
Музей директоры Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, археологиялық зерттеу нәтижесінде Ұлық ұлыс (Алтын Орда) кезеңіне тән көп жәдігер табылған. Оның ішінде соғу әдісімен жасалған, арабша жазумен, өсімдік суретімен безендірілген күміс, қола тиындар, көптеген қыш ыдыс, әшекейлер, жануарлардың сүйектері мен металл бұйымдар бар.
«Ерекше назар аударуға тұратын жәдігердің бірі – Алтын Орда кезеңіне тиесілі алтын жапсырма. Мұндай жәдігер алғаш рет табылды. Осы кезге дейін ортағасырлық Сарайшық қалашығына бірнеше рет археологиялық зерттеу жұмысы жүргізілді. Бірақ алтын бұйым табылмаған болатын», дейді М.Кипиев.
Оның пікірінше, алтын жапсырма қобдишаның немесе кішкентай сандық қақпағының топсасы ретінде қолданылған болуы мүмкін. Бұл бұйым өрнектеу тәсілі арқылы жасалған. Жоғары бөлігінің айналасына иреленген өрнек салыныпты. Жоғары және төменгі бөлігі қошқар мүйіз оюымен өрнектелген. Топса ретінде бекітуге арналған екі тесігі бар.
Алтын жапсырманың өлшемі тым үлкен емес. Оның ұзындығы – 6 см, ені – 1 см. Ал қалыңдығы 0,2 см-ді құрайды.
Музей қызметкерлері Ұлық ұлыс кезеңіндегі алтын жапсырмаға реставрация жүргізіпті. Содан оны «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына тапсырды. Осы кезге дейін тарихи қалашықтағы музей-қорығы 286 жәдігермен толығыпты.
Атырау облысы