Қоғам • 08 Ақпан, 2025

Ерлікті ұлықтау зерделенді

222 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше елордағағы «Rixos President Astanа» қонақүй кешенінің конференция залында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты тақырыппен кеңейтілген төралқа отырысын өткізді. Іс-ша­рада Жеңістің 80 жылдығына дайын­дық және оны мерекелеу мәселелері талқыланды.

Ерлікті ұлықтау зерделенді

Кеңейтілген төралқа отырысына барлық облыс пен Ас­тана, Алматы, Шымкент қала­ларынан ардагерлер кеңестерінің басшылары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, Мәдениет және ақпарат вице-министрі, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­дері қатысты.

Іс-шара шымылдығын Мемлекет және қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты, «Ар­дагерлер ұйымы» орталық кеңесінің төрағасы, Еңбек ері Бақтықожа Ізмұхамбетов ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен құрылтайда да, «Ana tili» газетіне берген сұхбатында да Жеңістің 80 жылдық мерекесін тойлау мәселесіне ерекше мән бергенін атап өтіп, «Ардагерлер ұйымының» кеңейтілген төралқа жиыны осы тақырыпты талқылауға арналып отырғанын жеткізді.

«Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты алғашқы баяндаманы «Арда­герлер ұйымы» орталық кеңесінің төралқа мүшесі, тарих ғалымдарының кандидаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов жасап, Жеңіс күнін тойлаудың стратегиялық мәнін бұқараға кең көлемді түсіндіру керектігін тілге тиек етті.

«Ресми деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа 35 миллион адам қатысты. Еліміздегі 18-50 жас аралы­ғындағы ер-азаматтардың 70 пайызы, яғни 1,5 миллионы қазақ даласынан майданға аттанды. Майданның алғашқы күнінен бастап, Қазақстан аумағында қаншама әскери құрама жасақталды. 50-ге жуық жекелеген полк және батальон сарбаздары біздің елде әскери дайындықтан өтті. Оның ішінде таза қазақ ұлты өкілдерінен құралған 3 кавалериялық дивизия, 2 бригада болған. Тіпті Ресей, Өзбекстан секілді көршілес елдерден де майданға аттанған боздақтарымыз аз емес. Мәселен, Ре­сейдің Чкалов облысында жасақталған 196-атқыштар дивизиясының 80 па­йыз­ы, 195-дивизияның 50 пайызы, 193-дивизияның 40 пайызы, Өзбекстанда жа­сақталған 69-дивизияның 45 пайызы таза қазақ ұлтының өкілдерінен құралған. 80 жылдық мерекенің аясында осындай тың деректердің бетін ашып, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізе беруіміз керек», деді Абай Бөлекбайұлы.

Сонымен қатар А.Тасболатов қазір кейбір саясаткерлер соғыс шындығынан алшақтап, халықты бөлуге, олардың бірінің рөлін биіктетіп, екіншісін жоққа шығаруға тырысатын үрдіс пайда бол­ғанына алаңдаушылық білдіре келіп: «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кеңес одағындағы барлық респуб­лика фашизмге қарсы күресіп, нацизм идео­логиясын бірге жеңді. Сондықтан да бүкіл өркениетке қарсы бағытталған фашизмге қарсы күрескендерді бүгінгінің көзқарасымен қарап бөліп бағалауға болмайды», деді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин Жеңістің 80 жылдығына орай мемлекет тарапынан соғыс және тыл ардагерлеріне көрсетілетін әлеуметтік көмектер туралы әңгімелесе, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова министрліктің мерекені тойлауға қатысты атқарып жатқан шаруа­ларын баяндады. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған барша отандасымыз үшін аса маңызды мереке саналатын Жеңістің 80 жылдығын науқаншылыққа айналдырып алмау керектігі туралы па­йымды ойын ортаға салды.

