
Еске салайық, Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Үкіметке ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін әрбір перспективалы орта кәсіпорынмен жұмыс жоспарын әзірлеп, аяқтауды тапсырғаны мәлім.
Қосман Зекешұлының пікірінше Қазақстан экономикасының дамуы орта кәсіпкерлік көлемінің артуына тікелей байланысты, ал, бүгінде бізде орта кәсіпкерліктің ішкі өнімдегі үлесі – 7%, экспортта – 7%, жұмыспен қамтуда – 4% құрайды.
«Салыстыру үшін айтайын «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына» мүше елдерде орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 20-30%-ға, экспорттағы үлесі 30%-ға, ал жұмыспен қамтудағы үлесі 15%-дан астам деңгейге жетеді», деді Қ.Қажкенов.
Сарапшының пікірінше шағын кәсіпорындармен салыстырғанда орта кәсіпорындардың экономикалық тиімділігі айтарлықтай жоғары.
«Мысалға айтар болсам орта кәсіпорындардың өнімділігі шағын кәсіпорындармен салыстырғанда 30 есе жоғары, орташа мөлшерде салынған әрбір теңге шағын кәсіпорындарға қарағанда 2 есе көп жалпы қосылған құн қалыптастырады, орта бизнестегі жалақы шағын кәсіпкерлікке қарағанда 1,5 есе жоғары, ал салық түсімдеріне қосқан үлесі шағын бизнеске қарағанда 3%-ға артық. Дегенмен, олардың саны аз», деді ол.
Оның сөзінше Қазақстанда орта кәсіпорындарды дамытуға неғұрлым мән беру керек.
«Перспективалы орта кәсіпорындарды дамыту маңызды, өйткені олар икемді, қаржылық ауытқуларға төзімді, экспортқа бағытталған өнім өндіруге қабілетті, сондай-ақ сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», деп түйіндеді Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Қосман Қажкенов.