
Осыдан он сегіз жыл бұрын, анығырағы 2007 жылы «СЕРТ» АҚ жалға алу учаскесінде 5 қабатты паркинг салуға кіріскен еді. Алайда, 2009 жылдың аяғына қарай құрылыс-монтаж жұмыстары 1-2 қабат деңгейінде тоқырап тұрып қалған.
Ал 2015 жылы уақытша жер пайдалану құқығы да тоқтатылып, іле-шала «Сейсмостройзащита» ЖШС мамандары құрылыс нысанының тірек, қоршауларына тексеру жүргізеді.
Сарапшылар негізгі тірек конструкцияларының техникалық ахуалы туралы қорытынды жасап, зерттеу қорытындысына сәйкес, қолданыстағы конструкцияларды бөлшектеп, бұзуды ұсынады.
Осыдан кейін Басқарма сотқа аяқталмаған нысанды бұзу жөніндегі талап-арыз берген. Соттың 2018 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен талап-арыздар қанағаттандырылды.
Аяқталмаған нысанды бөлшектеу бүгін басталды. Айта кету керек, бұл Медеу ауданындағы бұзылып жатқан екінші нысан.
Сондай-ақ, соттың шешімі бойынша Радлов көшесі, 9/1 учаскесі бойындағы аяқталмаған ғимаратты да сүру басталды.
Осы арада Алматы әкімі Ерболат Досаевтың құрылысты бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасымен 2023 жылдың басынан бері 65 заңсыз нысан, оның ішінде «Мечта», KHAN және басқа да тұрғын үй кешендері толығымен немесе ішінара сүрілгенін еске сала кеткен жөн.