
Жалпы Атыраудың Махамбет атындағы драма театрында кейінгі жылдары жан-жақтан режиссер шақырып, түрлі бағыт пен қолтаңбада қойылым қою үрдісі қалыптасқаны қуантады. Өйткені облыстық театрлардағы түйткілді мәселелердің көпшілігі осы өз қазанында өзі қайнап, сыртқы тәжірибелерден бойын аулақ ұстауында жатса керек. Ал шығармашылық ұжым үшін тәжірибе алмасудың маңызы да, мәні де зор. Өнердегі аталған қағида мен құндылықтың маңызын тереңнен ұғынған театр директоры Сағынтай Көпжасаров пен көркемдік жетекшісі Темірбек Мұхтаров театр ішінде бір жыл бойы ауыз толтырып айтарлық ауқымды жобалар мен тұшымды тәжірибелердің жүзеге асуына ұйытқы болып үлгерді. Атап айтсақ, Алматыдан Жұлдызбек Жұманбай, Елік Нұрсұлтан сынды талантты жас режиссерлерді театрына шақырып, әртістердің өзге режиссерлік қолтаңбаның ерекшелігіне бойлап, шығармашылық шеберліктерін шыңдауға тамаша мүмкіндік алды. Біз тамашалаған «Қасым хан» тарихи драмасы да осы театр басшылығының тәжірибе мен сынға деген ашықтығының айқын айғағы болса керек.
Театр ұжымының «Қасым ханды» қойғалы жүргенін айтқанына да біраз болған. Бірақ нақты премьера күнін бекітуге келгенде көп ойланды. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Өйткені тарихи тақырып қою – қашан да тәуекел. Міне, сөйтіп көптен күткен күнге де жеттік. Махамбет театры ақыры тәуекел деп театрдың бір жылдық жетістіктерін ауқымды тарихи драма – «Қасым ханмен» қорытындылауды хош көріпті. Ол жаңалығын театр сыншылары мен мамандарына қуана хабарлап, премьера күні барлығымызды Атырау төрінде қарсы алып, батыр есімін иеленген қасиетті қара шаңыраққа бастап әкелді.
«Өздеріңіз де білесіздер, Қасым хан туралы дерек жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан да көп қаламгер бұл тақырыпқа батылы барып бірден кірісіп кете алмады. Ойлана келе театрымызда бірнеше жыл басшы болып қызмет атқарған, Махамбет театры ұжымының шығармашылық әлеуетін жақсы білетін Асылбек Ихсан ағамызға қолқа салдық. Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сарайшықтың түбінде тұрып, Қасым хан туралы қойылым қоймауымыз біз үшін үлкен сын болар еді», деді ағынан жарылып қойылым алдында сөз алған театр директоры Сағынтай Көпжасаров.
Пьеса жазылып болған соң ауқымды қойылымға режиссер ретінде театр әлемінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшелініп жүрген жас режиссер Елік Нұрсұлтанды М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрынан шақырумен алдырыпты. Сценографиясын жасаған Мұрат Сапаровтың да Алматыдан арнайы ат арытып жеткені бекер болмаған екен. Шымылдық ашылғаннан-ақ бірден өзіне баурап ала жөнелетін салтанатты декорация бірден оқиға ішіне жетелей жөнелді.
Иә, айналасына сөзбен айтып жеткізгісіз салтанатымен мәшһүр болған Сарайшықтың бар әсемдігі мен инфрақұрылымын, қала атмосферасын шынайы жеткізуде сахна суретшісі сәтті қадамдарға барған. Туған халқының өткеніне бейжай қарамайтын әрбір қазақ үшін бұл қала өзінің тағылымды тарихымен, өрелі өркениетімен, сәнді сәулетімен бағалы, талай марғасқа хандар мен апайтөс батырлар тұлпары тұяғының дүбірі тиюімен қастерлі. Сан ғасыр салтанат құрған Мөңке Темір, Тоқтағұл, Жәнібек – Жошыдан тараған Алтын Орданың хандарынан бастап, Қасым ханның қасқа жолына куә болған киелі шаһарды бейнелеуде, әрине, кәсіби шеберлік пен терең білім де қажет. Қуанышымызға орай, ондай көрегендік һәм сұңғылалық сахна суретшісінің бойынан табылды. Сценограф Мұрат Сапаровтың спектакль режиссері Елік Нұрсұлтанмен үндесіп, сәтті тоғысқан шығармашылық тамаша тандемі бір сәтке көрерменін тарих тұнған салтанатты Сарайшыққа жетелеп әкелгендей болды.
