
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Алғашқы хат 1946 жылы келеді. Мүмкін жауап болмағандықтан шығар, 1947 жылы екінші хат келеді. Хаттың мазмұны – АҚШ мамандары Қазақстан үкіметі басшысы Нұртас Оңдасыновты әлемдік деңгейдегі қайраткер деп танығандықтан, энциклопедияға енгізуге келісімін сұрап, анкета сұрақтарына жауап беруін өтінген.
Бұл – аса маңызды құжат. Осыны тапқан Алматыдағы мемлекеттік архив қызметкерлеріне ризашылығымыз шексіз. Ендігі сұрақ: неге АҚШ мамандары қайта-қайта Н.Оңдасынов өмірбаянын сұрайды? Қайраткер бірінші хатқа жауап бермегені қалай?
Жауап бермеуі түсінікті. АҚШ пен кеңес одағы арасындағы саяси ахуалға байыппен қараған бағынышты республиканың үкімет басшысы өзіне жау тапқысы келмегені анық. «Бәлкім ол екінші келген хатқа жауап беріп, энциклопедияға енген шығар...» деп қатты ойландық.
Барып біле қоятын жер шалғай. Сол жақта жүрген бір таныстан анықтауын өтініп едік, ол «Оңдасынов енбепті» деп жауап қатты. Бірақ ішкі түйсігіміз бұл жауапқа қанағаттанбады. Ол жақта тамыр-танысы, сыйлас әріптесі жоқ Н.Оңдасыновқа қайта-қайта хат жазып, өмірбаянын сұраулары тегін емес. 30 мыңға жуық азаматын «шетелдің тыңшысы», т.б. жаламен қырып тастаған, халқын аштықтан азып-тоздырған республикаға 34 жасында басшы болып келіп, ел басқарудың озық үлгісін көрсеткен, соғыс жылдары өндіріспен бірге білім, ғылым, мәдениет салаларын жандандырған әділ басшының қайраткерлігін естімеуі, ескермеуі мүмкін бе? Ендеше, энциклопедияға енуі әбден мүмкін. Осы ой бізді үнемі мазалады.
Жаратқан сәтін салып, таяуда туристік сапармен Қатардың Доха аэропортынан әрі 14 сағат ұшып, Нью-Йоркке келдік. Бірден сол қаладағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығына бардық. Бас консулдың кеңесшісі Мұрат Сазанов мырзаға Мақсатымыз – қайраткер Нұртас Оңдасыновтың Әлемдік энциклопедияға енген-енбегенін білу, реті келсе табу екенін айтып, Қазақстанның мемлекеттік архивінде сақталған құжаттардың көшірмесін және Президент Қ.Тоқаевтың 2024 жылы Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына орай құттықтау хатын ұсындық. Дипломат бізді жылы қабылдап, тілегімізді орындауға тырысатынын жеткізді.
Дөңгеленген жердің екінші бетіне мұхит асып алғаш келіп тұрған соң, «көрсек, білсек» деген мақсатпен қаланы аралап кеттік. Арада үш сағаттай өткенде телефоным шырылдап, көтере қалсам: «Сәлеметсіз бе, Гүлсім апай? Сізді мазалап тұрған – Нью-Йорк қаласындағы Қазақстан Республикасының бас консулы Рауан Тілеулин. Өтінішіңізді орындадық. Нұртас Оңдасынов Әлемдік энциклопедияға еніпті!» деп қуана хабарлап тұр.
Осы сәттегі қуанышымызды айтып жеткізу қиын. Даналар айтады: «Құдай адамға айтарын ішкі түйсік арқылы жеткізеді, ал оны түсіне білу өз байыбыңда» деп. Сол рас-ау дедік. Он үш жыл ел басқарғанда бірде-бір артына жаман сөз қалдырмай, ары да, жүзі де, қолы да таза өткен қайраткер Нұртас Оңдасыновтың әлемдік энциклопедияға енгеніне, үмітіміздің шындыққа айналғанына қатты қуандық.
Сәтті сапардан соң елге оралсақ, Вашингтон қаласындағы Қазақстан Республикасы елшілігінен, нақтырақ айтсақ, Төтенше және өкілетті елші Ержан Ашықбаев мырзадан электрондық поштамызға хат келіп тұр. 1948 жылы шыққан «World Biographical Encyclopedia»-ның 4778-бетінде мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы мәлімет бар екені баяндалып, суретін түсіріп жіберіпті. Біз осы ретте еліміздің АҚШ-тағы елшілігіне риясыз алғысымызды айтамыз.
