
Суретті түсірген – Анель Айбасова
Осыдан кейін жұмбағын жасырған жартастарды кешенді зерттеу мақсатында Алматы облысының қазынасынан қаражат та бөлінген. Содан бергі кезде Талдықорған қаласына таяу жатқан жұмбақ таудан әлі күнге дейін еш жерде тіркелмеген, зерттелмеген жүздеген ежелгі қазба, жартастарға қашалған мыңдаған сурет табылып жатыр. Мәселен, әйгілі қазақ археологі Зейнолла Самашев та Арқарлы петроглифтерін соңғы кезеңдегі отандық ғылымның ең маңызды оқиғаларының қатарына жатқызады.
Жақында Алматыда бар болғаны 300 тиражбен жарық көрген «Арқарлы тауының петроглифтері» атты монографияның тұсауы кесіліп, оған танымал тарихшылар, этнографтар мен суретшілер қатысты.
Отандық ғалымдар Арқарлы тауындағы петроглиф шоғырларының бірінде ерте түркі қағанаты кезіндегі эпикалық шайқастар бейнеленген деп болжам жасап отыр. Суретте жалауларымен ат үстіндегі шабандоздар тобының жекпе-жегі көрсетілген.
«Жақын жерде Түркі қағанатының алғашқы билеушілері – Ашина руының синхронды таңбасы табылды. Демек сахна біздің заманымыздың VII ғасырға жатқызылуы мүмкін», дейді Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, монография авторларының бірі Александр Горячев.
Археологтердің пайымдауынша, бұл түркілердің жужандармен шайқасы – Түркі қағанаты мемлекетінің тууына әкелген алғашқы ұрыстың бірі, яки түркі тарихы үшін түркі мемлекеттілігінің басындағы тағы бір, бірақ өте маңызды шайқасы болуы ғажап емес. Қалай десек те, Арқарлы петроглифтері – әлемде теңдесі жоқ бірегей тарихи ескерткіш. Алайда кескін қиыршық тас зауытының жұмысы салдарынан қатты бүлінген, бірақ мамандар болашақта бірнеше шаршы метрді алып жатқан шайқас панносын толығымен қалпына келтіреді деп үміттенеді.
Ал шайқас сахнасы – Арқарлы тауында 38 шоғыр түрінде табылған 4 мыңнан астам петроглифтің бүтін бір ескерткіші. Суреттер ерте қоладан (шамамен 4 мың жыл бұрын) XIX ғасырға дейінгі кезеңге жатады. Олар көбіне осы аймақта болған жазба тарихқа дейінгі жанартау кратерінің беткейлерінде орналасқан. Бұл жерден 40-тан астам ежелгі және ортағасырлық қоныс, мыңнан астам қабір (негізінен жауынгерлер) табылған. Александр Горячевтің айтуынша, жауынгерлік жерлеу орындарының көптігі ежелгі дәуірде және Арқарлы ерте түркі дәуірінде маңызды әскери орын, сонымен қатар киелі орын болғандығын көрсетеді.
Арқарлының суреттері үлкен жанрлық және стилистикалық алуандығымен ерекшеленеді. Мұнда қола дәуіріндегі ешкілер мен бұқалардың үшбұрышты бейнелері, скиф-сақ аң стиліндегі үлкен шеберлікпен жасалған суреттер, жыртқыштардың шөпқоректі жануарларды талау көріністері табылды. Бірақ тастағы сурет өнері сюжеттерінің негізгі тобы жануарлар кейпінде бейнеленген, дүниеге әкелуші ананы қастерлеумен байланысты. Аңшылық, шабандоздардың көптеген суреті бар. Түркі кезеңі қарулы жауынгерлер мен жалаулы шабандоздардың суреттерімен сипатталады. Ежелгі түркі (қарлұқтар, қыпшақтар) және қазақ руларының (албан, жалайыр), оның ішінде өте сирек кездесетін – мысалы, төлеңгіт әлеуметтік тобының тамғалары кеңінен ұсынылған. Олар түркі тайпалары мен қазақ руларының көші-қон тарихына сәуле түсіреді, орын ауыстыру хронологиясын және Оңтүстік–Шығыс Қазақстан аумағындағы ортағасырлық саяси құрылымдардың шекараларын нақтылауға мүмкіндік береді.
Осы арада Арқарлы ескерткіштері 2017 жылы жергілікті тұрғындар Мұратхан Сыдықбеков пен Үсен Құранбековтің арқасында табылғанын еске сала кеткен жөн. Кешеннің алғашқы зерттеушілері атақты қазақ тарихшысы Алексей Марьяшев (1933–2018) пен «Охотники за петроглифами» қауымдастығының ғылыми еріктілері десек болады. Олар 2017–2021 жылдары өз есебінен Арқарлыға бірнеше рет халық экспедициясын ұйымдастырыпты.
Тарихи орында кешенді түрде зерттеуді Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары жүргізіп жатыр десек, оның ішінде Ерлан Казизов, Александр Горячев, Татьяна Егорова, Саид Ғалымжанов сынды ғалымдардың үлесі мен ізденісі ерен. Әрі бұл зерттеушілер – Археология институты жарыққа шығарып отырған «Арқарлы тауының петроглифтері» монографиясының авторлары. Зерттеу нәтижелерін дайындауға «Охотники за петроглифами» қоғамының ғылыми еріктілері – Анель Айбасова, Сергей Алексенок, Дмитрий Ананьев, Ерлан Жағыпаров (Степняк), Владимир Тимошевский және басқалар үлкен үлес қосқан, ал еріктілердің жетекшісі –монографияның бірлескен авторларының бірі Ольга Гумирова.
Баспасөз мәслихатында қайталанбас тарихи жәдігердің қалай жойыла жаздағанын баяндаған Ольга Гумирова сегіз жыл бұрын Арқарлы ауданы мүлдем зерттелмегенін, тіпті қорғалмағанына да тоқтала кетті.
Осы арада айта кететін тағы бір жайт: сол кезде танымал журналист Серік Әбікенұлы петроглифтері бар тастарды қиыршық тасқа айналдыратын зауыт алаңынан анықтаған еді. Ақиқатына келгенде, бірнеше ежелгі тарихи тастар осылай жоғалған, құрылыс құрбанына айналған. Ғалымдар олардың петроглифтері ата-бабаларымыздың рухани танымдары туралы ақпарат берген болуы мүмкін деп болжайды, бірақ өкінішке қарай, ол суреттер мәңгілікке жоғалғаны қынжылтады.
Дегенмен, 2018–2021 жылдар аралығында ғалымдар мен еріктілер бұл мәселеге қайта-қайта қоғам назарын аударып, БАҚ өкілдерімен, жергілікті тұрғындармен және билік органдарымен кездесіп, біраз жұмыс атқарды. Осы орайда, Арқарлы петроглифтерін құтқаруға қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан мен қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан қосылғанын айту парыз. Нәтижесінде, жоғарыда атап өткендей, 2021 жылы археологиялық кешенді мемлекет қорғауға алды. Сол сияқты Жетісу облысының тарихи-мәдени мұрасын қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов та Арқарлы кешенінің үлкен туристік және ғылыми әлеуеті бар екендігін алға тартып отыр.
АЛМАТЫ