Байқау • 23 Қаңтар, 2025

«Ой шебері» зерделіні анықтайды

73 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында өңір басшысы Ербол Қарашөкеев 2025 жылы Жамбыл облысында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жүзеге асырылатынын хабарлап, оған өңірдің барлық санатындағы азаматы үлес қосатынын жеткізген еді. Жоба аясындағы іс-шаралар жыл­ бас­талған сәттен-ақ қол­ға алын­ғаны көңіл қуантып отыр.

«Ой шебері» зерделіні анықтайды

Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан

Облыс әкімдігінің білім басқарма­сы мен «Жамбыл облысы Азамат­тық Альянсы» заңды тұлғалар бір­лес­ті­гі­нің ұйыт­қы болуымен «Ой шебері» зият­керлік ойыны басталды. Іс-ша­раға бар­­лық аудан мен облыс орта­лығы Тараз қаласындағы мек­теп­тер­дің оқушылары мен олардың же­тек­шілері жұмылдырылды. Ұйым­дас­ты­­ру­шылардың айтуынша, ауқымды ­жобаға кітапқұмар жастардан құралған ­90 ­команда қатысып жатыр.

«Жергілікті қаламгерлердің шоқ­тығы биік шығармаларын жас буын­ның санасына сіңіру мақсатында ұйым­дастырылған зияткерлік ойын 6 кезеңді қамтиды. Білім алушылар Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», «Қызыл жебе», «Бір кем дүние», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» секілді туындыларын, Күләш Ахметова­ның бірнеше өлең жинағын оқиды. Сондай-ақ Жамбыл облысынан шық­қан өзге де ақын-жазушылардың шығарма­лары қамтылады. Білім алушылар оқыған кітаптарына қатысты нақ­ты сұрақтарға жауап беріп, көркем шығармаларды оқығанын дәлелдеуі керек», дейді ұйымдастырушылар.

Демеушілердің қолдауымен өткізі­летін әр кезеңнің жүлде қоры 1,2 миллион теңгені құрайды. Алғашқы кезеңде Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицей (Сарысу ауданы), Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-лицей (Байзақ ауданы), Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицей (Меркі ауданы) командалары үздіктер қатарынан көрініп, жеңімпаз атанды.

Ұйымдастырушылар келтірген де­рек­ке сенсек, ауқымды жоба жыл бойы жал­ғасады. Ал демеушілердің қаржы­лай қолдауымен қолға алынған жоба­ның жылдық жүлде қоры 18,8 млн тең­гені құрайды екен.

 

Тараз