
Жаңа нысанның ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жыл сайын аймақтағы денсаулық сақтау саласының бюджеті ұлғайып келе жатқанын айтып өтті.
«Мемлекет басшысы бастамашы болған ұлттық жоба халықтың өмір сүру ұзақтығы мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Жоба аясында облыс көлемінде 28 медициналық нысан салынды. Осы аудандағы Есет батыр, Мырзабай ахун ауылдарында екі дәрігерлік амбулатория 2023 жылы ашылып, қазір ел игілігіне қызмет етіп келеді. Бүгін қолданысқа беріліп отырған нысан да бастапқы медициналық көмек көрсету сапасын жақсарта түсеріне сенеміз. Дәрігерлеріміз елге адал қызмет етіп, тұрғындардың алғысына бөлене берсін», – деді облыс басшысы.
Өткен жылы өңірде 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл алты нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады. Соңғы 2 жылда облыстың елді мекендеріндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 245 жаңа санитарлық автокөлік табысталды, оның 11-і Жалағаш ауданының үлесіне тиді.
Былтыр наурызда Сырда «Руханият жылы» басталып, оның аясында мәдени-көпшілік шаралармен қатар ауқымды жобалар да қолға алынды. Аймақ мәдениеті мен өнеріне өзгеше леп әкелген жыл аясында көпфункционалды, 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Дәстүрлі өнердің байрағы көтерілген өңірде «Жыраулар үйі» ашылып, жәдігер жырды ардақ тұтқан ағайын қуанышқа кенелді.
Атаулы жыл аясында барлық ауданда рухани-мәдени орталықтар құрылысы басталып, алды қазір қолданысқа беріле бастады. Неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар осындай нысанның бірі Жалағаш кентінде есігін айқара ашты. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың арнауымен басталған салтанатта облыс басшысы тұрғындарды құттықтап, ортақ іске үлес қосқан азаматтарды марапаттады.
Қызылорда облысы,
Жалағаш ауданы