
Жіңішке әрі жалынышты түрде шыққан балғын дауыс үлкен базарды көктей аралап өтті...
«Мен өзімді сатамын, сатып алыңыздаршы. Өкінбейсіздер. Мен табаны тесік бәтеңкемен де жүре беремін, жыртық шалбар да кие беремін, қара су мен қара нан болса жетеді. Сатып алыңыздаршы, денім сау, қатты жүгіремін, ұрыссаңдар да, ұрсаңдар да маған бәрібір».
Дауыс иесі киімі ескі, шашы өсіңкі әрі майланып кеткен, қара торы, дене-бітімі нәзік, мойыны ырғайдай тоғыз не он жасар бала еді. Жалынышты шыққан үніне, сыртқы сықпытына қарап ол туралы неше түрлі ой түюге болар, бірақ оны жігерсіз деп айта алмайсыз, қайта діттегеніне қол жеткізбей тынбас өжет мінезін аңғаруыңыз да мүмкін.
Баланың тоқтаусыз қайталап айтып келе жатқанына талай жұрт тіксініп қалды. Бірі: «Құдай сақтасын» деп бетін бұрса, екіншісі: «Тәйт, мынау не дейді тағы?» деп ит көрген ешкі көздене қарады, тағы біреулері жағаларын ұстады «не болып кетті бұл өмір?» деп.
Жұрттың бәрі оған үрке қараудан аса алмады. Бір де біреуі баланың ішкі қалауын, түпкі ойын, бұйымтайын тереңірек білуге ұмсынбады. «Бұл бала не айтпақшы өзі?» деп қызығушылық та білдірмеді. Әлдебір жақтан қаңғып келген қаңбақтан үріккен отар сықылданды мына жұрт.
Базардың басындағылар да, орта тұсындағылар да оның қарасы да, үні де өздерінен алыстап кетер-кетпес тіршілік-қозғалыстарын жалғастыра берді.
Бала үзірін айна-қатесіз қайталап келеді. Аузына әбден жатталып қалған тілегін ғұмырында ұмытпас, бәлкім.
Өтініш-ұсынысын ешкімге өткізе алмаған бала сонда да райынан қайтар емес. Біреу болмас біреу арзуымды қабыл етер деген үміті мен сенімі жүрегінде өшер түрі жоқ. Ол бұл базардағылардан қайыр болмаса ары қарай көше аралап әлгі тілегін талмай жұртқа жария ете беруге белін бекем буғандай еді.
Бала қиыла айтқан өтінішіне бас ауыртпаған мына жұртқа бір мысқал да ренжіген жоқ. Өйткені нәзік те кіршіксіз жүрегі оған тау-тау болып үйілген көмір арасынан гауһар іздеуге шыққанын ә дегеннен сездіріп қойған еді.
Жұрттан қайырым күтіп, онысынан ештеңе өндіре алмаса да сағы сынбады. Шөліркеп, аузы құрғап, көмекейі кеуіп кетсе де әлгі сөздерін қайталай берді.
Базардың аяқталар тұсына, шығар есікке де тақап қалған. Мұнда да жұрт оған тосырқай қараумен болды. Ешкім бұған көңіл бөлер түрі жоқ.
Бала базардан шыға бергенде оны сол маңдағы дүкендердің бірінің иесі – есік алдына қаланып қойылған түрлі сусындардың көлеңкесінде газет-журнал қарағансып отырған егде келген кісі өзіне шақырды. Іші пысқан оның бар ойы баланы ермек ету, қызықтап уақыт өткізу еді. Негізі, дүкен иесін былайғы жұрт, таныстары жақсы атай бермейтін. Қалталы болатын. Қалада бірнеше дүкені бар. Базар маңындағы осы дүкеніне жиі келіп, мұндағы сауда-саттық, қозғалысты көбіне өзі бақылайтын. Жүргінші көп аумақтағы бұл дүкенінен табыс мол түсетін.
– Ал, балақай, сені мен сатып алайын, өзіңді қаншаға бағалайсың? Менде ақша көп. Қорықпа, қалағаныңша айт аузыңа түскенін, – деді қулана дүкенші.
– Білмеймін, – деді бала күмілжіп жүзін төмен сала.
– Өзімді сатамын дейсің, бірақ құныңды білмейсің, бұл қалай? – деді дүкен иесі күлімсірей, – жарайды, қинамайын, қай адам өз құнын білген дейсің...
Дүкенші баланы әңгімеге тартып, қызық көріп сөйлету үшін әлдендіріп алуды ойлады да су берді. Бала су құйылған ыдысты басына бір-ақ көтерді.
Адамдардың санасына сәуле түсіріп, олардың қатал жүректерін жібітіп, ішкі әлемдерін ізгілік пен мейірімге толтыру Жаратқанға қиын ба?.. Жоқ, әрине.