Енді осы тарихи жарияланымды саралап көрейік. Еліміз үшін күрделі де ауыр жылдары Қазақстан үкіметін даналықпен басқара білген, азап көрген халқын тоз-тозы шығудан, ел-жер асып кетпеуден сақтаған, соғыс кезеңіне қарамай ел болашағын ойлаған Нұртас Оңдасыновтың қадірін кеңес өкіметінен бұрын АҚШ-тың аңғарғанына қалай риза болмассыз! Жер шарындағы Нобель сыйлығын алғандар, Уинстон Черчилль, Джавахарлал Неру, Махатма Ганди сынды әлемдік деңгейдегі қайраткерлер, АҚШ-тың барша президенттері енген бұл энциклопедияға Нұртас Оңдасыновтың енуі өзі көп жайтты аңғартпай ма? Жердің екінші жартысындағы америкалықтар 40-жылдары-ақ бағалап, қайраткерлігін мойындаған қазақ үкіметі басшысын ұзақ уақыт өзімізге үлгі, өнеге ете алмағанымыздың сыры неде?
Әлемде қай жағынан болсын алпауыт АҚШ елінің барлық жерде елшісімен бірге тыңшысының да жүретіні жасырын емес. Олар қай басшының «қалай демалып, не ішіп, не жеп отырғанына» дейін бізден артық біледі. «Энциклопедияға Н.Оңдасынов қалай енді?» деген сұрақтың жауабы, біріншіден, оның басты себебі – одақ көлемінде жиі айтылған қайраткердің тазалығы мен іскерлігі болса керек. Екіншіден, біздің ойымызша, сол кездегі АҚШ вице-президенті Хенри Уоллестің Қазақстан сапарының нәтижесі. Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов естелігінде: «АҚШ-тың вице-президенті Хенри Уоллес соғыс жылдары Қиыр Шығыс арқылы КСРО-ға келді. Жолшыбай Алматыға тоқтады» дей келіп, халықты аштықтан сақтап қалған егіс даласын, дақылдарды көрсеткенін жазады.
АҚШ қайраткері Хенри Уоллес 1946 жылы «Кеңестік Азия миссиясы» атты кітап шығарады. Бұл кітапты тауып, ондағы мақала маңызын қазақ тілінде алғаш жариялаған – «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Дүйсенәлі Әлімақын. Ол бұл кітапты АҚШ-тың Вашингтон университетінде «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүргенде сол оқу орнының кітапханасынан тауыпты. Ол кітапта мынандай деректер бар:
«...Қарағанды мен Балқашқа сапарымыз кеңестік Азияның болашағын аңғартты. Біз екі қаланы бір күнде, яғни 13 маусымда аралап шықтық. Қытайдың солтүстік-батыс шекарасына жақын Ертіс өзені бар Семейден мың мильдік әуе жолын кесіп өттік. Таң ата көздеулі жерге жеттік, қаладағы кеншілер жұмысына сағат жетіге жету үшін ерте пойызға асығатын сияқты... Қарағанды диірменінен шыққан ұн майданға жіберілді. Ресейдің қираған аудандарында ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге де көмектесуде. Семей облысы неміс-фашистерінен азат етілген аймақта мал шаруашылығын қалпына келтіру мақсатында 5 вагон жүк, 40 000 бас ірі қараны және 2 000 ферма қызметкерлерін жіберді...
Біз Алматы әуежайында сол кездегі Қазақ кеңестік республикасының президентімен (автор солай деп жазған) таныстық. Ол – қазақ, аты – Нұртас Оңдасынов, оның Алматыдағы жұмыс орны мәскеуліктерден гөрі чунчиңдіктерге (Қытайдағы қала) ұқсайды. Онымен бірге екі орыс қызметкері бірге жүрді. Бірі – оның көмекшісі А.П.Загавельев, ал екіншісі – Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы П.Г. Орехов.
1939 жылы Қазақ Республикасының жалпы халық саны – 6 000 000 адам болыпты.
