Қаржы • 08 Ақпан, 2025

Тағдыршешті жыл табысты болса игі

237 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір «Google»-дің отандық сегментінде ең көп ізделетін сұраныстардың көш басында бюджет, салық, Ұлттық қор сөздері тұрған шығар. Соншалықты көш басында болмаса да, алғы шепте жүргеніне шүбә жоқ. Себебі халықтың да, нарықтың да бас ауыртар басты түйткілі ортайған қазына жайында болып тұр. Қазына ортайса, көңіл күй де ортаяды.

Тағдыршешті жыл табысты болса игі

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Мемлекет тиімді бюджет саясатын табудың жолын із­деп жанталасып-ақ жатыр. Бірақ ол өзі оңайлықпен табыла қоймайтын да секілді. Оны әркім (әр ел) ащы мен тұщыдан алған сабағынан қорытып, қалыптастырса керек. Мемлекет басшысы биылғы кеңейтілген отырыста «Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ереже­лері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда бұл жүйе әрдайым жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс», деп ашына сөйледі. 

Жоғарыдағы кілт сөздерді бекер іркес-тіркес қолданған жоқпыз. Үшеуін тап қазір бірінен бірін ажыратып қарастыра алмайсыз. Салық түспесе, бюджет кемиді. Бюджет кемісе, Ұлттық қорға жүгінеміз. Әсілі, қор келешек ұрпақ қажеті үшін деп сақталып, тиімді салық саясаты бюджетті өздігінен толтыруы керек еді. Ал бізде олай болмады. Үлкен бір ағаттық кетті. Оның себебін төменде тарқатамыз. Енді Президент айтқандай нақты есептеп, жанама факторларды ескеріп, қысқа мерзімде жаңа Бюджет және Салық кодекстерін дайындап шығу қажет.

Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, былтыр 23 трлн теңге шығын болып, салықтан 12 трлн теңге табыс түсті. Биылғы меже – 25 трлн шығын, 15 трлн теңге табыс. Жағдай бұлай жалғаса берсе, балаларға ақша төлеу былай тұрсын, Ұлттық қордың өзін де таппай қаламыз дейді сарапшы.

«Салықтың қымбаттауы еш­кімге де ұнамайды. Бірақ мемлекеттік қаржының тұрақ­сыз­дығы теңгені құнсыздандырып, инфляцияны шарықтатады. Арғы жағында әлеуметтік қиын­дық­тардың да төбесі көрінеді. Сондықтан мен салықты көтер­геннен басқа жол көріп тұрған жоқпын. Ал неліктен ҚҚС таңдап алынды? Үш негізгі салық бар – ҚҚС, КТС және ЖТС. КТС-ны қозғауға болмайды, ол – компанияның даму қоры, табыс болмай инвестиция мен несиелеу де болмайды. ЖТС соншалықты кіріс бермейді. Ал ҚҚС – ең бейтарап салық. Иә, тұтынушыға 8%-ға қымбаттаған чек келеді. Дегенмен жағдай бұдан нашарлап кетпейді. 2023 жылы 20% болған инфляцияны да көргенбіз. Иә, ол инфляцияны өршітуі мүмкін, бірақ аз уақытқа ғана», дейді экономист.

Жақында Дүниежүзілік банк «Kazakhstan Economic Update» атты есебінде елдегі салық реформасын талдайды. Банк сарап­шыларының жазуынша, кейінгі он жылдықта Қазақстан жоғары салық экономикасынан төмен салық экономикасына ауысты.

«Салық түсімдері 2008 жылға дейін тұрақты өсті. 2009–2022 жылдар ара­лы­ғын­да тұрақсыз салық саясаты және тиісті деңгейге жетпеген экономикалық өсу салдарынан траектория күрт өзгерді. Бұл ауысу әсіресе 2020 жылы қатты сезілді. Сол жылы салық түсімі 2000 жылдан бері алғаш рет ІЖӨ-нің 14,1%-ына дейінгі деңгейге құлдырап кетті. Мұндай ауысым кірістер базасын бұзды», деп жазады сарапшылар.

