?

– Баршылық. Мысалы, көне тарихи құжаттарда құсбегілік өнердің 4000 жыл­дық тарихы бары жазылыпты. Бұның сыртында археологиялық қазба деректерден табылған артефактілерге жүгінсек, Шығыс Азия мен Оңтүстік Сібір жерінде б.ж.с.б. 3000 жылдары адамдар жыртқыш құстарды қолға үйретіп, аң-құс қағумен айналысқаны жайында болжам бар.

Оның сыртында, 1253–1255 жылдары француз королі ІХ Людовик тапсырмасы бойынша моңғол даласына сапарлап келген монах В.Рубруктің жазбасын­да: «Көшпелілер сұңқар қатарлы жырт­қыш құс­тарды томағалап, оң жақ қолына отыр­­ғызып алып жүреді», деген пікір ай­тылса, атақты жиһанкез Құбылай ханның ордасында 15 жыл қызмет атқарған Марко Поло (1254–1324): «Ұлы қаған ордасында үш ай болғаннан кейін теңіз жаққа қарай аң аулап, саят құруға шығады. Бұл сапарында оның қасына бір түмен (10 мың) құсшы ілеседі. Олар сұңқар, қаршыға бастатқан аушы құстарды алып жүреді. Әрбір құсшы құс қауырсынды бас киім киіп, қолындағы құсының аяғына өз аты жазылған сақина тағады», деп жазады.

Сол сияқты, «Моңғолдың құпия ше­жі­ресінде» қият-боржыған руының рә­мі­зінде сұңқар суреті салынғаны жайлы айтылса, Ішкі Моңғолия жеріндегі Арғы Цайдамдағы ежелгі ғұн кешеніне жүргізілген қазба кезінде ақсүйектерге тән алтын тәж табылған болатын. Осы құнды жәдігердің маңдайына сұңқар құстың бейнесі салыныпты.

Орта ғасырда әлемді жаулап алған моң­­ғол империясының билеушілері бағы­ныш­ты елдерге сұңқар салығын енгіз­ген. Мысалы, Корея елі қаған ордасына жыл сайын мыңдаған сұңқар тектес ұсақ қыран жіберіп тұрса, орыс князі ІІІ Иван 1491 жылы Ордамен жасасқан шартында жыл сайын салықпен қоса ақсұңқар құсын тапсыратын болған.

Ал қыран құспен аң қағу жайлы қазақ фольклорында көптеген дерек барын өзіңіз де білесіз. Тіпті Абылай заманында хан ордасына қарасты 500 бүркіт, 300 қаршыға болғаны туралы орыс деректерінде жазулы тұр.

– Кәнігі құсбегілердің бүркітті баптау және жемдеу тәсілдері туралы мә­лі­меттер болса, тарқатып айтып көрі­ңізші?

– Байөлкелік құсбегілер: Бәйтей Баби, Асылбек Мана, Далайхан Бошай, Шай­мұрат Асқабыл, Оралды Жаңқабай, Серік Жеңісбек, Айшолпан Нұрғайып және басқа да бүркітшілермен жата-жастана әңгімелесе жүріп, кітапқа енгізген деректер негізінде жауап берейін.

Бүркіттің аңға түсуі және бабының қануы оның жеген жемі, яғни тамақтануына тығыз байланысты. Кәнігі құсбегілер «тоқ бүркіт түлкі алмайды» дейтін қағиданы бе­рік ұстанып, құсына жем беру тәсілін ше­бер меңгерудің арқасында аңшылық құ­рады. Жемі сәйкеспесе бүркіттің күйі кел­мейді. Күйі келмеген бүркіт аңға түспейді.

Бүркітті жемдеу деп оны семіртіп, ары­тып, ішін тазалап, етін қатыруды айтады. Бұл тәсілдерді құсқа жемді аз немесе көп беру арқылы жүзеге асырады. Бүркіт негізінен етпен қоректенеді. Кейбір кездерде қажеттілікке байланыс­ты бүркітіне балық, болмаса құстың етін жегізетін де бүркітшілер бар.

