Қазақтың аяулы да көрнекті ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың есімі поэзиясымен де, елінің кемел келешегі үшін сіңірген ерен еңбегімен де ел жадында жаңғыра береді. Өйткені, ақынның нәзік те кәусар жырларын барша оқырман сүйіп оқиды. Ақынның шығармашылығын зерттеуге талпыныс білдірушілер арасында Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары да бар.
Аталған білім ордасы химия-биология бағытында шәкірт тәрбиелеуге машықтанғанмен, мұнда жас буынның білімді, білікті болуымен бірге, елдің тарихы мен мәдениетін, әдебиетін мен өнерін терең меңгеруіне басымдық беріледі. Мектеп директоры Айдарбек Айтбукешовтің айтуынша, әсіресе, әдебиетке жаны құмар оқушылардың талабына зор қолдау жасалып отыр. Тіпті, мектеп оқушыларының Фариза ақынға арнаған шығармаларының жинағы шығарылып, ақын мұрасын кеңінен насихаттау да қолға алыныпты. Сол себептен, білім ордасында қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова атындағы арнаулы сынып ашу ұйғарылыпты.
Ақын атындағы арнаулы сыныптың ашылуында Фариза Оңғарсынованың курстасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп студенттік күндердің, аяулы ақынның поэзия әлеміне алғаш қадам басқан сәттерінің естелігімен бөлісті. Ал педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Қайыржанқызы ақын поэзиясының терең сырлары туралы әңгімеледі. Фариза ақын шығармашылығын зерттеуге талпыныс білдірген мектеп оқушылары өз өлеңдерін оқыды.
Арнаулы сыныптың ашылуына ақынның сіңлісі Арита Асқарқызы да қатысты.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.