Қоғам • Бүгін, 11:51

Зағип жандардың ақпаратқа қолжетімділігі жеңілдейді

9 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Палата депутаттары «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Зағип жандардың ақпаратқа қолжетімділігі жеңілдейді

Фото: 24KZ

Айта кетейік, Қазақстанның Марракеш шартына қосылуы көру қабілеті нашар адамдарға арналған кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарына қолжетімділікті кеңейтуге, сондай-ақ, қоғамның мәдени және әлеуметтік өміріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, аталған санаттағы адамдар үшін қолжетімді форматтарда жасалған туындылардың даналарымен халықаралық алмасуды жүзеге асыруға жол ашады.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кұқықтарын қорғау және оларға тең мүмкіндіктер қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Осы ретте, қаралған шарттың ережелері көру қабілеті бұзылған адамдардың әдеби және көркем туындыларға қолжетімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, келісім аясында тараптар арасында қолжетімді форматтағы даналармен алмасу және оларды импорттау тетіктері қарастырылды. Мақұлданған заң елімізде инклюзивті орта қалыптастыруға оң үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында сенатор Сұлтан Дүйсембинов Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ол Қонаев қаласының инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етуге қажетті мақсатты қаржыландырудың жоқтығына назар аударды. Осыған байланысты депутат 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезінде республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер қарастыруды ұсынды.