Аңшылық маусымы тоқтаған жаз мез­гілінде түлеп отырған бүркітті тез се­мірту үшін майлы, құнарлы, тоқ жем береді. Ал қайыру кезінде жемнің түрін өзгертіп, майсыз, арық, құнарсызын береді. Сонар басталған аңшылық кездері, яғни қыс ай­ларында бүркіттің бабына қатысты құ­нарлы, құнарсыз әртүрлі жем беріп, бап­тай­ды. Яки, бүркіт әлжуаздана бастаса, май­лы ет беріп қуаттандырады, ал құс тым тоқ болса, құнарсыз ет беріп, ашықтырады.

Бүркіт жеген жеміне сай бабы қанып, зар күйіне келеді. Сондықтан да бүркіт­ті жемдеу мәселесі – құсбегіліктің аса бір маңызды қыры саналады. Тәжірибелі бүр­кітшілер құсына «жылы жем» берген­ді құптайды. Жылы жем деп жаңадан ұс­таған қоянның етін айтады. Сондықтан да, байырғы құсбегілер қолындағы құсына осы жемнің түрін тұрақты беріп отыру үшін, қосымша қаршыға, сұңқар, лашын сияқты қояншыл құстарды қосып асырайтын дәстүр бар. Бұл шағын құстарды жас құсбегілер баптап ұстап, қоян алдырады және құсбегілік өнерін үйренеді.

Бүркіттің жеміне – қой, сиыр, жыл­қының еті сапалы саналады да, ешкінің еті берілмейді. Дала аңдарының ішінен – сасықкүзен мен мәліннің етін бүркітке жегізуге болмайды. Өйткені бұндай еттер құсты бұзады. Құсбегілер түлекте отырған бүркітке суырдың етін бергенді құп көреді. Егер құс түлемей кешіксе, оған семіз балық жегізеді. Бірнеше дүркін тойып балық жеген құс жүні кеуіп, тез түлейді. Малдың етін бүркітке жапырақтап турап береді. Көбінде малдың сан етін жегізеді. Ескірген немесе ауырып өлген малдың етін бүркітке беруге болмайды.

– Қыран құсты аңға салу туралы не айтасыз?

– Құсты әбден қолға үйретіп алған соң аңға салады. Бапсыз бүркіт аңға түспейді. Сондықтан оны баптап, баулиды. Құс әртүрлі болады. Кейбірі тым күйшіл, бапшыл келеді. Оны айыра білу құсбегінің міндеті. Тәжірибелі құсбегілер түлек кезіне қатты мән береді. Жақсы түлеген құстың жүні жетіліп, ақсүйектеніп әлденеді, сыртынан қарағанда құлпырып тұрады, жүні толық жетіледі. Жүні жетілген құс суыққа тоңбайды.

Көбінде құсты жаз айында түлетеді. Ол үшін бүркітті таза бұлақтың басына байлайды. Шымды саздан жұмсақ тұғыр жасап отырғызып, қара тұяғын жетілдіреді. Одан кейін тас тұғырға отырғызып, тұяғын қатайтып, шымырландырады. Сосын қайырады. Қайыру кезінде жемнің май-сөлін арылтып, суық суға салып ақжем етіп береді. Жемнің құнары аз болған сайын дұрыс саналады.

Құсты қайырған кезде арықтатып алудан сақтанған жөн. Арық бүркіт әл жинай алмай қалады. Қайыру қырық күнге созылады. Қайыруы сәйкесіп, бабына кел­ген құстың күйін тәжірибелі құсбегілер ажарына қарап біледі. Бабы келген бүркіт­тің төс еті жұқарып, саны сыртқа теуіп, ұм­сынып, жұтынып отырады. Қайыруы кем бүркіттің саңғырығы көгілдір тартып тұрады. Саңғырығы ағарып тазарған құсты бүркітшілер «талпынды» дейді. Кейбір күйшіл құстарды тыңайту үшін қойдың жауырын және мойын етін жегізеді. Оны «мойынға қондыру» деп атайды.