«Ардагерлер ұйымы» орталық кеңе­сінің төралқа мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев: «Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған алапат соғыстың жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толды. Сол 80 жылдықты қалай өткізуді кеңесу үшін жиналып отырмыз. Бұл басқосудың басты мақсаты майданда қаны төгіліп, жанын пида еткен аталарымыз бен апаларымыздың ерен ерліктерін ұрпақ жадында ұмытылмастай етіп қалдыру болса деймін», деді.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайдағы баяндамасында Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық қаһарманы Хиуаз Доспановалардың есімдерін құрметпен ерекше атап өткенін, олардың ерліктерін ешқашан естен шы­­ғармау үшін Қазығұрт ауданының «Мәң­гілік ел» саябағына аталған үш батыр қызымызға ескерткіш монумент­тер орнатылатынын сүйіншіледі. Бұл ескерткіш Түркістан облысы мен Шым­кент қаласының ардагер ұйымының қол­дауымен, халықаралық «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қоғамдық қо­рының қаржыландыруымен бой көтереді.

Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Ахан Бижанов: «Алматы – жас­тар мен студенттердің қаласы. Оңтүстік астанамызда еліміздің басты жоғары оқу орындары шоғырланған. Қазір Алматыда еліміздің әрбір үшінші студенті білім алып жатыр. Сондықтан оларға біліммен қатар ұлттық, рухани, патриоттық тәрбие беруді ескерусіз қалдырмаған жөн. Патриотизм – өз Отаныңа деген сүйіспеншіліктен туындайтын қасиет. Ардагерлер кеңестері әкімдіктермен, «Amanat» партиясымен бірлесіп, Жеңістің 80 жылдығына қатысты өткізетін шаралардың бәріне жастарды тарту қажет. Сол арқылы олардың бойы­на отаншылдық рухты сіңіре аламыз», деді.

Сондай-ақ спикер Алматы қалалық Ардагерлер кеңесі қалалық ғалымдар қауымдастығымен және жастар ұйым­дарымен бірлесе отырып, соғыс арда­герлері Сағадат Нұрмағамбетов, Рақым­жан Қошқарбаев, Шәңгерей Жәні­бековтердің 100 жылдығына арнап «Қазақ батырларының ерлік және ар-намыс дәстүрлері – жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің негізі» деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция өткізгенін, алдағы уақытта филиал жұмысын осы бағытта жалғастыра беретінін тілге тиек етті.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Айтқазы Шерубаев Шығыс Қазақстаннан Екінші дүниежүзілік соғысқа 93 627 адам аттанғанын, оның 63-і Кеңес Одағының батыры, 10-ы «Даңқ» ордендерінің толық кавалері атанғанын айта келіп, биыл облыс әкімшілігі 13 ардагерге – 5 млн тең­геден (65 млн теңге), 237 тыл арда­герлеріне (тыл еңбеккерлері, блокадашылар, тұтқындар, жесірлер және соғыс ардагеріне теңестірілгендер) – 100 мың теңгеден (23,7 млн теңге), арнайы статусқа ие болмаған 4 261 тыл еңбеккеріне 50 мың теңгеден (220,2 млн теңге) бірреттік сыйақы төлейтінін жеткізді. «Ардагерлер ұйымының» облыстық филиалы өңірдегі ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайларын анықтап, қажетті көмек түрлері көрсетуге (қар тазалау, көмір, отын дайын­дау, азық-түлік және дәрілік заттарды жеткізу, азық-түлік табыстау және т. б.) ықпал етіп отырғанын, сонымен қатар «Ардагерлер ұйымының» филиал басшысы Шығыс Қазақстан облысы аумағында соғыс ардагерлеріне арнал­ған 201 ескерткіш бар екенін, оның үшеуі ағымдағы жөндеуді қажет ететінін мәлімдеді.

«201 ескерткіштің үшеуіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұсындық. Бұлар – 1985 жылы Алтай қаласында орна­тылған «Даңқ мемориалы», Үлкен Нарын ауданындағы 1978 жылы орнатылған «Қайғылы ана» ескерткіші, Күршім ауда­нындағы Бауыржан Момышұлының бюсті. Бұл ескерткіштер 80 жылдық аясында қал­пына келтірілуі керек», деді А.Шерубаев.

Іс-шара соңында «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің төрағасы Бақты­қожа Ізмұхамбетов Жеңістің 80 жыл­дық мерекесін лайықты қарсы алу баршаға ортақ міндет екенін айта келіп, Арда­гер­лер кеңесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына қолдау білдіруге дайын екенін мәлімдеді.