Өндіріс • 30 Қаңтар, 2025

Орталық Азиядағы ерекше жоба

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Polymet Solutions Corporation» ЖШС жылына 413,7 тонна футеровка өндіреді. Өнімнің осынау түрі тау-кен-металлургия кешенінің технологиялық өндірісіне пайдаланылады екен. Ел ғана емес, тіпті Орталық Азия кеңістігінде теңдесі жоқ бұл жоба өңір экономикасына серпін беріп отыр.

Орталық Азиядағы ерекше жоба

Суретті түсірген – Александр МАРЧЕНКО

Футеровка – резеңкелі-металды төсем. Әсіресе мұны тау-кен байыту, химия өнеркәсібі өз құрылғыларына қолданады. Кәсіпорын Германия, Италия, АҚШ, Жапония, Испания өндірушілерінің заманауи жаб­­дық­тарымен әлеуетін арттырып, жо­ғары сапа стандарттарына сәйкес өнім шығарады. Сонымен қатар болат, шойын, алюминий, қоладан жасалған бұйымдар үшін кез келген күрделіліктегі фрезерлік жұмыстарды атқарады. Былтыр зауыт Орталық Азиядағы жалғыз «Okuma» фрезерлік өңдеу орталығын іске қосты. «Okuma» – металл өңдеудің күрделі операция­ларын орындауға арналған жоғары технологиялық жабдық. Бұл жүйе авиа­ция, автомобиль, энергетика және машина жасау сияқты әртарапты саланың сұранысын өтейді. «Okuma» станоктары жоғары геометриялық дәлдік пен «дірілді» азайтуды қамтамасыз етіп жасалған.

пр

Кәсіпорын Сарыарқа арнайы экономикалық аумағында орналасқан. Жалпы ауданы 500 гектардан асатын бұл өндірістік алқапта инвесторлар үшін логистикалық, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Мұндай мүмкіндіктерді пайдалану арқылы «Polymet Solutions Corporation» өз өндірісін кеңейтіп қана қоймай, өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып отыр.

– Біз өнімнің беріктігі мен өмір­шең­дігін басты орынға қоямыз. Жос­па­рымыздың бірі – экспорттық на­рық­ты кеңейту болса, екіншісі – өнім түр­ле­рін арттыру. Резеңке металмен қоса биыл шойын өнімдерін де шығарсақ дейміз. Сол себепті, эконо­ми­калық аумақтан қосымша 10 гектар жер ал­дық. Құрылысты желтоқсан айында бастадық, – дейді «Polymet Solutions Corporation» ЖШС бас директоры Қуандық Қазанғапов.

Бұқар жырау ауданындағы осы өндіріс зауыты биылдан бастап резеңке мен пластмас бұйымдары түрлерінің тізбесін ұлғайтпақшы. Кәсіпорын қазірдің өзінде дамудың жаңа сатысына көтерілген. Мұнда негізінен кен байыту фабрикаларына қажетті диірмендерге қапталатын резеңке жабдықтар өндіріледі. Мұнсыз диірмен атаулы жұмыс істемейді. Өні­міне елдің түпкір-түпкірінен сұраныс жоғары. Әсіресе «Kazakhmys», «KAZ Minerals», «Алтыналмас», «Kazzinc» секілді компаниялар фабрикасындағы диірмендерге бұл өнім ауадай қажет. Бірегей өнім Ресейге де экспортталады. Биылдан бастап Болгарияға жөнелтіледі деген жоспар бар. Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттерімен тиісті келіссөз жүр­гізіліп жатыр.

Зауыттың басты артықшылығы – бі­лікті мамандар шоғыры мен қуатты тех­нологиялық база. Өндірістің кеңеюі тек өнім көлемінің өсуімен есептелмейді. Жаңа технологияларды кәдеге жарату да – маңызды міндет. Компанияның бас директоры Қуандық Қазанғапов осылай дейді.

Өркен жайған өндіріс ошағында 75 адам еңбек етіп жүр. Жаңа цех іске қо­сыл­ған соң тағы 150 адам жұмысқа қабыл­данады. Зауытта еңбек адамына әлеуметтік қолдау жан-жақты көр­се­тілген. Сыйақысы да бар. Арнаулы тасымалдау көлігі мен тегін түскі ас қарас­ты­рыл­ған. Арғы жылы да, өткен жылы да үздік қыз­мет­керлерге шетелге саяхатқа жолдама берілген.

«Өнім өндіру үшін шикізатты негі­зі­нен Қытай, Корея, Малайзия, Вьет­нам мемлекеттерінен аламыз. Негізгі ши­кізат түрі – каучук. Каучуксіз шикі ре­зеңке өндірілмейді. Химиялық ши­кізат көршілес Ресейден тасымалданады. Қосымша шикізат түрлері Еуропа ел­­де­рінен әкелінеді. Металл бұйым­да­ры­на келсек, негізінен «Hardox» сынды сапалы металл түрі Швеция елінен тасы­мал­да­­­на­ды. Зауыт қызметкерлері Стокгольм қаласына барып, ондағы өнді­ріс ошақ­та­­ры­мен тікелей танысып қайтқан. Ол елмен тығыз қарым-қатынас орна­тылған. Өзге керек-жарақ ел ішінен табы­лады. Отандық шикізат көлемі 70 пайызды құрап отыр. Кен байыту сала­сын­да жаңа диірмендер қолданысқа ен­гізілді. Осыған орай қажетті резеңке жаб­ды­ғын дер кезінде шығару маңызға ие», дейді зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Галина Харасова.

 

Қарағанды облысы