![Абай мерейтойы бастау алды](/media/2025/01/29/crop-36_51_2195x3903_abay-1.jpg)
Осыған орай бүгін тоқсан жылға тарта тарихы бар Абай музейінде мерейтойлардың бастауы ретінде мәдени-танымдық салтанатты іс-шара «Абай әлемдік ойдың алыбы» және «Абай бейнелеу өнерінде» тақырыптарындағы көрмелердің тұсауы кесілді. Шарада сөз алған Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев, Абай музейінің директоры Ұлан Сағадиев, Абай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Алин Абай өңіріне танымал зиялы қауым өкілдері мен мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлерін Абай тойымен құттықтап, лебізін жеткізді.
Салтанатты шара аясында ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев орындауында Абайдың әні «Қараңғы түнде тау қалғып», Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония әншісі Қайрат Қамидолдин Абайдың әні «Сегіз аяқ» туындысын шырқады. Жиналған көпшілік Абай атындағы музыкалы-драма театрының «Жаза-Наза» трагедиясынан үзіндіні тамашалады.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай-әлемдік ойдың алыбы» атты көрмеде музей қорындағы кітаптар мен қолжазбалар, естеліктер, тақырыпқа байланысты тұрмыстық заттар мен елеулі экспонаттар көрермен назарына ұсынылды. Хакім Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған тұңғыш өлеңдер жинағы, 1922 жылы Қазан, 1933 жылы Қызылорда қалаларында жарыққа шыққан кітаптары орын алды.
Ел Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен жарық көрген А.Құнанбайұлы шығармаларының әлем тілдеріне аударылған 10 томдығы, Ұлы ақынның әр жылдары аталып өткен мерейтойларына орай Абай музейінің асыл қорына табысталған кәдесыйлар да шара меймандарының ерекше таңданысын тудырды.
Данышпан ақын мерейтойы аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында екінші көрме «Абай бейнелеу өнерінде» деп аталады. Мұнда елімізге белгілі қылқалам шеберлері Жанатай Шарденов, Нұрбұлан Өтепбаев, Қайыр Оразғалиев, Әділқайыр Жантасов сынды суретшілердің, Абай тұлғасын айшықтап Алашымен қауыштырған таңдаулы суреттер қойылған. Абай тұлғасын сомдау арқылы қазақ бейнелеу өнерін байытқан бұл туындылар Абай музейінің асыл қорын ғана байытып қоймай, абайтану арнасын кеңейте түсетіні анық.
«Алыс-жақыннан Абайын тануға асығып келетін қонақтардың көңіл таразысына кескіндеме, графика, кестелеу және тағы басқа техникамен жасалған Ф.Хасенов, Н.Өтепбаев, С.Сухов, Ә.Жантасов, О.Қайыр, М.Бақытбекова, Т.Шапағат, А.Белов, Н.Жарқынбаев сияқты суретшілердің тың туындылары ұсынылды. Бұл туындылар музей қорына соңғы жылдары түскендіктен осыған дейін музей экспозициясы мен көрмелерге шықпаған туындылар» - дейді Абай музейінің директоры Ұлан Сағадиев.
Ұзақ жылдар бойы ұлы ақын мұрасын жан-жақты насихаттап отырған Абай музейі алғаш іргетасын көтерген күннен бастап ақын тақырыбындағы бейнелеу өнері туындыларымен толығып келеді. Бүгінгі күні музей қорында 900-ден аса бейнелеу өнерінің таңдаулы туындылары сақталған. Абай тақырыбы қашанда өнер қайраткерлері үшін үнемі шығармашылықтың қайнар көзі болып, қылқаламды серік еткен жандарға ерекше шабыт сыйлап келеді. Уақыт өткен сайын ақын тұлғасы биіктеп қана қоймай оның кіндік қаны тамған туған жерінің табиғаты қылқалам иелерін толғандырып, дүниеге талай туындыны тудыруға арқау болды.