Сондай жандар көбіне-көп Жапонияны мысалға келтіріп: «Әнеки, олар мұсылман емес, бірақ ғылым-білімі мен экономикасы қандай!» деп таңдай қағады. Иә, жапондар – біз үшін үлгі алатын халық. Бірақ қай жағынан? Жапон халқының өзіндік ұлттық-рухани құндылықтарын қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай саф қалпында сақтап отырғанын білеміз. Тілі мен дініне, дәстүрі мен мәдениетіне жапон секілді кір жуытпай аялап отырған ел әлемде жоқ шығар. Олар ұрпағына жастайынан ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп, ең алдымен жапон тілінде ғана оқытады. Ұлтының тарихын бес саусағындай білуіне жағдай жасайды. Өзіндік мәдениетін бойына сіңіртеді. Жапонның мықтылығы да осында болса керек. Өйткені соның арқасында оларда ұлттық тұтастық бар. Ал тұтастығы бұзылмаған елдің ынтымағы мен бірлігі артып, алға дамитыны талассыз шындық. Бәлкім, біз Жапония сияқты болу үшін, ең алдымен жапон халқының осы қасиетін үйренуіміз керек шығар?
Жалпы, біз айтып отырған ұлттық-рухани құндылықтарға деген құрметті әлемдегі басқа да дамыған елдер өмірінен көреміз. Қытай мен Корея, Америка мен Еуропа, дүниедегі ең бақытты халықтар саналатын Скандинавия елдері де тілі мен дініне, дәстүрі мен мәдениетіне шаң жуытпай, берік ұстанып отыр. Бұл құндылықтар ұлтты ұйыстыратын күш болғандықтан, оған құрметпен қарайтын елде бейбітшілік пен ынтымақ салтанат құрары сөзсіз.
Ал біздің жағдайымыз қандай? Әңгіменің басында тілге тиек еткеніміздей, бүгінде қазақтың ішінен өз қағынан жерігендердің пайда болғаны ащы да болса шындық. Соның қатарында ұлтымыздың рухани құндылықтарына қарсы шығып жүрген үш топ жайында айта кетуді жөн көрдік. Біріншісі – ана тілінен саналы түрде бас тартып, оны үйренуге ықылас танытпайтындар. Егер олар ұрпағын осы бағытта тәрбиелесе, мемлекеттік береке-бірлікке, тіпті адамзаттық үйлесімге қайшы.
Екінші топ – дәстүрімізге қарсы шыққан теріс ағым өкілдері. Жас баланың ұлттық дүниетанымы қалыптаспай тұрып шетелге дін оқуына кетуі – қауіпті құбылыс. Осындай жағдай 90-жылдары көп болды. Өзіндік дәстүрін, ұлттық, діни ерекшеліктерін бойына сіңірмеген жасөспірімдер шетелдің күмәнді діни оқу орындарына түсіп, кейбірі бүлдіргі ағымдардың тұзағына ілігіп кетті. Солар елге келген соң, қазақтың салт-дәстүрін «ширкке», «адасушылыққа», «харамға» шығарғаны белгілі. Өкінішке қарай, мұндай адасқан топтың өкілдері арамызда әлі де баршылық.
Үшінші топ – дәстүрлі дінімізге қарсы шыққан жалған ұлтшылдар. Олардың кейбірі «тәңіршілдік» деген жасанды идеологияны бетперде қылып жүр. Бұлар исламға қатысты дүниенің бәрін «арабқұлдық», дін туралы сөйлегеннің бәрін «арабқұл» деп атайтын айықпас ауруға шалдыққан. Мұндай үрдістің қалыптасуы тегін емес екенін де ішіміз сезеді. Шеткері тұрып алып шекіскен тараптардың ортасындағы отты үрлеп, шоғын көсеп қойып отырған арандатушылардың бары ақиқат. Ал өз ішімізден шыққан азаматтар солардың қолшоқпарына айналып кеткенін өздері де білмей қалған секілді.
Міне, өкінішке қарай, біздің қоғамда, қазақтың өз ішінен шығып, өзінің ұлттық-рухани құндылықтарына тас атып жүрген осындай үш топ пайда болды. Біз бұл мысал арқылы «артта қалған» мұсылман қазақ пен дамып кеткен «мұсылман еместердің» айырмашылығын көрсеткіміз келді. «Неге Жапония сияқты дамымаймыз?» дейміз де, біріміз тілге, біріміз дінге, енді біріміз дәстүрге қарсы шығып, ел ішін ала тайдай бүлдіріп әлекпіз. Крыловтың мысалындағы аққу, шортан һәм шаянның нағыз өзі. Дәл қазір бізге түсіністік пен татулық маңызды.