Халықаралық ұйым өкілдері Үкімет жіберген қателікті анық байқап, диагнозды дәл қоя­ды. Баяндамада «Кірістердің тө­мен­детілген деңгейіне мұнай түсімінің төмендеуі себеп болды. Себебі 2024 жылы мұнай өндіру өзгерген жоқ, ал әлемдік баға өзгерді», деп бір түйіндейді. Одан кейін «Биліктің бюджет кірісін жинау болжамының негізіне өзек болған шамадан тыс оптимистік өсім критерийі кіріс тапшылығына алып келді», дейді. «Негізі арық сөйлеп, семіз шыққандарың жөн еді, алайда бюджеттік жоспарда мұнай бағасын тым қымбатырақ белгілеп алып, енді соның зардабын тартып жатыр­­­сың­­­­дар» деп аударуға болады бұл жолдарды.

«2015–2022 жылдар аралығын­да салық түсімінің орташа деңгейі ІЖӨ-нің небәрі 17%-ын ғана құрады. Бұл кірісі жоғары елдердің (негізінен ЭЫДҰ елдері) көрсеткішінен (34%) әлдеқайда төмен. Сондай-ақ ресурсқа бай Аустралия, Канада, Чили секілді елдерден артта қалып тұр. Экономикалық әлеует пен мем­лекеттік шығыстарды үй­лес­тіре алмағаннан кейін осындай алшақтық пайда болды. 2000–2008 жылдары Қазақстан салықтың ІЖӨ-ге қатынасын 20-дан 28%-ға дейін арттырды. Салық түсімдері деңгейіндегі алшақ­тықты әжептәуір қыс­қар­тып, 2000 жылы 60, 2008 жылы 87% межесін бағындырды. Сөйтіп, орнықты прогреске қол жеткізді. Алайда сол уақыттан бері конвергенция тоқтап қалды, бұл негізгі мемлекеттік қызметтер мен дамуды қаржыландыруға салықты неғұрлым дәйекті жинау қажеттілігін көрсетеді», дейді банк мәлімдемесінде.

Жақсы, салықтың жайын айтып та, жазып та жатырмыз, ептеп түсінікті. Ал Ұлттық қордың қазіргі ахуалы қандай? Биыл қаңтарда қордан 551 млрд теңге алынған. Түскен табыс – 148 млрд теңге. Түсім 69%-ға азайып, алу 8,5%-ға артқан. 551 млрд теңгенің 400 млрд-ы – кепілдендірілген трансферт, 150 млрд-ы – нысаналы трансферт, 595 млн-ы – басқару шығыны.

Қазақстан Қаржыгерлер қа­уым­­дас­тығының хабарлауын­ша, Ұлттық қор қаражатын бас­қаруда бізге «Сантьяго қағи­датына» жүгінген жөн бол­мақ.

«Жалпы, 33,1 трлн теңге қара­жат жағ­дайында 5,6 трлн теңге алынды, бұл – оның активінің 17%-ы. Мұндай көлемдегі трансферт қор өсімін айтарлықтай шектейді. Қор рөлін нығайту үшін тәуелсіз қорларды басқарудың ашықтығы мен тиімділігінің эталоны болып саналатын 24 іргелі «Сантьяго қағидатын» ұстану қажет. Ашылатын ақпараттың толықтығы мен қолжетімділігін регламенттейтін қағидаттар (11, 17 және 23 қағидаттар), міндетті түрде тәуелсіз аудит жүргізу (12 қағидат), сондай-ақ инвес­ти­ция­лық басқару сала­сын­дағы озық әлемдік тәжіри­бені стратегиялық бейімдеу ерекше маңызға ие болады (мысалы, Норвегия Ұлт­тық қорының акциялардағы үлесі (70%) облигациялардың үле­сі­нен (27%) едәуір асады)», деп тығы­рық­тан амалдап шығудың тағы бір нұсқасын ұсынады қауым­дастық.

Олардың айтуынша, Ұлттық қор активтерін 2029 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізу мін­деті мен ұзақмерзімді бюджет тап­шы­лығы бюджет балансын жақ­сар­туда шұғыл іс-шара­­лар қа­былдау қажеттілігін туғыз­ды.

2025 жыл – шешуші жыл. Биыл Салық кодексі қабылданады. ҚҚС мөлшер­ле­месінің өсуінен туын­даған ахуалдың алғашқы әсерін де биыл байқаймыз. Сонымен қатар «Теңіз» келешек кеңею жобасының іске қосылуына байланысты Ұлт­тық қорға түсетін табыс та артуға тиіс деп болжанып отыр. Салық, бюджет, Ұлттық қор сабақ­тастығының жылды қалай қорытындылайтынын уақыт көрсетеді.