Шығыс өңірінің орталығы – Өскеменде оң өзгерістер көп. Әсіресе, қаланы қақ жарып ағып жатқан ерке Ертістің сол жағалауы тез өркендеп келеді. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан бұл бөлікте тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, спорттық-сауықтыру кластері, театр және саябақтар белдеуінің құрылысы жүргізіліп, бірінен соң бірі пайдалануға берілуде. К.Маркс даңғылының құрылысы жүзеге асырыла бастады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аумақтарды көріктендіру мен санитарлық тазалауға көп көңіл бөлінуде. Өскеменді өркендету жөнінде қолға алынған игі жұмыстар жөнінде шаһар басшысы Темірбек Қасымжанов қала тұрғындарымен есептік кездесуінде баяндады.
Қала әкімі сол жағалауда орналасқан Жібек маталар комбинаты, Күленов және Жыланды шағын аудандарының тұрғындарымен кездесу барысында Жібек жолы, Бастау, Базовая, 5-желтоқсан, Рижская, Зайсан, Энтузиаст көшелері асфальтталып, Фрунзе, Щорс, Ульянов көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Әкімнің айтуынша, сондай-ақ 11 көшенің бойымен орталықтандырылған су құбыры тартылып, К.Маркс даңғылына жарық шамдары, Ә.Молдағұлова көшесіне аялдама кешені орнатылды. Екі кондоминиум аумағында 33 шағын сәулеттік мүсіндер пайда болды. 18 қоқыс алаңы жойылды. Барлық кондоминумдерде ардагерлер кеңесі, жергілікті өзін-өзі басқару комитеттері, құқық бұзушылықтың алдын алу кеңестері құрылды.
Тұрғындар кездесуде көкейкесті мәселелерін жеткізді. Оның ішінде К.Маркс даңғылындағы автобус бағыттарын ұзарту, жабайы жануарларды аулау, Болатов атындағы емхананың қызмет көрсету сапасын жақсарту және басқа да мәселелер бар. Кездесуге қатысқан салалық құрылым басшылары аталған мәселелердің шешімін табуға уәде берді. Жаңа ауданның тұрғындары қаланың тез өсіп келе жатқаны үшін шаһар басшысының жұмысын оң бағалап, қызметіне табыс тіледі.
Темірбек Қасымжанов сонымен бірге, Октябрь және Аблакетка шағын аудандарының тұрғындарымен кездесті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жемісті жұмыстар жүргізілген шағын аудандарда биыл «жасыл белдеу» жобасы қолға алынып, Гагарин бульварында демалыс мүйісі, балалардың ойын алаңы салынбақ. Сондай-ақ, қала меншігіне өткен Металлургтер саябағы жаңа кестеге сай қысы-жазы қызмет көрсететін болады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.