Әдебиет • 07 Ақпан, 2025

Жаңа кітап оқырманға жол тартты

502 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласының №8 көпшілік кітапханасында жазушы, журналист Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Жаңа кітап оқырманға жол тартты

Ауыл баласының алаңсыз өмірін арқау еткен повестік шығарма адам бойындағы адалдық, жанашырлық, мейірім секілді ізгі қасиеттерді көрсетуге тырысады. Басты кейіпкер – Әмірдің балалық шағын суреттеу арқылы автор ауыл адамдарының кісілік келбетін, боз жусан болмысын бүкпесіз беруге ұмтылады. Сондай-ақ шығармада адам мен табиғат арасындағы үзілмес үндестік сөз етіледі.

«Бүгінгі күні дүниенің дидары құбылып, адам бойындағы асыл қасиеттердің арнасы бұзылып, жаппай өзгеріске ұшырап жатқанын байқап келеміз. Оның ішінде ұлт тәрбиесінің ұстыны саналатын отбасы институтының құндылығы құлдырамаса да, шатқаяқтағаны белгілі. Қолыма қалам алып, повесті жазуға кірісердің алдында тұнығы лайланбаған ауыл адамдарының бейнесін бедерлей отырып оқырман ойына жып-жылы сәуле түсіргім келді. Әке, ана, бала арасындағы нәзік алайда берік ара-қатынастың үйлесімді үлгісін көрсетуді мақсат тұттым», деді кітап авторы Төлен Тілеубайұлы.

Кітапқа «Түлкілітаудың аспаны» повесінен бөлек, шағын әңгімелер де жинақталған. «Ақбөкен жылаған түн» деректі-көркем әңгімеге қазақтың батыр азаматы, қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлермен арпалысы, сондай-ақ өшпес ерлігі негіз етіп алынған. Ал «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» әңгімелерінде махаббатқа адалдық пен албырт шақта адам әрекетінде кездесетін қателіктер сөз етіледі.

Таныстырылым барысында оқырмандар кітап турасында ой-пікірін білдіріп, толғандырған сұрақтарын қойды. Артынша автор жиналғандармен бірге автограф сессия өткізді.