– Бүркіттің аң ілу амал-айласы туралы не білесіз?

– Әрбір аң бүркітке оңай алдырмайды. Оның да табиғи қарсыласу тәсілі болады. Қорқақ қоянның өзі қашып бара жатып үстінен бүркіт төніп келген де інге кіреді, қуысқа тығылады. Немесе бүркіт шүйіліп келіп сыпыра бергенде, бұлт беріп, құстың үстінен секіріп кетеді. Егер қатты тар жер болса бүркітті тас қаптырып, өлімге душар етеді. Еңіске қарай қашса бүркітке тез тұтылатынын білетін қоян әлбетте өрге қарай салады. Қоянды ұстау үшін де бүркітке өте ептілік керек.

Бабы қанған құс қасқырға түседі. Қасқыр түлкідей емес аңғал, алаңғасар келеді. Бастабында не болғанын түсінбей, тұмсығынан шеңгелдеп алған бүркіттен құтылу үшін секіріп, тулай береді. Алда-жалда бүркіттің шеңгелі босап кетсе, дереу боршалап өлтіреді. Сондықтан да алғыр қыран қасқырды шеңгелдеген күйі көзін шығаруға тырысады. Ең бастысы құсының қасқырға түскенін білген құсбегі дереу жетіп, қолындағы жарақпен түз тағысының шабын немесе ішін жарып көмектеседі.

Үйретілген бүркіт қоңыр аңдарға да (бұғы, марал, киік, тауешкі, т.б) түседі. Көбінде биік құз-шағылдардың бетінде, тасқа шығып, серейіп тұрған сәтінде қоңыр аңды қатты тебінмен түйіліп келіп соғып, тастан құлатып жібереді. Кәнігі құсбегілер бүркітті қайырып баптаған кезде, елік, арқар, тауешкі сияқты қоңыр аңдардың өлі басын алып келіп, екі мүйізінің арасына ет байлап, оны жегізіп дәніктіреді. Кейін аңға салғанда дәніккен құс үйренген әдетімен қоңыр аңның басына келіп қонады да, оның екі көзін шоқып алады. Соқыр болып қалған аң ұзай алмай айналып тұрып қалады.

Одан кейін бүркітке оңай алдырмайтын аңның бірі – ұлар. Бүркіт шүйіліп келіп қалған кезде ол құйрығын дөңгеленте жайып, басын жауып, бұға қалады. Бүркіт ұлардың құйрық қауырсынын сыпыра уыстап, қапы қалады. Үкіні бүркіттің бірі алса, енді бірі ала алмайды. Оның қауіпті қа­руы – инедей өткір тұяқтары. Сол тұяқ­тары­мен шеңгелдеп бүркіттің денесін жара­қаттап, жемсауын жарып жібереді. Көбінде бүркіт оны ұшып жүрген кезінде екі аяғын бір аяғымен қабаттай бүріп, шеңгелдеп ұстайды.

Бүркітке мәлінді ұстау өте қиын. Мәлін­нің тұлыбы кең, майы қалың болады. Терісі көлкілдеп бос жатады. Бүркіт келіп ұстағанда мәліннің мойны бас терісі­нің ішінен айналып кіріп кетіп, аузы­мен бүркіттің аяғын шайнап тастайды. Мәлін­нің тістеген жері мен жарақаты көзге біліне бермейді, бірақ соңынан бітеу жараға айналып, уыттанып, асқынып бүркітті өлімге де соқтырады. Оның өткір тістерінің уыты күшті болады. Мәлінді білетін алғыр бүркіттер оның аузын бүре ұстап, өлтіреді.

 

Әңгімелескен –

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Астана – Ұлан-Батыр – Астана