
«Анықталған ақаулар бойынша мердігер мен техникалық қадағалау мекемелеріне хаттама толтырылды. Техникалық қадағалаушының біреуіне айыппұл салынды. Мердігер есебінен 1,4 млн теңгеге жол жабыны қайта төселді. Сонымен қатар былтыр мегаполистегі жалпы ұзындығы 227 км болатын 310 көшеде күрделі және орташа жөндеу жүргізілді. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде 247 көше мен 1 көпір пайдалануға берілді. Қазір қала жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 75%-ға жетті», дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының бөлім басшысы Қайрат Шәкіров.
Мекеме анықтаған ақаулар – асфальтбетон қоспасының нашарлығы, асфальтбетон жабынының тығыздалу коэффициенті мен суға төзімділігінің талапқа сай болмауы, жол белгілері, жол құрылысындағы темірбетон бұйымдарын пайдаланудағы олқылықтар мен жол негізіндегі тығыздықтың жеткіліксіздігі.
Маманның айтуынша жол-құрылыс материалдарының талапқа сай келмеуіне бірнеше жағдай әсер етеді. Бірінші себеп – құрылыс технологиясының дұрыс орындалмауы мен материалдарға кіріс бақылаудың жүргізілмеуі. Ал кіріс бақылауды жүргізуге мердігер мекеменің жеке зертханалары жауапты. Егер өздерінде болмаса басқа кез келген шарт жасасқан жеке зертханада тексеруге мүмкіндік бар. Мекеменің техникалық бақылау бөлімі немесе техникалық қадағалау ұйымы да кіріс бақылауын жүргізе алады.
Мысалы, қиыршық тас пен құм негізінен карьерде өндіріледі. Карьерді басқаратын фирма өнімін сату үшін оның сапасын үнемі тексеріп отыруы қажет. Одан бөлек, карьерден құрылыс материалын сатып алған мердігер компания жеке зертханасында өнімді қабылдамай тұрып сынақтан өткізіп алуы керек. Құрылысқа арналған өнімді белгілі бір жобаға қолданар алдында техникалық қадағалау мекемесі оны қайта тексерістен өткізеді. Осылайша, бақылау тізбегі үзілмей, қатаң түрде жалғасын тапса жол-құрылыс материалдары міндетті түрде сапалы болмақ.
Жол салуда кемшіліктерге жол берген компаниялардың кейбірін мысалға келтірсек. Мәселен, А-2 автомобиль жолын қайта құру жобасының Шымкент шекарасынан Бәйдібек би даңғылы қиылысына дейінгі аралықты қамтитын жол құрылысының VII кезеңінде техникалық қадағалаушы – «Тұран құрылыс» ЖШС; Осы тас жол құрылысы жобасының мегаполисті айналып өтетін VIII кезеңінде жұмысын сапалы атқармаған «Алем Транс Жол» ЖШС жауапқа тартылды.
Қайрат Шәкіровтің айтуынша, жол сапасының тез нашарлауының негізгі себебі – жолға қолданылатын әр материалдың өз кезеңімен жеке-жеке тексерілмеуінде.
«Екіншіден, асфальтбетон дайындайтын зауыттар өз қызметін дұрыс атқарса құрылыс материалдары да талапқа сай болып шығар еді. Осы ретте зертханалық бақылаудан өткен асфальтбетон қоспасын бекітілген нұсқаулықпен шығару өте маңызды. Мәселен, техникалық шарт бойынша асфальтбетон қоспасының зауыттан шыққан кездегі температурасы шекті нормасын сақтау керек. Ыстық асфальттар үшін ол орта есеппен 150оС айналасында болады. Сонымен бірге асфальтты жолға төсеу барысында да технологиялық талаптарды сақтау сапаға тікелей әсер етеді. Қысқасы тығыздаушы техниканың массалары, жүру жылдамдығы, жүру саны, асфальттөсегіш машинаның төсегіш плитасының қыздыру температурасы, асфальтбетон қабаттарының арасына шашылатын битумды эмульсияның сапасы, қоршаған орта температурасы мен ауа райы секілді көптеген жағдай жол құрылысының барысына өз әсерін тигізеді. Сондықтан мердігер компания мен техникалық қадағалаушы мекеме осы аталған себептердің барлығын біліп, әрдайым жағдайға қарай ескеріп отырулары шарт», дейді.
2025 жылы жолға қатысты 15 нысан бойынша құрылыс пен қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынады. 2 нысанда күрделі құрылыстар жоспарланып отыр. 37 көше орташа жөндеуден өткізіледі деп жоспарланған.
ШЫМКЕНТ