Сценографияның тағы бір ерекшелігі – қойылым безендірілуін барынша азмүліктілікке, яғни минимализмге құрған. Сахна төріндегі бар салтанат сыйған алып қабырға-қамал мен тарих пен танымды қатар сөйлеткен лед экраннан өзге кеңістіктің барлығы әртістердің ойынына арналған. Режиссердің де спектакль формасымен қатар актерлер шеберлігін барынша жан-жақты қырынан ашуды көксегенін көрдік. Нәтижесінде, реквизит пен бутафор емес, негізгі екпін әртістердің ойынына түскен. Біз де жиі қауыша бермейтін Махамбет театры актерлерінің кәсіби мүмкіндігін көріп, танысуға тамаша мүмкіндік алдық.
Спектакльге келмес бұрын әдеби нұсқа – Қасым хан туралы су жаңа пьесаның өзімен танысып шыққанымыз бар еді. Оқып отырып, әрине, тарихты тереңнен қазбалап, оқиғаны тым әріден өрбіткен драматургиядан шашыраңқылық байқағандай болып, әуелде біраз алаңдағанымыз да жасырын емес. Бірақ премьера күні шымылдық түріліп, спектакль басталған сәтте-ақ режиссердің тарихи туындыға тән сәтті форма таба алғандығын көріп, қорқынышымыз сол сәтте-ақ сейіліп сала берді. Қасым ханға дейінгі көп ханның тағдыр-талайын толғамай-ақ, режиссер бірден бас кейіпкер өмірінің негізгі желісіне сәуле түсіреді. Сол арқылы Қасым хан тағдырының қыр-сырын жан-жақты зерделейді. Ол үшін сахна сайысы, келісті пластикалық шешім, көпшілік сахнаның ансамбльдік бірлігі, лирикалық сахналар, декорация мен жарықтың, музыка мен дәуір үнінің сәтті қабысуы сынды көркемдік тәсілдерді ұтымды сөйлетеді. Осы тұста, әсіресе сахна сайысын қойған кәсіби маман Еркін Мекебаев пен хореограф Мөлдір Қасымның еңбегін ерекше атап өткіміз келеді. Бұл қойылымның көркемдік шешіміне ғана әсер етіп қоймай, спектакль динамикасын да айтарлықтай ширықтырған. Кәсіби мамандар сахна мүмкіндігі көтере бермейтін шайқас даласындағы кейбір күрделі көріністерді шынайы жеткізуге осылайша сәтті жол таба білгендігін баса айтқымыз келеді.
Режиссер шешімі бойынша Қасым ханның кемеңгерлігі мен ерлігінен бөлек, негізінен қойылымда лирикалық бояуларға басымдық беріліпті. Ол үшін драматург пен режиссер ортақ шешіміге келіп, нәтижесінде Қасым ханның жүрегінде аялаған аруы – Шәпи Бану бейнесі қойылымдағы негізгі желінің бірі ретінде алға шығады. Драмалық қайшылық пен шиеленіс те негізінен осы қарым-қатынастар желісінен түзіледі. Сонымен қатар Қасым хан мен Мұхаммед Шайбани арасындағы қақтығыстар мен олардың аналары арасындағы ант та қойылымдағы шиеленісті ширықтырушы басты оқиғалар қатарында көрініс береді. Десе де екі күн қатарынан тамашалаған спектакльде драманың негізгі қозғаушы күші ретінде алынған осы бір аналар анты мен Қасым ханның сертке беріктігі көрінуі тиіс сахналар солғын шыққан, нақты екпін түсірілуге тиіс эпизодтар актерлік ойын барысында атүсті сарапталған. Ана бейнесін ашуда қос құрамдағы актрисаларға әлі де ізденіс қажеттілігі байқалды. Сол секілді Шапи Бану бейнесіндегі әртіс Ш.Күзембай ойынында да өсу аз, кейіпкерсындылыққа басымдық берген өнер иесі негізгі драмалық қақтығыстарды қалыс қалдырған. Соның салдарынан кейіпкердің ішкі қайшылықтар мен бейненің мінез бояуы солғындыққа ұрынған. Актриса бойынан драмалық өсу үдерісін көрмедік, яғни спектакль басында қандай сезімде жүрсе, қойылым соңында да дәл сол көңіл күйде рөлін түйіндеген сахнагер сараптауы әлі де ізденістерге сұранып тұр. Сол секілді Бұрындық хан бейнесі де кемеліне жетпей, келте қайырылған. Дұрысы, бейненің толыққанды ашылуына драматургияда мүмкіндік берілмеген. Салдарынан бас кейіпкер Қасым хан образы да солғындыққа ұрынған. Театрдың талантты актері Ғазиз Сұраппаев сомдаған бейненің әлі де бір қайнауы ішінде кеткендей әсер қалдырды. Рас, актердің сырқы фактурасы мен көркемдігіне, үн әсемдігіне ешкімнің де дауы болмаса керек. Бірақ Қасым хандай алып бейненің ажарын ашуда тереңдік пен ішкі рухтың мықты болуы да аса маңызды. Осы тұрғыдан келгенде Ғазизға әлі де тереңдік пен іргелі ізденістер қажеттілігі байқалды. Дайындыққа уақыттың тапшылығы салқынын тигізді деп әртісті ақтауға қанша талпынғанымызбен, біз ұзақ күткен Қасым ханның сахнаға да бабында шыққаны қандай жарасар еді деген тілектің де көкейде қылтиғаны жасырын емес. Осы тұста айта кетер тағы бір мәселе – ол әлбетте үн мен тіл мәселесі. Театр саласында жиі тілге тиек етіліп жүрген бұл түйткіл Махамбет театры актерлерінен де айналып өтпепті. Көрерменіне анық жетпей жатқан сөз бен үн бәсеңдігі театр актерлерінің сахна тілімен жіті жұмыс істеуі қажеттілігін байқатып қойды.
