
Акцияны ұйымдастырушылар күннің суығына қарамастан, қала тазалығы мен өңір келбетінің көркін келтіретін жұмысшылар мен қызметкерлерге көңіл бөліп, оларға ыстық шай мен тәттілер ұсынып жылулық сыйлауды мақсат еткен. Осы арқылы өңір тұрғындарының бір-біріне деген құрметін арттыру, жұмысшы мамандықтарының мерейін үстем ету басты назарға алынған.
«Абай жастары» жастар ресурстық орталығы директоры Айдос Төлеуқанов жақсылық жаршысы болып жүрген жастар мен еріктілер әсіресе, тазалыққа жауапты коммуналдық қызметкерлерге халықтың ерекше алғысы мен құрметін жеткізуді көздегенін айтады.
«Ерікті жастар ыстық шай мен тәттілер ұсынып, өңір халқын қуантып жатыр. Сондай-ақ көшедегі кез келген адам жастар қолынан дәм тата алады. «Тәтті шай» акциясына 200-ден аса ерікті қатысты. Бірнеше күн ішінде олар шамамен 300-ге жуық тұрғынды қуантты. Іс-шарада тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерді тазартатын қызметкерлер қамтылды», дейді Айдос Абылғазыұлы.
Алдағы күндері еріктілер акция аясында зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі және көмекке мұқтаж жандардың үйіне арнайы бас сұғып, үй-жайларындағы шаруаларына қолғабыс ету мен аулаларын қардан тазарту сияқты жұмыстарына бел шешіп кіріседі.
СЕМЕЙ