еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналды
Шығыс Қазақстан – әрдайым достықты ту етіп келе жатқан өңір. Еліміздегі барша ұлт пен ұлысты ұйытып отырған келісім моделінің нығаюына ерекше үлес қосқан шығысқазақстандықтар көптеген идеялар мен жобалардың бастамашысы. Таяуда Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына орай өңірде онкүндік шаралар басталды. Алдымен Өскемендегі Достық стеласының алдында шығысқазақстандық этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен ауқымды флэш-моб акциясы өтті.
Облыстық «Достық үйіндегі» «Ынтымақ-Содружество» жастар бірлестігінің бастамасымен өткен акцияға жастар ұйымдарының белсенділері, жоғары оқу орындарының студенттері және этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары қатысты. Флэш-мобқа қатысқан түрлі ұлт өкілдері өздерінің ұлттық нақыштағы әсем киімдерін киіп, қолдарына еліміздің Көк туын ұстап, бір шаңырақ астында жарасымды, өзара түсіністікте өмір сүріп жатқандықтарын паш етті.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялағаны белгілі. Ассамблеяның ХХІ сессиясында қабылданған бұл шешімнің мәні зор. Шығыс өңірінде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Мемлекет басшысының этносаралық келісім моделінің тиімді жүзеге асырылуының нәтижесінде өңірімізде барлық ұлт өкілдері достық рәуіште, тату-тәтті тіршілік етуде, – деді Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев.
Салтанатты шараның соңында флэш-мобқа қатысушы жастар еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшіліктің нышаны ретінде зеңгір көкке шар ұшырды. Аталған шараның мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында еліміздегі достық пен ынтымақты, бірлікті нығайту, Отанға деген сүйіспеншілік рухты ояту, жастарға патриоттық тәрбие беруді жандандыру. Осылайша, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуы қарсаңында өткен флэш-моб акциясы шара шеңберінде өтетін онкүндіктің алғашқы шымылдығын түрді.
Бұл онкүндік барысында түрлі қайырымдылық акциялары, концерттер өткізіліп, дәрістер мен конференциялар ұйымдастырылды. Айталық, Достық үйінің ұжымы мен «Ынтымақ-Содружество» жастар ұйымы Зырян ауданының Серебрянск қаласындағы балалар үйіне қайырымдылық көмек ұйымдастырды. Сондай-ақ, «Қайырымды қолдан махаббатпен!», «Жан жылуыңды сыйла!» атты қайырымдылық акциялары өтті. Аталған акция аясында төрт баласын бағып отырған жалғызілікті ана Кенжегүл Қанапияноваға азық-түлік себеті жеткізілді.
«Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігі Өскемендегі Ахмиров кентіндегі балалар үйінде концерт өткізді. Балалар үйінің директоры Аман Ісләмов кавказдық өткір билердің балалардың көңілін көтергенін жеткізіп, ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, «Сүйікті қалам» акциясы аясында этномәдени бірлестіктер мен хореографиялық ансамбльдер қаланың көрікті орындарын аралады. Этномәдени ұйымдардың жастары Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Даңқ мемориалына, Ұлы Абайдың 170 жылдығы қарсаңында ақын ескерткішіне және геноцид құрбандарына арналған «Хачкар» киелі тасына гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті.
Өскемендегі жоғары оқу орындарында Ассамблея институтының маңызы жөнінде дәрістер оқылды. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің «Қазақстан және құқық тарихы» кафедрасының меңгерушісі Галина Панковская Тәуелсіздік жылдары ішінде қоғамның рухани өмірінде әлеуметтік жауапкершілікті сезіну, ұлттық сананың жаңғыруы сынды өте күрделі үдерістер жүргенін, тоқсаныншы жылдардың басынан бастап тарихты қайта зерделеу кезінде ең басты қол жеткізген байлығымыздың бірі халықтар достығын сақтап қалу болғанын атап көрсетті.
– 1992 жылы Қазақстан халқының І форумында Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған форумды тұрақты өткізіп тұру идеясын айтты. Ал 1995 жылы 1 наурызда қоғамдық-саяси өмірімізде ұлттық саясат саласындағы жаңа институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы пайда болды. Осылайша, ТМД елдері арасында еліміз алғаш рет этносаралық қоғамның қазақстандық моделін бекітті. Аталған институт құрылғаннан бері елімізде тұратын барлық ұлттардың өзара достығы мен келісімін нығайтуға үлкен септігін тигізді, – деді Галина Панковская.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.