Сатира • 31 Қаңтар, 2025

Аумақ-саумақ

104 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Баяғы бұйрық. Жездемнің тілеуін беріп, ас­пирантурасын тәмамдаған жеріме мұғалім боп бара қалдым. Дереу жездеме жеткізіп едім, әлгі не деуші еді, төбесі төбеге екі-ақ елі жетпеді-ау.

Аумақ-саумақ

Сурет: multiurok.ru

Жездем жарап баяғы бұрылысқа он шақы­рым жеткізбей күтіп алды. Күтіп алған жерінен қимай шығарып та салды.

* * *

Аумалы-төкпелі заман, бір мезет, мұға­лімдігімнен баяғы қызметті бастаған газетіме жауапты хатшы болып бара қалдым. Жездемнің «желке қаситындығын» білсем де, жол жүрер алдында хабарласып парызымды өтедім.

Үйіне дейін өз аяғыммен бардым. Жез­дем үн-түнсіз, аузын буған өгіздің кейпін киіпті. Барғаннан көлігін шұқылаумен болып еді, кетерде көлігінің астында жатып қоштасты.

* * *

Аумалы-төкпелісі рас, жауапты хатшы­лықтан әлгі институтыма аға мұғалім­дікке ба­ра қалмаспын ба. Көп өтпей, кандидаттығым қорғалды, доцент деген дәрежесін де берген.

Содан, жәй-жапсарды айтып жездеме жеткізіп едім. Ойпыр-ай, тура жарты жолдың бергі тұсынан күтіп алды. Риза­шылық, сый-сияпат бір төбе, кетерімізде — жарты жолдан асып жығылып шығарып салып әрең-пәрең құшақ ажырасып құтылдық.

 * * *

...Иә, тағдыр солай, тағы да жездемді желке қасытып, бұрынғы қызмет еткен жеріме редактордың орынбасары боп бара қалдым...

...Жездем күтіп алмайды екен деп ауылға ат ізін салмас мен емес, өкіметтің көлігімен-ақ жетіп жығылғанбыз. Жездемнің күтім-қабағына қарап қалған мен емес, ауыл өзімдікі, аунап-қунап келген жолыммен кедергісіз-ақ кете бардым.

...Ойламаған жерден, бағым жанып деуші ме еді, әлгі баяғы факультетіме бастық боп ­ауыса қалмасым бар ма.

Қайдан естігенін, ауылға жүретінімді кімнен білгенін, күні бұрын алып кетуге келдім деп жездем кепті.

Ауылда қыран-топан кішігірім той жасалды десе де болады. Ауыл арасының өзін­де: «Өзіңдей балдыздың жаяу жалпылап жүр­гені маған ұят» деп жездем қарыс аттатпады. Болмай қалаға дейін әкеп тастағанда жасы үл­кен жездемнің алдында ыңғайсызданып қалдым.

* * *

«Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген бар, жездеме қайтер екен деп: «Солай да солай... қызметімді өткізіп жатырмын, сол баяғы газетіме жіберетін түрі бар» деп хабарласып едім, өкініп, күпініп, сөзінің аяғын: « Атаңа нәлет мәшинем де бір күн сау, бір күн ауру, діңкелетіп бітірді. Қарнын жарып, қаңқасын қалдырып қамап қойдым, әй биылға қозғала қоймас...» деп бітірді.

Үйіне өз аяғыммен барып отырып ас үс­тінде тағы да қалжыңға бұрып: «Жолым болып, газетке бармайтын болып, декандықтан проректорлыққа жоғарылатты» деп едім, жездем ішіп отырған тамағына шашалып көгеріп-сазарып ауруханаға түсіп, әйтеуір, әрең-пәрең аман қалғаны бар.

Бүйткен қалжыңы да құрысын, өйткен қызметі де бар болсын деп, ендігәрі ол жөнінде жез­­деме ләм-мим демес болып, ауылға да келу­ді сирететін болып өзіме-өзім уәде беріп қайт­тым.

 

Берік САДЫР