
Бұл колледждерді жөндеуге, материалдық-техникалық базаларын жабдықтауға, мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттерін ашуға жұмсалады. Атқарылатын жұмыстар қатарында «Кәсіби бағдар беру педагогі» штат бірлігін енгізіп, жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін түрлі іс-шараларды жүзеге асыру да бар. Колледждерге кәсіпорындардан өндіріс шеберлерін тартып, шетелдіктерді жергілікті кадрлармен алмастыру да ойластырылған.
Алда ірі кәсіпорындар мен орта бизнес өкілдерінің қатысуымен тоқсан сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Осы күні жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуға ниетті 9-сыныпты бітірушілерді 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамтуға 5308 орын мемлекеттік тапсырыс бөлуге құжат әзірлену үстінде. Колледждерді үздік бітірген 100 студентке тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама беруге аймақтағы ірі кәсіпорындарымен арнайы келісім жасалады.
Қоғамда еңбек адамына құрмет қалыптастырып, жұмысшы мамандықтарын насихаттау, беделін көтеру, жастардың қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстар Сырда осылай жүзеге асады.
Осы күні өңірдегі колледждерде 97 мамандық, 158 біліктілік бойынша еңбек нарығына қажетті кадрлар даярланып келеді. Атаулы жылға жоспарланған жұмыстар аясында жобалық кеңсе жасақтап, аймақтық штаб құру, «Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында «Жұмысшы мамандықтар жылының» салтанатты ашылуын ұйымдастыру бар.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласын трансформациялау оқу орнының сапасына оң әсер ететіні анық. Дуалды оқыту, модульдік білім беру, халықаралық стандарттарға сай, еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие жұмысшы мамандар даярлаудың бұл бастамасы өңірдегі кәсіптік білім беру деңгейін арттыра түседі.
Қызылорда