Мен – Ұлы Отан соғысының қырғынын көрген адаммын. Одан кейінгі бейбіт өмірдің нанын маңдай теріммен таптым,
статистика саласында қызмет істедім, Қазақстанның дамуына мысқалдай болса да өз үлесімді қостым, отбасын тербетіп, бала тәрбиелеп, солардан шөпшегімді сүйіп отырған бақытты жанмын.
Өз өмірімді тізбелеп отырғаным, менің соғыстан аман қайтқаннан кейінгі Қазақстандағы бақытты өмірім тек бейбітшіліктің арқасы екенін айту еді. Өзім Қазақстанның тумасымын, осы Қостанай қаласының іргесіндегі ауылда туып-өстім. Бейбітшіліктің өзі елдің ішіндегі ұлттар мен ұлыстардың, сырттағы мемлекет арасындағы тату өмір сүру ғой. Тұтас ел түгіл, бір отбасында бір күн ұрыс болса, сол үйден береке кетеді. Кеңқолтық қазақ жеріндей қасиетті мекен бар ма екен? Бұл жердің қасиетінің өзі халқының қанында бар қонақжайлылығы мен қанға сіңген адамгершілігінде жатыр. Мұны тарих та жақсы біледі, бүгін де осы кең даланы жайлаған, оның суын ішіп, отын оттаған әр ұлыс сезінеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өз алдына ел болған соң алдымен саясатты қоя тұрып, экономиканы дамыту мен халық бірлігін ту етіп ұстады. Қазағы, орысы, украины, татары, әзербайжаны, өзбегі, еврейі, басқасы бар жұмған жұдырықтай бірлікте өмір сүріп келеміз.
Мен он төрт жылдан бері ардагерлер кеңесін басқарып келемін. Денсаулығымыздың жеткенінше қоғамдық жұмысқа белсене араласамыз. Сонда қайсымыздың аузымызға алдымен түсетіні – ұлттар бірлігі, бейбіт өмір. Өйткені, балаларымыз, немерелеріміз біз көрген тозақты көрмеуі тиіс. Украина туралы беріліп жататын хабарларды қазір тыңдай алмаймын. Ондағы төгілген қан туралы естуге менің денсаулығым жетпейтін болып жүр. ХХІ ғасырда барлық ғылымды, өнерді дамытқан адамзаттың ақылы қан төкпеуге жетпей жатса не айтасың?
Мектепке, оқу орындарына жастармен кездесуге жиі шақырады. Сонда сөзді алдымен бейбітшілік, ұлттар достығы туралы бастаймын. Біздің еліміздегі ұлттар арасындағы бірлік, сыйластық сол қан төгіп жатқан елдің барлығына үлгі болғандай. Көшеде кетіп бара жатсам, Қостанайдағы қай ұлттың өкілі болса да менің алдымнан кесіп өтпейді. Қай ұлттың өкілі болсын танығаны келіп қолымды алып сәлем береді. Тек мен емес, ардагерлердің барлығы да осындай сый-құрметті сезінеді. Ал бұл – кейінгі ұрпаққа да мол тәрбие. Ұлттар бірлігі жоқ елде мұндай сыйластық болмайды.
Қазақстанның болашағы өте жарқын. Өйткені, бірлік бар жерде береке бар. Менің бақытым да осы.
Михаил ПОДОЛЯКОВ,
Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері.
ҚОСТАНАЙ.