
Сурет: kursiv.media
Реформаны мұқият есептеулер мен егжей-тегжей пысықтаулардан кейін асықпай жүргізу қажет. Егер мемлекет ҚҚС-ты көтеріп, айналым шегін азайтып, газ бен жанар-жағармай бағасын босатса, инфляцияның қуатты айналымына ғана емес, бизнестің іскерлік белсенділігінің күрт баяулауына да тап болады. Үкіметте өткен жиында 2025 жылы инфляциялық факторлар көп болатыны ашық айтылды. Бағаның өсуі көптеген азық-түлік және азық-түлік емес өнімге, сәйкесінше, бұл инфляцияға әсер етеді.
COVID-19 пандемиясынан бері корпоративті табыс салығы, қосылған құн салығын төлеуден босату көзделген арнайы салық режімдері бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындар базасын мұқият қайта қарау қажет. Мысалы, салық түсімдері мен бюджет шығыстары арасындағы айырмашылық 2019 жылғы 5,2 трлн теңгеден 2023 жылы 10,7 трлн теңгеге дейін өсті. Бюджеттің Ұлттық қордан түсетін түсімдерге тәуелділігі қосымша сын-қатер күйінде қалып отыр. Кейінгі 10 жылда қордан 40 трлн теңге алынды, бұл оның түсімінен 10 трлн теңгеге артық. Мұндай тәжірибе экономика үшін қаржылық буфер болып саналатын қордың сарқылу қаупін төндіреді. Салық жүйесіндегі түбегейлі өзгерістер «қоғамдық шартты» қозғайды және мемлекеттік қаржыдағы реформаларды жеделдетуді, қатаң бюджеттік ережелер мен халықаралық басқару стандарттарын қабылдауды, бәсекелестік пен өсуді ынталандыру үшін экономикаға мемлекеттің қатысуын төмендетуді қоса алғанда, мемлекеттен қарсы міндеттемелерді талап етеді.
Жиында бюджеттік ережелердің жұмыс істей бермейтіні ашық айтылды. Ұлттық қор қаражатын «мақсатсыз» пайдалануға жол берілмейтіні белгілі болды. Кейінгі екі жылда нысаналы трансферттер де, ҚМГ және «Қазатомөнеркәсіп» арқылы қордан ақша алу да Ұлттық қорды ел экономикасына серпін беретін ірі инфрақұрылымдық жобалар үшін пайдалану қажеттігі туралы тұжырымдамаға сай келмеді. Бұл үдерістердің қалыпты жұмыс істеуі үшін Ұлттық банк пен Үкіметтің бірлескен, үйлесімді жұмысы қажет. Шын мәнінде, қосымша жиналған салықтың экономиканың дамуына және азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына бағытталуы маңызды. Сондықтан бюджет шығындарын тәртіпке келтіру және олардың даму мақсатына басымдық беру жөніндегі реформаларды жеделдету қажет.
Ғалымжан АЙТҚАЗИН,
экономист