Ал керісінше, Мұхаммед Шайбани бейнесін қос құрамда кейіптеген актерлер Мырзабек Мақұлов пен Бақытжан Өтеғалиев сараптаулары көңілге құрмет орнықтырды. Екі күнгі ойында қос әртіс бір-біріне ұқсамайтын ерекше ойын үлгісін көрсетті. Мырзабек Мақұловтың кейіптеуіндегі Мұхаммед Шайбани әккі де әбжіл, сонысына қарамастан аңғалдығы да бар батырдың бейнесін сәтті сомдаса, Бақытжан Өтеғалиев ойынында Шайбани қызуқанды, эмоциясы мен энергиясы қатар шарпысқан қуатты бейнені өмірге әкеліпті. Драмадағы негізгі конфликтіні тудырып жүрген кейіпкерді шынай бейнелеуде қос актердің де ізденісі көңілге қонды.
Қойылымдағы режиссердің тағы бір табысы – көпшілік сахнаны ансамбльдік біртұтастыққа жеткізе білгендігі. Спектакльдің негізі атмосферасын тудыртушы ретінде көпшілік сахнаның өзін қойылымның бір бөлігі ретінде ойнатылуы да спектакльдің әсерлілігіне әсер үстегені сөзсіз. Қазақстан театр сыншылары бірлестігі тарапынан да қойылымның айтулы ерекшелігі ескеріліп, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Қасым хан» спектаклі «Үздік актерлік ансамбль» аталымында топ жарды.
Қойылымдағы және бір сәтті жұмыс деп спектакль композиторы Бауыржан Ақтаевтың да ізденісін атап өткіміз келеді. Тарихи тақырыптың мазмұны мен атмосферасын беруде Бауыржан шабытынан туған әуендердің де әсері зор болды. Бұл тұрғыдан келгенде театр ұжымының шығармашылық жұмысқа атүсті қарамай, спектакльдің әр бөлігіне зор жауапкершілікпен қарап, қойылым режиссері мен суретшісінен бастап, музыкасы мен биі, костюмі мен сахналық қимылына дейін жіті мән беруінің өзі аталған тақырыптың табысты игерілуіне жол салғаны анық. Өйткені «Қасым хан» – Махамбет театрындағы көптен күткен премьера! Асыл сүйегі хан ордалы Сарайшықта жерленген қазақтың қайсар ханы Қасым ханның күрделі бейнесі мен ұлт тарихының ең даңқты белестерін байыпты зерделей білген театр ұжымының еңбегі шын мәнінде құрметке лайық. Тарихты тану, тұлғаға құрмет осындай ауқымды қадамдардан басталса керек. Түрен салынбаған тың тақырыпқа батыл барып, соны сахнаға сән-салтанатымен абыройлы алып шыққан театр ұжымы мен күллі шығармашылық топқа қошемет дейік ендеше!
Р.S.: Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрындағы тағы бір сүйінші жаңалық – 17-18 қаңтарда драматург Әлішер Рахаттың қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов туралы жазған «Қыр баласы» қойылымы да көрерменін қуантуға дайын. Қоюшы режиссері – Шағуан Үмбетқалиев.