Бала суды қылқылтата жұтып жатқанда дүкен иесінің алғашқыдағы бүкір пиғылы ізгі ниетке ойысып сала берді. Өйткені жетімдіктің жан өксітер өкпек желінің өтінде шарасыз күй кешіп, жалаң аяқ, жалаң бас, панасыз қалған сонау бір өткен шақта тосыннан жолыққан бейтаныс жанның мейіріміне қанып, кең де ыстық құшағынан сая тапқаны оның санасында жаңғырып, жан-дүниесін астаң-кестең етті. Бойындағы осынау аласапыран, төңкеріс дүкеншінің тек дүние қуудан өзгені ұмыттырған пиғылының күл-талқанын шығарды да ішкі әлемін мейірімге мелдектетіп, қойын-қонышын ысытып жіберді. Мына қайғы мен қасіретке толы бүкіл әлемді құшағына қысқысы келді. Аласұрып кетті. Баянды өмір бастауына себепкер болған сол бір жанның бойындағы бар ізгілікті қасиет өзінің бойына көшіп келгендей, жүрегіне байыппен қонғандай болды. Мұны ол анық сезінді. «Маған неге мейірімді болмасқа, қайырымдылық неге менің қанымда болмауы тиіс?» деген сұрақты өзіне-өзі қойды. Ол осы сауалға сол заматта жауап бермесе мүрдем кетердей күй кешті. Ол жалмажан өзін құтқаруға ұмтылды. Оны құтқарушы әуелі Тәңір, одан кейін мына тұрған қара табан жас өскін еді.
Шөлі басылған баланы егде кісі мейірлене, емірене өзіне тартып, бауырына қысты да, арқасынан қақты. Сол сәтте бала қыстығып барып езіле, еңкілдеп жылап жіберді. Буын-буыны босап аяғын әзер тіктеп ұстап тұрды. Мейірім, ыстық алақан, жылы жүрек, саялы құшақ дегенді ұмытқан, бәлкім мүлде көрмеген бала өксіп-өксіп ұзақ жылады. Дүкен иесі оны тоқтатпады. Шерлі баланың көз жасы дүкеншінің әппақ көйлегін армансыз айғыздады, одан әрі жүрегіне нұр болып тамшылай құйылды. Ал қан тамырларын қайнатқан, сай-сүйегін сырқыратқан, кішкентай жүрегін жұлым-жұлым еткен қатпар-қатпар қайғысы егде кісінің бойына тарап оның есін кіргізді, адами болмысын қайтарып берді.
Бала жылауын әзер тоқтатты. Дүкеншінің сұрағына қарай ол танауы қорс-қорс ете отырып бәрін баяндап берді. Дүкен иесі баланы мұқият, жан-жүрегімен беріле отырып тыңдады.
Бейшара баланың әкесі бес-алты жыл бұрын, шешесі алты ай бұрын о дүниесіне аттанып кетіпті. Жетім балалар үйінде өскен әке-шешесінің ешқандай ағайын-туысы жоқ көрінеді. Мұның жар дегенде жалғыз, он сегізден асқан әпкесі ғана бар екен. Бұл соның қамқорлығында қалған. Шешесі соңғы демін алып жатып әпкесіне былай депті: «Сендерді үйсіз-күйсіз тастап барамын. Бір Құдайға аманат еттім сендерді. Ініңе бас-көз бол. Оны жеткіз. Кейін ол азамат болып өскенде жақсылығыңды еселеп қайтарады».
Міне, өзін асырап-бағып, тапқан таянғанын аузына тосып, қоналқыға жай тауып беріп жүрген сол әпкесі күні кеше құрылыста жүріп сатыдан құлап мертігіп осы базар маңындағы ауруханаға түсіпті. Халі өте нашар екен. Бір дәрігер бұған: «Әпкеңді емдеп жазу үшін көп ақша керек, өзіңді сатсаң да оған жеткізе алмайсың», дейді. Мұны естіген бала «өзімді саудаға салып көрейін, бәлкім менің құныма төленген ақша әпкемді емдеуге қажет ақшаға жетіп қалар» деген үмітпен ауруханадан жүгіре шығып, базар ішін жаңғырта жар салып өзін саудалап, сатып алатын адам іздеп жүрген беті екен бұл жүрісі.
Барлық мән-жайға қаныққан дүкен иесі:
– Сені мен сатып аламын, – деді.
– Жақсы болды ғой, бірақ... деп күмілжіп қалды бала.
– Еш уайымдама, бауыры үшін шырылдаған жанның құны бәрінен қымбат болады.
– Рас айтасыз ба?
– Маған сен. Сенің бағаң, білесің ба... Сенің құның ақшамен өлшенбейді. Сен енді ауруханаға барып, әлгі дәрігерді іздеп тауып ал да оған: «Өзімді саттым, маған төленген ақша әпкемді емдеуге жетеді», деп айт.
Бала ауруханаға қарай құстай ұшты.
Балаға «әпкеңді емдеуге көп ақша керек» деген дәрігер дүкеншінің ұлы еді.
Бірер сағатта аурухана кассасында баланың әпкесін емдеуге қажетті қаражат жатты.
Өзін сатқан бала «сатып алушының» бағында гүлдеді.