Қоғам • 24 Қаңтар, 2025

Қандас қаламгерлер қуанышы

88 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласында «Ұлы дала – 2024» жобасы аясында жеңім­паз деп танылған шетелдік қазақ ақын-жазушылар кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараны ұйымдастырған – Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» мен Қазақстан Жазушылар одағы.

Қандас қаламгерлер қуанышы

Жиында «Отандастар қоры» КеАҚ пре­зиденті Данияр Қадыров: «Ұлы дала» кітаптар сериясы жобасы 2023 жылы бастау алған. Содан бері шетелде тұра­тын қазақ қаламгерлерінің 20-дан астам кітабы жарық көрді. Бұл туын­дылар арнайы құрылған комиссияның сараптауы нәти­жесінде таңдалды. Комис­сия қарауына өткен жылы 100-ден астам әртүрлі жанрда жазылған шығармалар келіп түсіп, осы­лардан тоғызы таңдалып алын­ды. Сарапшылар кітаптың тәр­бие­лік және ұлттық бірегейлікті сақтау­да­ғы маңызына мән бе­реді. Сондай-ақ ав­торлардың жазу мәнері мен тіл байлығы да ескеріледі. Жоба аясында жа­рық көр­ген кітаптар еліміздің кітапха­налары мен мектептеріне тегін таратылады», деді.

Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев та шығармалары жарық көрген авторларды құттықтады. «Жаһандану кезінде кез келген мемлекет өзінің тілін, дінін, ділін таза ұстап, бірегейлігін сақтап қалуға тырысады. Сол себепті мы­на жарық көрген кітаптар жерге түс­кен дән секілді. Бұл туындылар біреудің жүрегіне жетсе, болмысына дән болып егілсе, ертең мәуелі бәйтерек болып өседі. Сондай-ақ бұл кітаптар сирек кездесетін сөздер қазынасы іспетті», деді.

Жоба аясында моңғолиялық қалам­гер­лер Рысбек Зұрған­бай­ұлының «Қоб­даның қоңыр желі», Зүлкәпіл Мәулі­тұлының «Үркер ауып барады» атты жыр жинақтары, жазушы Ер­бақыт Нүсіп­ұлының «Кім­ді кінә­ларсың...» атты хикая­ты, ­сон­­­дай-ақ өмірден өткен қалам­­гер­­­­лер Елеусіз Мұқамәдиұлы­ның «Өрікті ­көл» повесі ­мен Баман Құр­ман­ханұлының ­«Ай­та­ғалы салт атты» туындысы, тәжік­­стандық Абду­­сат­тар Нур­­алиев­­­тің «Тәжік­стан­­­да­ғы­ қа­зақтар» атты зерт­теу ең­бегі, өзбек­­­стандық ағайындар: Жа­рас­­­қан Мыр­замұратов («Ақи­қат­­­тың дәмі ащы») пен Лала Жұ­ма­­но­ва­ның («Қарасу жырлары») ­шы­ғар­малары, РФ Алтай Рес­­пуб­ли­ка­­сының тұрғыны Пио­нер Мұх­та­сы­­ров­­тың «Ұрпа­ғың үзілме­сін» атты ғұмыр-­­баян­дық эссесі баспадан шығыпты.

Жиын соңында шығарма ­ав­тор­­лары мен туыстары «Отан­дастар қорына» ілтипат танытып, алғысын айтты. Атап айт­қанда, кітабы жарық көрген автор Елеу­сіз Мұқамәди­ұлының қарында­сы, өзі де танымал сөз зергері Егеухан Мұқа­мәди­қызы: «Отандастар қоры» атынан шетте жүрген қаламгерлердің кітаптары жарық көргеніне өте ризамын. Менен екі жас үлкен Елеусіз ағам еңбекқор, елге­зек еді. Бүгін сол кісі қайта тіріліп келгендей қуанып тұрмын. Ел іргесі ты­ныш болсын, халқымыз аман болсын!» десе, «Ақиқаттың дәмі ащы» кітабы­ның авторы Жарасқан Мырзамұ­ра­тов: «Осы­ған дейін кітаптарым Өзбекстанда жарық көрді. Атажұртымызбен әрда­­йым тығыз байланыстамыз. Жоба­­ны ұйымдастыру­шы «Отандас­тар қоры» мен Жазушы­лар одағы­на айтар алғысым шексіз»,деді.

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше