Пікір • 04 Ақпан, 2025

Көпке ұмтылған жалғыз

432 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір сәт терезе сыртындағы ағаш­тарға көз салыңызшы, олар да жалғыздықтан жабырқайтын сияқты сезіледі. Мүмкін олар өн бойынан өсіп шыққан жа­пырақтарды, бұтақтарына қонатын құстарды аңсайды. «Жалғыздық деген – өз-өзіңмен бетпе-бет келу», депті бір да­нышпан. Дұрыс та шығар. Ал бұл ұғымды рухани еркіндіктің бастауы деген түсінікпен қабылдайтындар да жоқ емес.

Халқымыздың санғасырлық тарихында жалғыздық ұғымының терең мағынасы бар. Ол – оңашалық қана емес, ол – өз мақсатына жету жолындағы күрес, қоғаммен үндесе отырып, жеке-дара бола білу. Қай дәуірді алсақ та, халқының болашағы үшін басын бәйгеге тіккен тұлғалар аз болмаған. Олар жалғыз жүріп, көптің жүгін арқалады, жалғыз күресіп, ұлттың мүддесін қорғады. Бұны бір сөзбен түйіндесек, жалғыздық – кейде таңдау, кейде тағдыр. Ұлтымыздың бай тарихына көз жүгіртсек, жалғыздықтың сан мысалын оңай тауып аламыз. Абай, Шоқан, Мұхтар сынды алыптардың өмірі – осыған дәлел. Олар өз заманынан, ондағы топтан оқ бойы озық тұрды, сонысымен жалғыздықтың дәмін де ерте татты. Хакім Абайдың жалғыз ойы мен көзқарасы өз уақытындағы кереғарлықпен, надандықпен қарсы келді. Ал Шоқан Уәлиханов әу бастан өнер-білімге ден қойып, жаңа көкжиектерді ашуға талпынды. Аша алды да. Олардың ізін жалғаған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов бар әлемге қазақ прозасының қасиетін, құдіретін танытты, түсіндірді. Ойлап көрсеңіз, осы тұлғалардың жетістігі дара ойлауында екен. Олардың жалғыздығы – өздері таңдаған жолдың қиыр-соқпақтығында һәм биіктігінде. Осы жалғыздардың шығарған үні күллі қазақтың дауысы болып естілді, көкке самғады, тарих төрінен орын тапты. Бұл күндері сол жалғыздық үнін көп болып естиміз, соған марқаямыз. Бұл да заңдылық шығар. Біздің қазіргі уақытта да жалғыздар аз емес.

Қоғамда әр салада жаңалық ашып, өз идеясын көпке ұсынып жүргендер баршылық. Олардың жалғыз қасиеті – кейде түсініспеушілікке, сын-қатерге кездессе де, өз бастамасынан, таңдаған жалғыз жолынан жаңылмайды. Бұған себеп біреу ғана. Көпке ұмтылған жалғыздың мақсаты айқын, арманы асқақ. Ғылым мен мәдениетте, саясат пен кәсіпкерлікте ерекше көзге түсіп жүрген азаматтар да жалғыз.

Дегенмен жалғыздықтың жүгі кейде ауыр болатыны да – біздің тәжірибемізде бар дүние. Ұлы Абайдың «Мыңмен жал­ғыз алыстым, кінә қойма» дегенінен-ақ оның бар уайымы мен қайғысын таразылай беріңіз. Кейде көпке ұмтылған жалғыздың үні әлсіз естілуі мүмкін, алайда уақыт оның адалдығы мен еңбегін зая кетірмейді. Құлагердің басын құшақтап алып, көл-көсір шерлі өлең айтып отырған Ақанды көз алдыңызға елестетіңізші, міне, көпке ұмтылған жалғыздықтың бірі  сол. «Кім жатыр, абақтыда қазақ жатыр, жүрегін ащы шемен қажап жатыр», деп тас түрмеде өлең сауған Таңжарық ақынның халін түсінсеңіз, сіз де бір сәт жалғыздық кешесіз.

Кейде біздің тарихымызда мәдени құндылықтардың көбі үні алысқа жеткен жалғыздардың қайратымен жазылды деп ойлаймын. Ойым асыра сілтеу болса, өз сөзім өзімдікі. Ал қазір көпке ұмтылған жалғыздар қоғамның қозғаушы күші екені мойындалды. Шындығында, олар мойындатты. Өз идеясын жүзеге асырып, қарапайым халықтың санасына сәуле түсірген тұлғалар әр халықта саусақпен санарлық екен, демек бұл – ғаламдық заң­дылық. Әу баста жалғыздықтан туын­даған ойлар, көзқарастар, реформалар, батыл шешімдер көп өтпей бүкіл қоғамның мұратына, ізгі жолына айналады. Уақыт пен төзім, еңбек пен сенім бұл жолда серік болмақ.

Туысқан қырғыздарда «Ұлымның ұлын жетелеп, чоң ене болып отырсам» деген тәмсіл бар. Яғни жалғыз қалмасақ, ұрпағымыз өшпесе деген өскелең үміттің ұшқыны. Жалғыздықтың мәнін дұрыс түсіне білсек, оның ар жағында халықтың үміті, ұлттың рухы жатқанын аңғарамыз. Ақын Қадыр Мырза Әлі: «Ұлы мақсат қоймасақ алдымызға, Бола алмаймыз ешқашан ұлы халық», деп жазғанындай, алдына ұлы мақсат қойған ұлылар жал­ғыздықтың күйін кешетіні рас. Сол жалғыздық – елді асқаралы биіктерге бас­таудан туған әрекет.

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше