
Бұл жөнінде Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов хабарлады. Оның айтуынша, жәнібектік ардагер туған жерінің тарихына құмартып, біраз жылдан бері көне бұйымдар, тарихи жәдігерлер жинаумен айналысады екен. Бір тәуірі, Тимур Кәрімұлы тапқан бұйымдарын музейлерге тегін тапсырады. Бұдан бұрын да Жәнібек аудандық музейіне, жергілікті мектеп мұражайларына да сыйлық жасаған.
– Тимур ағамыз Жәнібек ауданының Қамысты аулына қарасты Хантүскен, Алғабас, Жайылма деген жерлерден түрлі тарихи жәдігер көп табылатынын айтады. Бұл қазіргі Ресейдің Волгоград облысы Палласовка ауданымен шекаралас аумақ қой. Бұл жер Жәңгір ханның жазғы жайлауына баратын жолдың бойы көрінеді. «Хантүскен» деген атау содан қойылған. Тимур Кәрімұлы өз коллекциясынан 160 бұйымды Мәншүк музейіне тегін тарту етті, – дейді Ахмедияр Қуанұлы.
Бұл жәдігерлер арасында ертедегі садақ жебесінің ұштары, Алтын орда заманындағы және 1753–1976 жылдар аралығындағы тиындар, ат әбзелдерінің бөлшектері, әйел әшекейлері бар. Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын зерттеп жүрген Ахмедияр Батырханов жәдігерлер арасынан Вермахт армиясының эмблемасы салынған қасықтың сабы шыққанына қатты таңғалған. Болашақта бұл бұйымдар музей қорына қосылып, көрермен назарына ұсынылады.

Батыс Қазақстан облысы