
Суреттерді түсіргендер – Д.ЕРОФЕЕВ, Ж.МҰСАБЕКОВ
2030 жылға дейін облыс орталығынан тысқары жатқан шалғай ауылдарға газ жеткізіледі. Белгіленген жоспар шеңберінде 2024 жылы Көксу, Қаратал, Ескелді аудандары, Талдықорған қаласын алғанда, 11 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Жақында Ескелді ауданының Шымыр, Абай ауылдарына көптен күткен көгілдір отын барды. 5735 тұрғыны бар екі ауылдың тұрғындары газға қол жеткізді. Бұл облыстың газдандыру деңгейін 56,9%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта тағы 433 шақырымға газ тарату желілері салынады.
«Бүгінде Ескелді ауданының 14 елді мекені газдандырылды. Газға 39 мың адам немесе 10 354 абонент қол жеткізді. Көкжазық, Теректі, Қаратал, Жастар, Ақтасты ауылдарында газ желілерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Қайнарлы, Жалғызағаш ауылдарын газдандыру жұмыстары жоспарланған», деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бейісбаев.
Газдандыру жобаларын іске асыруға 2024 жылы облыс бюджетінен 12 млрд теңге, республикалық бюджеттен 6,8 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың күні бүгінге дейін 6 млрд-қа жуығы игерілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 5,2 млрд теңгенің 817 млн теңгесі жұмсалды. Қосымша қаржыландыру 10,4 млрд теңгені құрайды. Ол қаражаттың «Самұрық-Қазына» АҚ дивидендтерінен түсетінін атап өту маңызды.
Айта кетейік, Ескелді ауданының Шымыр, Абай ауылдарында газ құбырларын салу жұмыстары 2023 жылдың қараша айында басталған. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 47 км. 2024 жылдың қыркүйегінде 24 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға шарттар жасалды. Бұл инфрақұрылымды одан әрі жедел дамытуға мүмкіндік береді. Ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ету мақсатында тағы 18 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, олардың сараптамасы жаңа жыл қарсаңында аяқталды.
Тағы бір қуанышты жаңалық, Көксу ауданына қарасты «Қазақстан» ауылына газ келіп, тұрғындар көптен күткен көгілдір отынға көзайым болды. Осы күнге дейін жүзге жуық үй көмір жағып келген еді. Жалпы, Көксу ауданындағы 34 елді мекеннің 26-сы газдандырылады. Газға қосылған 18 ауылдың 3,5 мың тұрғын үйі көгілдір отын қызығын көріп отыр. Қалған 7 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Газ желілерінің құрылысын биылғы жылы кезең-кезеңмен аяқтау жоспарланған.
«Газдандыру жергілікті тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың одан әрі өсуіне қуатты серпін береді. Біз ауданның әрбір тұрғынына қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Газды қосу өңірлік инфрақұрылымды дамытуда, ауылдағы өмір сүру жағдайын жақсартуда шешуші рөл атқарады», дейді Көксу ауданы әкімінің орынбасары Мәди Карбаев.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 21 нысанның құрылысы жалғасып, тағы 42 нысанның құрылысы басталады. Мәселен, жыл соңына қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі 126 елді мекеннің барлығы газдандырылады. Соның нәтижесінде газға бес жүз мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 71,4%-ы қол жеткізеді.
«Бұл күнді жылдар бойы күттік. Бастысы, от жағу машақатынан құтылдық. Бұл жаңалық әсіресе үй шаруасындағы әйелдерді қатты қуантты. Өйткені олар енді отын тасу, күл шығару сынды жұмыстарынан арылады, тұрмыс-тіршілік жеңілдейді. Біздің қажеттіліктерімізге назар аударған аудан, облыс басшылығына рахмет», дейді ауыл тұрғыны Сапарғали Смағұлов.
Өткен жылы 19 тамызда басталған «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы да биыл аяқталады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекеніне газ желілерін тарту жобасы әзірленіп жатыр. 2029 жылға қарай барлық 192 елді мекенді газдандыру, 642 мыңнан астам тұрғынның немесе халықтың жалпы санының 91,9%-ының газға қол жеткізуін қамтамасыз ету жоспарланған.
Жетісу облысы