Құқық • 06 Ақпан, 2025

Әділет органдарының жұмысын ЖИ жеңілдетпек

212 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Президент жа­нын­дағы Орталық ком­муникациялар қызме­ті алаңында әділет органдарының қызме­тін цифрландыру мә­селе­леріне арналған бас­па­сөз конференция­сы өтті. Іс-шарада Әділет вице-министрі Бекбо­лат Молдабеков алдағы уақытта халық жасанды интеллектінің көмегімен жылжымай­тын мүліктерді рәсім­деп, чат-боттар ар­қы­лы кейбір заңдық қыз­меттерді тұтына алатынын мәлімдеді.

Әділет органдарының жұмысын ЖИ жеңілдетпек

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Әділет министрлігі өкілі­нің айтуына қарағанда, ми­нистрлік ЖИ арқылы бұ­қараның өмір сүруін жеңіл­дететін бірнеше жоба әзір­леген. Министрлік аталған жобаларды іске асыру мақ­сатында еліміздегі университеттермен бірігіп, жұмыс тобын құрған. Сондай-ақ спикер алдағы уақытта ІТ сала­сының кәсіпкерлерімен де ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

– Қазіргі уақытта азамат­тар­ға заңдық тұрғыда тәу­лік бойы кеңес беретін «Е-Zan Komegi» мобильді қосым­шасының «чат-боты» әзірленіп жатыр. Осы жоба арқылы біз халықтың құқықтық сауатын арттырып, олардың кез келген сұрағына дер кезінде жауап беру мүмкіндігіне ие боламыз. Мәселен, біз жос­парлаған жобалар толықтай іске қосылғанда азаматтар құқықтық көмекті, яғни заң­дық кеңесті үйінде отырып-ақ ала алады, – деді вице-министр.

Спикер «Е-Zan Komegi» мобильді қосымшасы адвокаттар мен заңгерлердің жұмысын автоматтандырып, онлайн кеңес беру, қоңы­рауларды қабылдау, кездесу уақытын белгілеу, заң қызмет­терінің түпнұсқалығын тексеру секілді жұмыстарды атқа­ра алатынын, бұл жұмыс әрдайым жетілдіріліп отыратынын тілге тиек етті. Бола­шақта Әділет министрлігі жыл­жымайтын мүліктерді рәсім­деу қызметін де ЖИ ар­қы­лы онлайн жасауға көшеді.

– Біз бұған дейін сенім­хаттарды рәсімдейтін «Enota­ry» жобасын іске қостық. Екі жыл ішінде 67 490 сенімхат рәсімделіп, жүйе жақсы жұмыс істеді. Тұтынушылар тарапынан ешқандай арыз-шағым тіркелген жоқ. Енді осы жоба аясында жылжымай­тын мүлікті сату, ипотека рәсім­деу секілді бірнеше қызметті онлайн режімге ауыс­тыра­мыз. Азаматтарымыз шетелде жүріп те үйлерін сата алатын болады. Ал ипотека рәсімдеу үшін банкке 10-15 рет барудың қажеті болмайды, – деді спикер.

Сондай-ақ вице-министр «Zanbar» және «IPrav» қосым­шаларында адвокаттар мен заң кеңесшілерінің рейтингі бар екенін түсіндіріп, Қаз­ҰТЗУ-мен бірлесіп заң клиникаларын ашатынын, ол жүйе­де жасанды интеллект емес, заңгерлердің өзі отыратынын, кез келген азаматтың олардан кеңес алуына болатынын жеткізді.

– Біздің басты міндетіміз – азаматтардың құқықтық қорғалуы. Әрине, елдегі бар­лық адамның сұрақтарына жауап беретін адвокат пен заң кеңесшісі мамандарын табу қиын. Сондықтан да тұрғындар тарапынан көп қойылатын сұрақтарға ЖИ және мобильді қосымшалар арқылы жауап беру тиімді болады. Министрлік алдағы уақытта осы бағыттағы жұ­мыс­тарды да жандандыра бе­реді, – деді Бекболат Серікұлы.

Вице-министр бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері­не 2024 жылы қолданысқа енген «Робот сот орындаушы» жобасының да нәтижелі жұмыс істеп жатқанын жет­кізіп, нақты деректерді мысал­ға келтірді.

– Бізге бұрын сот орын­даушыларға қатысты шағым көп түсетін. Мәселен, бұрын жүргізушілер «Сергек» камерасына түсіп қалғанын сот орындаушы әкімшілік айыппұлды өндіруге келгенде ғана біліп, айыппұлды бір, сот орындаушының 25 пайыздық қызметін екі төлеуші еді. Қазір біз ІТ технологияның көмегімен смс-хаттар жолдайтын жүйеге қол жеткіздік. Яғни айыппұл өндіру жұмысын «робот сот орындаушы» тегін істейді. Нәтижесінде, 2024 жылдың тамыз айынан бүгінге дейін 454 мың өндірістік іс қозға­лып (9,6 млрд теңге сомасы­на), халықтың қалтасындағы қаражаттан 551 млн теңге үнемделді, – деді вице-министр.