Құқық • Бүгін, 08:50

Жұмыскер құқын қорғайтын қадам

18 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әдетте ресми жұмыспен қамтуды кейбір жұмыс беру­шілер ұйымның таза кірі­­сін төмендететін қосым­­ша шығын ретін­де қабыл­дайды. Тәжірибе мұндай жұмыс беруші­лер­дің еңбек қаты­­на­сында өз ережелерін орнататынын көр­сетіп отыр. Сол тұр­­ғыда елімізде енгізіліп жат­қан Жосық­сыз жұмыс берушілер тізілімі еңбекші мүддесін қорғаудың, жұ­мыс беруші­­лердің еңбек заң­на­масын сақтауына қо­ғамдық бақылауды кү­шей­­­ту­дің, сала кодексін бұзу жайт­тарын жария ету­­дің сенімді құралы бол­мақ.

Жұмыскер құқын қорғайтын қадам

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің соңғы дерегіне қарағанда, өткен жылы 300-ге жуық кәсіпорынның жалақыға қатысты берешегі анық­талып, 19 мыңға жуық қыз­мет­кер­дің қолына жалпы сомасы 4,4 миллиард теңге тимеген. Сондай-ақ тексеру барысында әртүрлі ұйымдарда 7,5 мыңнан астам еңбек құқықтарының бұзылғаны белгілі болды. Бұл сандар тек ресми деректерді көрсететінін ескерсек, нақты статистика одан да күрмеулі болуы мүмкін. Әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып, азаматтардың жұмыстағы әділетсіздікке, жоға­­ры тарифтерге, қауіпсіздік тех­ни­­касының бұзылуына, тағы басқа проблемаларға қатысты өтініштерін қараумен белсенді айналысып жүрген «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының мәліметінше, жұмыс берушілер тарапынан негізінен жалақыны төлемеу немесе кешіктіру сынды бұзушылықтар жиі кездеседі (арыздардың шамамен жартысы, яғни 42 пайызы). Сол секілді декреттік, демалыс, басқа да жәрдемақыларды кешіктіру немесе төлеуден бас тарту фактілері де тоқтар емес. Бір ғана қараша айын­­­­да Қорға жұмыс берушілердің уәдесіне иланып, ауа қармап қалған 200-ге тарта адам жүгінген.

Осыған байланыс­ты еліміз­де алғаш рет іске қосы­лып отырған Жосықсыз жұмыс берушілер тізілімі­нің мәні – қызмет­кер­лері­нің еңбек құқығын жүйелі түрде бұзатын ұйымдарды ар­найы мәліметтер базасына ен­гі­зіп, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауға жауапкершілігін талап ету. Жосықсыз жұмыс берушіні нысанаға алып отырған қоғам­дық бақылаудың жаңа құра­лы алғашқы тізімді қазірдің өзін­де жариялауға ниетті. «Қара тізімге» жұмысшының Еңбек кодексінің 22-бабында қарас­­­ты­рылған құқығын бұзған кез келген жұмыс беруші кіруі мүмкін. Оған жалақының кешік­тірілуі, қауіпсіздік техникасын сақтамау, жұмыс тоқтап тұр­ға­ны үшін ақы төлеуден бас тарту, төленетін еңбек демалысын бермеу, жұмыстан заңсыз шығару сынды жағдайлар себеп бола алады. Қолында еңбек шарты болмаған жағдайда да жұмысшының Еңбек кодексінде қарастырылған құқықтары бар. Еңбек құқығының бұзылуы жайлы ақпаратты жұмыскер, ұжым, БАҚ, билік органдарының өкілдері, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар, оқиға куәгері де ұсына алады. Сөйтіп, еңбек­ші құқығын аяқасты еткен компа­нияның атауы мен жетекшілерін дүйім ел білетін болады.

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедованың пікірінше, мұндай құралдың тиім­ділігі еңбек құқығы бұзыл­ған жұмысшылар мен осы мәселеге бейжай қарамайтын азаматтардың белсенділігіне бай­ланысты. Қазіргі уақытта Қор әр өңірде салалық, аумақтық, жергілікті кәсіподақтармен меморандумдар жасаған. «Реестр – жай ғана тізім емес, жұмысшы құқығын қорғаудың нақты мүмкіндігі. Әлеуметтік әділдікті көздейтін бастама әр адамның еңбегі бағаланатын қоғам құру, құқықтық мәдениетті нығайту жолындағы қадам боларына се­не­­міз», дейді ол.

Тізілімнің ашықтығы мен ондағы ақпараттың қолжетім­ді­лігі еңбек нарығының тазаруына ықпал етеді. Мысалы, оны жұмыс іздеп жүрген үміткерлер беделі нашар ұйымдардан аулақ болу үшін, мемлекеттік органдар еңбек ережелерін сақтауды бақылауды күшейту үшін қолдана алады. Жұмыскер өз құқығын қорғауға үйренсе, бизнес адал нарықтық орта құруға ұмтылады.

Десек те, бұл құрал еңбек заңнамасын бұзу жағдайларымен кү­рес­те тиімді болсын десек, оны одан әрі жетілдіру қажет. Айта­лық, мекемені тізілімге енгізу барысында еңбек инспек­ция­ларының жеткіліксіз іс-қи­мы­лы, жұмыс берушіге ық­палды экономикалық санк­ция­лар­дың салынбауы оның тиім­ділігін төмендетуі ықтимал. Яғни келешекте тізілім функция­ларын кеңейтуге, оның техно­логиялық базасын жақсар­ту­ға, барлық мүдделі тараптар үшін қолжетімділікті арт­ты­ру­ға ден қойылғаны дұрыс. Оның қатарында тізілімге ен­гі­­зілген кәсіпорындар үшін жауап­­кершілік деңгейін арттыру, мемлекеттік органдар мен кәсіподақ­тар арасын­дағы ынты­мақ­тастықты жақсарту, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу сынды кешенді іс-шаралардың біртұтас қамтылғаны маңызды.