Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Аталған зерттеу аясында жүргізілген әлеуметтік сауалнамада «Жақындардан көмек алу ықтималдылығы» және «Жақындармен қарым-қатынас жиілігі» деген сұрақтар болды. Оларға оң жауап берген респонденттер, негізінен, экономикасы дамып, тұрғындарының қаржылық жағдайы жақсарған өңірлерде алдыңғы жылғымен салыстырғанда едәуір көбейген. Мысалы, әл-ауқат деңгейі 10 балдық көрсеткіш бойынша 5,42 балдан 6,97 балға дейін жоғарылаған Қызылорда облысында адамдардың өз жақындарынан көмек алу ықтималдылығы 87 пайыздан 95,6 пайызға дейін артқан. Сыр өңірінде туыстарымен жиі және әрдайым қарым-қатынас жасайтын респонденттер қатары да 78,2 пайыздан 81,5 пайызға дейін қалыңдаған.
Әл-ауқат деңгейі 5,74 балдан 6,38 балға дейін көтерілген Астана қаласы тұрғындарының жақындарынан жәрдем алу мүмкіндігі 91,1 пайыздан 94,2 пайызға дейін ұлғайған. Елордада туыстарымен жиі және үзбей қарым-қатынас жасайтындар саны да 57 пайыздан 63,4 пайызға дейін көбейген.
Әл-ауқат көрсеткіші 5,44 балдан 5,55 балға дейін, яғни сәл жақсарған Павлодар облысында жақындардан көмек алу ықтималдылығы 89,3 пайыздан 93,6 пайызға дейін артқан. Туыстарымен жиі әрі ұдайы байланыста болатын павлодарлықтар үлесі 59 пайыздан 84,8 пайызға дейін көбейген.
Әл-ауқат деңгейі 5,8 балдан 5,98 балға дейін көтерілген Алматы қаласында өз жақындарынан көмек алуға болады деп санайтын респонденттер саны 90,3 пайыздан 92,9 пайызға дейін артқан. «Оңтүстік астанада» туыстарымен жиі және үзбей араласатын адамдар 62,1 пайыздан 78 пайызға дейін көбейген.
Әл-ауқат деңгейі 5,27 балдан 6,91 балға дейін жоғарылаған Жамбыл облысында жақындардан көмек алу ықтималдылығы 86,1 пайыздан 91,8 пайызға дейін артқан. Туыстарымен жиі және ұдайы қарым-қатынас жасайтын жамбылдықтар үлесі 68,9 пайыздан 85,8 пайызға дейін артқан.
Бұл ретте бір назар аударарлық жайт – тұрғындарының қаржылық жағдайы жақсарғанымен, жақындарынан көмек алу ықтималдылығы төмендеген өңірлер де бар. Мәселен, былтыр Маңғыстау облысы тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 5,9 балдан 6,6 балға дейін артқан. Алайда әулиелі өңірде қаржылық қиындықтарға тап болған адамдар қатары әлі де қалың. Сондықтан да жақындарынан көмек алу мүмкіндігі бар респонденттер саны 88,5 пайыздан 45,9 пайызға дейін құлдыраған. Туыстарымен жиі және үзбей қарым-қатынас жасайтын маңғыстаулықтар қатары да 70,9 пайыздан 37,2 пайызға дейін кеміген.
Атырау облысы тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 6,24 балдан 6,92 балға дейін жақсарып, күн көруі қиын адамдар саны 1,7 есе азайғанына қарамастан, жақындарынан көмек алатын адамдар үлесі 91,8 пайыздан 82,4 пайызға дейін төмендеген. Жақындарымен жиі және ұдайы қарым-қатынас жасайтын атыраулықтар саны да 76,1 пайыздан 66,8 пайызға дейін азайған.
Батыс Қазақстан облысының да экономикалық жағдайы жақсарып, тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 5,9 балдан 6,4 балға дейін артқанымен, Жайық өңірінде қаржылық қиындықтарға тап болған адамдар 1,2 есе көбейген. Соның салдарынан жақындарынан көмек алуы мүмкін адамдар үлесі 91,8 пайыздан 88,4 пайызға дейін кеміген. Ал туыстарымен жиі және ұдайы қарым-қатынас жасап жүрген батысқазақстандықтар үлесі 69 пайыздан 72,9 пайызға дейін көбейген.
Абай облысында тұрғындардың қаржылық әл-ауқаты 5,76 балдан 6,85 балға дейін жақсарғанымен, жақындарынан көмек ала алатындар саны 87,2 пайыздан 84,7 пайызға дейін азайған. Ал жақындарымен жиі және тұрақты байланыс орнатқандар саны 57,3 пайыздан 69,4 пайызға дейін ұлғайған.
Кей өңірде тұрғындардың әл-ауқат көрсеткіші төмендегенімен, жақындарынан жәрдем алу мүмкіндігі артып, туыстық байланыстары нығая түскен. Мысалы, былтыр Ұлытау облысының экономикалық жағдайы нашарлап, әл-ауқат деңгейі 5,9 балдан 5,73 балға дейін төмендеген. Соған қарамастан, ұлытаулықтардың туыстарынан көмек алу мүмкіндігі 86,7 пайыздан 87,7 пайызға дейін артқан. Жақындарымен жиі және тұрақты қарым-қатынас жасайтындар саны 63,3 пайыздан 67,9 пайызға дейін көбейген.
Тұрғындарының әл-ауқаты төмендеген өңірлердің ішінде, әсіресе Ақтөбе облысында қалыптасқан жағдай күрделі. Өткен жылы ақтөбеліктердің қаржылық жағдайы 6,11 балдан 4,6 балға дейін нашарлаған. Ауылда осы көрсеткіш 6,13 балдан 1,58 балға дейін күрт төмендеген. Соған байланысты жақындарынан жәрдем алу мүмкіндігі бар адамдар саны 90,1 пайыздан 48,2 пайызға дейін құлдыраған. Туыстарымен жиі және үзбей байланыс жасайтындар да 74,7 пайыздан 45,2 пайызға дейін азайған.
Ақмола, Жетісу, Қостанай облыстарында тұрғындардың әл-ауқат деңгейі біршама төмендеп, жақындарынан жәрдем ала алатын адамдар саны сәл азайғанымен, туыстарымен жиі және үзбей байланыс жасайтындар қатары едәуір қалыңдаған.
Мегаполистердің ішінде тек Шымкент қаласы тұрғындарының әл-ауқат деңгейі 6,47 балдан 6,08 балға дейін төмендеуіне байланысты жақындарынан жәрдем алу мүмкіндігі бар адамдар саны 91,9 пайыздан 82,6 пайызға дейін азайған. Туыстарымен жиі және ұдайы байланыс жасайтын шымкенттіктер қатары да 68,9 пайыздан 63,4 пайызға дейін селдіреген.
Экономикалық зерттеулер институтының «Өңірлердің әл-ауқат индексі» зерттеуінің нәтижелері тұрғындарының жақындарынан көмек алу ықтималдылығы төмендеген және туыстарымен қарым-қатынасы нашарлаған өңірлердің басшылары мен зиялы қауымын ойландырса, игі. Өйткені ежелден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, кеңес заманындағы жаппай қуғын-сүргін кезінде жер аударылып келген талай этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алып, қолында барын бөлісіп, аштықтан аман алып қалған халқымыздың бүгінгі ұрпағы бойына ата-бабасынан дарыған қайырымдылық сынды асыл қасиетін қастерлей білгені абзал.