
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Бұл іске «Тараз» ӘКК, облыс әкімдігі Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы жұмылған жұдырықтай кірісті. Кешенді түрде атқарылған жұмыс өз нәтижесін берді. Облыс әкімдігі баспасөз қызметі келтірген мәліметке сүйенсек, облыс орталығы Тараз қаласы аумағындағы сауда нүктелеріне 800 тонна картопқа тауарлық интервенция жүргізуге дер кезінде тапсырма берілген. Маусымаралық кезеңде 3 050 тонна картопқа форвардық келісімшарт жасалғанын да айта кеткен жөн.
Жалпы, Тараз қаласындағы әлеуметтік дүкендер бастаған 64 сауда орнына 82,8 тонна картоп белгіленген бағамен, яғни 130 теңгеден өткеру үшін жеткізілген көрінеді. Арзан картоп жеткізілген ірі сауда орындарының қатарында «Нұрислам», «Фиркан», «Вкусная корзинка» секілді дүкендер де бар.
«Әлеуметтік сауда нысандарынан картоп, пияз, жұмыртқа секілді өзге де азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігі туғаны – қарапайым халық үшін тиімді. Әрине, бұйырғанын алып жатырмыз. Тараз тұрғындарын жағдай жасап отырған азаматтарға айтар алғысымыз зор», дейді шаһар тұрғыны Бибіхадиша
Отарова.
Дүкен иелері келтірген дерекке сенсек, сауда орындарында күніне 3-4 қап картоп белгіленген бағамен сатылып жатыр. Өзге де негізгі азық-түлік түрлері қолжетімді бағамен саудаланады. Бағаның шарықтап кетпеуін құзырлы органдар қатаң бақылауға алған.
«Әлеуметтік дүкендерде картоп 130 теңгеден, сәбіз 90 теңгеден сатылып жатыр. Осы санаттағы сауда нүктелерінде отбасына қажетті азық-түлік тауарларына қолжетімді баға қойылғанын айта кеткен жөн. Бұл – тұрғындар үшін өте тиімді», дейді қала тұрғындарының бірі Нұрсұлтан Батырбаев.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына құзырлы органдар тарапынан күнделікті мониторинг жүргізіліп, заңда көрсетілген үстемеден артық сома қосып өткерген кәсіпкерлер әкімшілік жауапқа тартылмақ.
Әлеуметтік дүкендер мен бірқатар сауда нүктесінде картоп бағасы тұрақталғанымен, базарлар мен өзге де сауда орындарында бағаны тұрақтандыру мүмкін болмай тұр. Мұндайда көпшіліктің азық-түлікті әлеуметтік дүкендерден жаппай іздейтіні де түсінікті.
Тараз