Автокөлікпен саялы ағаштармен көмкерілген, тас төселген көшелермен жүріп қалаға келдік. Әр қиылыста жол полицейлері бізге жол белгісін көрсетіп тұр. Бізге ескі ғимараттар керемет әсер берді: ағаштан жасалған үйлер көп. Орманның арасына орналасқан Қазақстан үкіметіне тиесілі демалыс үйінің алдына тоқтадық. 17 маусымнан 18 маусымға қараған түні сонда қалдық. Жан-жағымыздағы табиғаттың сұлулығына көзіміз тояр емес. Жол жиегіндегі бұрылыстардағы жасыл алқаптар да көздің жауын алады.
Дастарқан басында Нұртас Оңдасыновқа сұрақтар қойдым, ол: «Қарағанды металлургия комбинатында жұмыс істейтіндер ескі «диірмендерде» – Магнитогорск пен Кузнецкіде арнаулы тәжірибеден өтеді. Өзбектер де өздерінің жұмысшыларын дәл солай жетілдіріп жатыр... Алматыда 1929 жылы небәрі 40 мың адам болған, ал 1931 жылы Ташкент пен Семей арасындағы Түрксіб теміржолының ашылғанынан кейін халық саны өсе бастады», деді.
«Егер темір жолдар пайдалы қазбалар бар жерлерге дейін созылса, қай маңға жетер еді?» деген сұрағыма Оңдасынов: «Фрунзе, Шымкент, Жамбылға дейін барар еді. Жамбыл – біздің көне қаламыз, 1500 жылдық тарихы бар дейді археологтер. Ташкент пен Самарқанд сияқты ол да бірнеше рет қиратылып, қайта салынды, әр уақытта жаулап алғандар бұл қаланың атауын өзгертіп отырды. Әуелі ол Яны, сосын Әулие ата, Тараз деп аталды. Біз оны ғасыр жасаған қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың есімімен атадық», деді.
...Семей маңындағы қазақ малшылары өз дәстүрлерін әлі ұстанады. Кез келген дала қазағы жылқы бағады, ал олардың сүйікті сусыны – қымыз. Мен қазақтың киіз үйінде қонақ болып, қымыздан ауыз тидім. Осы барыста олармен бүгінгі өмірге деген көзқарастары туралы әңгімелестік.
Бізге Семей облысының әкімі Әбжан Жүсіпов деген қазақ еріп жүрді. «Біздің облыста миллионнан астам мал бар». Кенет бізбен бірге жүрген біреу жылқының бағасын сұрады. «Бағасы сатып алушыға байланысты», деп жауап берді Жүсіпов. «Ең жақсы жылқыларды қызыл армия алады, атты әскерге сатылған жылқының бағасы 700 сом, бұл біздің ең төменгі бағамыз. Ал үкіметке сатылған жылқы 1500 сом...».
Мен мұндағы халықтардың өмір сүру деңгейін көтеру керектігі туралы, онсыз тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге болмайтынынын, т.б. пікірімді ашық айттым.
Келесі күні, 18 маусымда таңертең мен Мәскеуге қайтқалы тұрған АҚШ елшісі Харриманмен қоштастым. Ол маған бұл сапарым оң бастама әкелетінін айтты».
Иә, сол тарихи сапардан бері 79 жыл өтсе де, АҚШ вице-президенті Хенри Уоллестің жазбаларындағы әрбір мәлімет біз үшін, тарих үшін аса құнды. Оның астарынан сырт көздің Қазақстан шындығына қаныққанын, қайраткер Нұртас Оңдасыновтың Әлемдік энциклопедияға ену жолының табиғи себебі айқындала түседі.
Орта Азияға арнайы келіп, оның ішінде Қазақстанның экономикасын, әлеуметтік жағдайын зерттеп-зерделеп, кітап жазған қайраткер Хенри Уоллес сол кезде-ақ қазақ халқының, қайраткерлерінің әлеуетіне сенген секілді.
Қалай болғанда да әлемдік державаның КСРО қоластындағы Қазақстан республикасы Министрлер кеңесінің басшысы, яғни премьер-министр Нұртас Оңдасыновтың басшылық қызметіне, дара қабілетіне, кәсібилігі мен халықшылдығына берген жоғарғы бағасы ХХ ғасырдың 40-жылдары-ақ АҚШ саясаттану тарихына енгені – елеулі факт. Сондықтан «World Biographical Encyclopedia»-ның 1948 жылғы басылымы тәуелсіз Қазақстан үшін де маңызды.
Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ,
ардагер журналист, нұртастанушы