Тақырыпқа орай
Асылбек ИХСАН, драматург:
Драматургияда түрен салынбаған тақырып
Қасым хан туралы пьеса жазуға театр басшылығынан ұсыныс түскенде алғашында абдырап қалғаным рас. Себебі бұл тақырып қазақ драматургиясында әлі де түрен салынбаған тақырыптардың бірі ғой. Бірақ «жоқ» деп айта алмадым. Өйтуге намысым жібермеді. Өйткені Сарайшықта хандық құрып, сүйегі Сарайшықта жерленген Қасым ханды Махамбет театры қойса, қандай жарасымды! Сондықтан да бірден пьесаға кірістім. Архив ақтардым. Бірақ шыны керек, тарихи тұлға туралы дерек жоққа тән. Соған қарамастан «шешінген суден тайынбас» деп, осы пьесаны жазып шықтық. Режиссердің ұсынысы бойынша лирикалық бояуды қалыңдатып, қойылымға тарихи рух пен қатар романтикалық леп те сыйлағымыз келді. Өйткені көрермендеріміздің көпшілігі жастар болғаннан кейін әрі Қасым ханның адами қасиеттерін барынша жан-жақты қырынан ашуды көксегендіктен де осындай шешімге келдік. Өздеріңіз куә болғандай, Қасым ханның ерлігі мен қайраткерлігі, кемеңгерлігі мен көрегендігінен бөлек, махаббат, сезім жолындағы сергелдеңін де сараптауға ұмтылдық. Әрине, пьесаны әлі де байытуға болар еді. Әсіресе халықаралық деңгейдегі Қасым хан қайраткерлігі тереңнен ашыла түссе, қойылым бұдан да құндырақ бола түсері анық еді. Бұйырса, оны алдағы күндердің еншісіне қалдырайық.
Анар ЕРКЕБАЙ, Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің президенті, театртанушы:
Фильм көріп отырғандай әсер сыйлады
Әдетте тарихи спектакльдер қойылғанда музейлік деңгейде қалып қойып жатады. Ал бүгінгі спектакльден жаңашылдық лебін сезінгендей болдық. Жалпы ұзақтығы 1 сағат 40 минутқа созылған қойылымды көрермен екі күн қатарынан үлкен қызығушылықпен тамашалағанын көріп, шын мәнінде, қуанып шықтық. Себебі бүгінгі көрерменнің қызығушылығын тарихи тақырыппен жаулап алу – режиссер үшін де, жалпы театр ұжымы үшін де зор жетістік дер едім. Ең бастысы, спектакльдің формасы нақты, дәл табылған. Сахнада өтіп жатқан көріністердің динамикасы, көпшілік сахналардың әрекетті ойыны, музыка, жарық, пластикалық жұмыстардың барлығы – би болсын, сахна сайысы болсын кәдімгідей фильм көріп отырғандай әсер сыйлады. Бейне бір блокбастер, экшн тамашалағандай боласың. Қойылымнан сондай бір ерекше әсерде шықтым. Көп тарихи спектакльмен салыстырғанда «Қасым ханның» динамикасының әлдеқайда әрекетті болуы мені шын мәнінде қуантты. Қойылымның соңына қалай жеткенімді тіпті сезбей қалдым. Драматург пен режиссер ізденісі, тамаша тандемі тәнті етті. Әрине, басты рөлдегі кейіпкерлерге әлі де ізденіс, тереңдік қажет екені байқалды. Есесіне көпшілік сахнада жүрген әртістер ойынын айрықша атап өткім келеді. Жалпы, спектакль бар. Ұжымды ең әуелі осы табысымен құттықтаймын.
Бауыржан АҚТАЕВ, композитор:
Қазақтың бай мәдени мұрасының өзі көмекке келді
– Тарихи тақырыпқа тәуекел ету үлкен жауапкершілік қой. Бұл жерде ештеңені ойлап табудың қажеті жоқ. Қазақ даласында қандай кезеңде қандай оқиға болды, соған байланысты күй, жыр дайын тұрады. Еуропаның киносындағыдай бізде бәрі қиялдан шықпайды. Бұл қойылымда мен негізінен қазақтың бірнеше күйі мен жырын пайдаландым. Біріншісі – «Ел айырылған», екіншісі – «Ақ Жайық» әні және үшінші – Құрманғазының «Аман бол, шешем» күйі. Ана мен бала арасындағы байланыс, ханның адами қасиеттері тереңірек ашылсын деген ниетпен осы күйді пайдаландым. Аллаға шүкір, осы жағынан келгенде қазақтың бай мәдени мұрасының өзі көмекке келді. Аталған шығармалардағы зар мен мұңды сол күйі емес, тақырыпқа сай барынша заманауиландырдық, түрлі аспаптардың мүмкіндігімен байыттық. Лейтмотив қуған жоқпын, барынша кейіпкерлердің мінездерін ашу үшін әуен іздеп, сол тұрғыда шабытқа ерік бердім. Режиссердің ой, ұсыныстарымен де барынша ұғысуға ұмтылдым. Нәтижесінде, әуен де еш қиындықсыз төгіліп түсті.
Астана – Атырау – Астана