
Фото: inbusiness.kz
«Қолданыстағы бекеттерді жобалау барысында метрополитен нысандарын салуды реттейтін нормативтік құжаттарда платформаларға автоматты жылжымалы есіктер орнату көзделмеген еді. Бұл құжаттарға өзгеріс тек 2022 жылы енгізілгендіктен, біз жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде осы үдерісті қалай ұйымдастыруға болатынын ойластырдық. Бұл жүйелі тәсілді қажет ететіндіктен, қазіргі таңда салынып жатқан және жобаланатын бекеттерде платформалық қоршаулар орнату қарастырылған», деді Алматы метрополитенінің директоры Алмасбек Орынбеков.
Қоршаулар вагондар арасындағы кеңістікті шектеу үшін орнатылып, метроны пайдалану шығыны есебінен жүзеге асырылмақ, яғни бюджет қаражаты тартылмайды. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған уақытша шешім, ол тұрақты платформалық есіктер (screen doors) орнатылғанға дейін қолданылады.
«Біз бұл күндері вагондар арасындағы уақытша бөлу конструкцияларын монтаждауды жалғастырумен қатар, сынақтық жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Мен желіден композицияны тоқтатқан кезде бөлімдердің бірі вагонаралық кеңістікке ығыстырылған фотосуретін көрдім. Тағы да осы эпизодтың сынақ барысының бір бөлшегі екендігін түсіндіргім келеді. Мұндай жағдайлар мұқият талданады. Жұмыс процесі тоқтамайды – инженерлер жүйенің жұмысын қамтамасыз ету үшін монтаждау жұмыстарын көпсатылы тексерулер арқылы үйлестіреді», дейді Метрополитен басшысы.
Оның айтуынша, алдымен тот баспайтын жылтыр металдан жасалған тіректер орнатылады, кейіннен оларға соққыға төзімді шыңдалған шыныдан жасалған қоршаулар бекітіледі. Бұл жұмыстар жақында аяқталады деп жоспарланып отыр.
«Автоматтандырылған платформалық қоршауларды орнату ұзақ уақытты қажет етеді, өйткені ол үшін жобалау, техникалық-экономикалық негіздеме, қаржыландыруға қоса, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу қажет. Осыған байланысты жолаушылардың қауіпсіздігі үшін уақытша металл қоршаулар орнатылып жатыр», деп сөзін түйіндеді Алмасбек Орынбеков.