
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Былтыр қарашада Ұлттық банк «1,5 млн-нан аса азамат «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) заңнамасынан тыс криптоактивтердің жаһандық айналымына қатысуы мүмкін» деп мәлімдеді. Халықаралық мамандар ел азаматтарының не себепті криптовалюта ұстауы мүмкін екенін былай топшылайды.
Негізгі себептер:
- Криптовалюта капиталының артуы;
- Криптовалютаны спекулянттық және инвестициялық мақсатта қолдануға деген қызығушылықтың көбеюі;
- Бұл технология тиімділік пен ашықтықты арттырады деген сенім;
- DeFi арқылы жоғары табыстылыққа қол жеткізу мүмкіндігі.
2021 жылы қазанда биткоинның жаһандық хешрейтіндегі Қазақстан үлесі шырқау шегіне жетіп, 27,3 пайыз болған. Алайда елімізде майнингке шектеулер енгізіліп, электр энергиясын тұтынуға бақылау күшейгеннен кейін үлес біршама азайды. Қазір әлемдік хешрейттегі үлесіміз 4 пайыздың айналасында.
«Криптонарық көлемінің ұлғаюының тағы бір себебі – елдегі финтех сектордың қарқынды дамуы. Олар қазір заманауи банк қызметтерін, цифрлық төлемдер мен айырбастау операцияларын ұсынып отыр. Қазір банктік қызметтердің кірігуі – 81 пайызды, смартфондардың кірігуі – 83 пайызды, интернеттің кірігуі – 92 пайызды, қолма-қолсыз төлемдердің кірігуі 89 пайызды құрайды. Елде банк шотын ашу – 3 минут, цифрлық несиелеу – 2 минут, GovTech – 1 сағат (кешенді қызметтерді онлайн алудың орташа уақыты), халықаралық аударымдар 1 сағатта шешіледі», дейді сарапшылар.
Кейінгі жылдары АХҚО стейблкоиндар мен токендеу үшін қадағалаушылық база енгізгеннен кейін цифрлық активтерді пайдалану бойынша жаңа сценарийдің туындауына мүмкіндік берді. Сол кезде цифрлық теңге жобасының да енгізіле бастауы қаржы нарығындағы инновациялық үдерістерді жеделдетті.
АХҚО-ның цифрлық активтен түсетін жыл сайынғы салық түсімі соңғы жылдары тек өсім көрсетіп келеді. 2021 жылы – 7 мың доллар, 2022 жылы – 64 мың доллар, 2023 жылы – 275 мың доллар, 2024 жылы (қаңтар-тамызда) – 367 мың доллар. Майнинг пен майнинг-пулдан түсетін салық та солай: 2022 жылы – 10,1 млн доллар, 2023 жылы – 16,4 млн доллар, 2024 жылы (қаңтар-қазан) – 10,4 млн доллар.
2022 жылдың маусымынан 2024 жылдың 1 қаңтарына дейінгі аралықта АХҚО-дағы криптобиржалардың екінші деңгейлі банктермен ынтымақтастығы бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылды. Жобаға 6 криптобиржа мен 8 банк қатысты. Жобаның мақсаты – цифрлық активтермен іске асырылатын операциялар үшін нормативтік-құқықтық база қалыптастыру. Жобаға қатысқан, лицензиясы бар криптобиржалар – UpBit, Atai Eurazia, intebix, Binance, CaspianEx және Bybt. Ал қатысушы банктер – «ЦентрКредитБанкі», «Еуразиялық банк», Freedom Bank, Bereke Bank, Nurbank және «Заман банк». Жоба аясында 63 мыңнан астам транзакция жасалып, 239 млн доллар айналымда болып, 53 мың клиент қатысқан.
АХҚО-ның лицензияланған криптобиржаларында тіркелген пайдаланушылар саны 2023 жылы 53 мың болса, 2024 жылы 74 мыңға өсіп, былтыр жыл соңында 140 мыңға жеткен. 2024 жылдың соңындағы дерек бойынша, АХҚО-ның лицензияланған криптобиржалары мыналар – UpBit, Atai Eurazia, intebix, Binance, CaspianEx, Bybt, Delta Da, BigONE, Neyco, Swiftex, OnyxTrade және QazDi Limited.
«Цифрлық активтерді пайдалану бойынша жаһандық үрдістер – әлемдік қаржы жүйесіндегі трансформацияның айқын көрінісі. Блокчейн-технологиялар, нақты активтерді токендеудің енгізілуі және стейблкоиндер танымалдылығының артуы саланың айтарлықтай әлеуетін көрсетеді. Нормативтік базаны құру және дәстүрлі қаржымен интеграциялаудың нәтижесінде Орталық Азия өңірі белсенді даму жолына түсе алды», дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілі Талғат Аманбаев.
Афина Миао BigONE Exchange өкілі Афина Миаоның айтуынша, ең жиі кездесетін қиындық – банк қызметіне қолжетімділіктің төмендігі.
«Қазіргі уақытта банктердің барлығы бірдей цифрлы активтер саласындағы компаниялармен жұмыс істеуге дайын емес. Бізді олар тәуекелі жоғары клиент деп санайтындықтан бізге шот ашып беруде де қиындық көп. Тіпті іс біздің криптобиржаға ақша аудару кезеңіне жеткен күнде де кейбір банктер қолдау көрсетпейді, сөйтіп аударым тежеліп қалады», дейді Афина Миао.
Binance өкілдері де отандық криптонарықтағы басты кедергі ретінде банк жүйесімен интеграциялау үдерісін атайды.
«AFSA-ның биржа мен қамтамасыз етілмеген цифрлы активтер және екінші деңгейлі банктер арасындағы ынтымақтастықты жеңілдету үшін тиісті ережелер мен тетіктер әзірлегеніне қарамастан, енгізу үдерісі баяу жүріп жатыр. Банк секторымен интеграцияның шектеулі болуы криптобиржалар үшін фиат-крипто транзакцияларын өңдеуде үздіксіз жұмыс істеуді қиындатады», дейді мамандар.
130-дан астам ел цифрлы валюта мүмкіндіктерін зерделеп жатыр. Қанатқақты жобаны енгізген 36 елдің қатарында Қазақстан да бар. Еліміз цифрлы теңгені 2025 жылдың соңына қарай енгізбек. Қазір отандық банктердің клиенттері цифрлы теңгеге байланған виртуалды және пластик карталарды рәсімдей алады және оларды офлайн немесе онлайн сатып алу үшін пайдалануына мүмкіндік бар. Сондай-ақ Ұлттық банк қазір «Криптокарта» жобасымен де жұмыс істеп жатыр.
«Цифрлы теңгенің аясында «криптокарта» сценарийін дамытудың перспективасын көріп отырмыз. Осы тұрғыда, цифрлық валюталар дәстүрлі қаржы әлемі мен орталықтандырылмаған технологиялар арасындағы маңызды «көпір» бола алады, күнделікті өмірде цифрлық активтерді пайдаланудың қауіпсіз және ыңғайлы әдісін қамтамасыз етеді және екі қаржы әлемінің синергиясына ықпал етеді. Келер жылы жүйе толық дайын болады және «криптокартаның» алғашқы иелері оны сынақтан өткізе алады», дейді Ұлттық төлем корпорациясының басшысы Бинур Жәленов.