Заң • 30 Қаңтар, 2025

ІІМ «Заң мен Тәртіп» қағидатын қалай жүзеге асырады

95 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігінде Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша жедел кеңес өтті, деп жазады Egemen.kz.

ІІМ «Заң мен Тәртіп» қағидатын қалай жүзеге асырады

Фото: polisia.kz

Биыл ішкі істер органдары «Профилактика жылы: полиция Заң мен Тәртіп күзетінде» қағидаты аясында жұмыс атқарады. 
Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған «Заң мен тәртіп» қағидаты ІІМ белгілеген жұмыс бағытымен қабысып жатыр. 

ІІМ-де өткен кеңес барысында белгіленген жүйе негізінде елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты негізгі мәселелер талқыланды. 

Ішкі істер министрі Ержан Саденов қылмыстың алдын алу жөніндегі шараларды іске асыру, оның ішінде жеке профилактикалық іс-шараларды күшейту, қылмыс жасауға бейім адамдарды ерте кезеңде жүйелі түрде анықтау бойынша міндеттер жүктеді. Жұртшылықты заң бұзушылықтың алдын алу саласына белсенді тарту қажет екенін алға тартты.

Ведомство басшысы мүдделі органдармен бірлесіп мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында оқитын жастардың бойында патриотизм, жауапкершілік және мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру бойынша  ақпараттық-насихаттау жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.

«Үкімет отырысында инфрақұрылымдық даму, цифрлық технологияларды енгізу және энергетика саласының ілгерілеуі де негізгі бағыт ретінде атап өтілді. Сондықтан жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, мұнай өнімдерін ұрлаудың және оларды шетелге заңсыз әкетудің қылмыстық схемаларын анықтау бойынша жұмысты жандандыруды тапсырамын», деді министр.

Сондай-ақ Ержан Саденов қызмет басшылары мен өңірлік бөліністер жетекшілерінің алдына интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, цифрлық жобаларды дамыту, тиісті көші-қонды бақылауды міндетті түрде қамтамасыз ете отырып, шетелдік жұмыс күшін тартуға байланысты рәсімдерді жақсарту, азаматтардың өтініштерімен жұмыс тиімділігін арттыру бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.