
Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Концертте ән өнерінің саңлақтары өнер көрсетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Толқын Забирова да арнайы келіп, ел алдында Бибігүл Төлегенова әуелеткен әйгілі «Гауһартасты», Латиф Хамидидің «Бұлбұлын» Тәттімбет атындағы халық аспаптары академиялық оркестрінің сүйемелдеуімен шырқады. Ол әнін әуелетіп болған соң, «Қарлығаш көмей құрбым-ау, Бір бұрау емес, мың бұрау. Қай күні, қандай Анадан, Бағына елдің тудың-ау?», деп басталатын мұзбалақ Мұқағалидың Бибігүл Төлегеноваға арнаған өлеңін оқып берді. Кеш иесін мерейтойымен құттықтап, «ән өнеріндегі ұстазым, анам» деп құшағына басты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысов бастаған жергілікті өнерпаздар Ескендір Хасанғалиевтің «Анаға сәлем» әнін орындады. Арқаның мақтанышы, талантты әнші Рысты Рақымжан Евгений Брусиловскийдің «Қос қарлығашын», Нұрғиса Тілендиевтің «Кел, еркем, Алатауыма!» әнін оркестр сүйемелдеуімен асқақтатты. Кеште кілең классикалық әндер шырқалды. Өнер көрсеткен таланттар сахнаға шығып, бұлбұл Бибігүлдің батасын алғандай әсер қалдырды.
Концерт соңына таман Бибігүл Төлегенова сахнаға көтерілді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кеш қонағының иығына құндыз жағалы камзол жауып, ықылас гүлін сыйлады.
– Сіздің шығармашылығыңыз Қарағанды өңірімен тығыз байланысты. 2007 жылы Қарағанды қаласында алғаш рет «Жұлдыздар аллеясы» ашылып, үлкен шығармашылық кешіңіз өтті. Сол жылы «Қарағанды – балалық шағымның куәсі» атты ретро фестивалінің тұсауын да кескен едіңіз. 2016 жылы қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 70 жылдық мерейтойына орай Астана, Қарағанды қалаларында, Қарқаралы ауданында жерлесіміздің мерейін асқақтатып концерт өткіздіңіз. Сізді 95 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Байтақ даламызды бұлбұл үніңізбен тербеп, ғасырға жуық уақыт бойы сахнада өнер көрсетіп келе жатқан дара тұлғасыз. Туған жеріңіз Семейден басталған мерейтойыңыз Астана, Алматы қалаларында өтіп, Қарағанды қаласында жалғасқаны біз үшін зор мәртебе! – деді аймақ басшысы.
Бибігүл Төлегенова да қарағандылықтарға басын иіп, жылы лебізін білдірді.
«95 жасқа келгенде Қазақстанды шарлау оңай емес екен. Бірақ мен сахнаның адамымын. Сахна – өмірімнің мәні. Дәл қазір осы сахнада жаным жадырап отыр. Қарағандыны ерекше жақсы көремін! Мұнда шахтаға да түскенмін, қойшылардың арасына да барып ән шырқағанмын. Арқадағы сіңлім Рымбала Омарбекова екеуміз біраз жерді шарладық. Баршаңызға бас иіп алғыс білдіремін, деді әнші.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтіні» рас-ты. Ғажап тебіреністен соң Бибігүл Төлегенова Александр Зацепиннің «Песня о весне» әнін шырқағанда халық демін ішіне тартты. Осы бір ғаламат сәтті тыңдарман ұзақ күткен еді. Әншінің өзі де Арқа даласында ән салғанды аңсап келгендей. Бұлбұл үнінен бұлтармас ырғақты, бұлжымас әуезді сезінген жұрт тік тұрып, қошемет қылды.
Қарағанды облысы