
Ұлттық музейде «Диуан луғат әт-түрк» энциклопедиялық сөздігінің жарық көргеніне 950 жыл толуына орай «Тіл – ізгіліктің бастауы: Диуан луғат әт-түрк» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркі дүниесі қоры бірлесе ұйымдастырған іс-шараға мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Әзербайжан Мәдениет министрі Адил Керимлі, Түркияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, өзге де мәртебелі меймандар қатысты.
Алғаш болып сөз алған Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президентіАқтоты Райымқұлова аталған іс-шараның маңызына тоқталды.
– XI ғасырда ұлы ғалым Махмұд Қашқаридың қаламынан туған «Диуан луғат әт-түрк» тек әдеби ескерткіш қана емес, түркі халықтарының айшықты бейнесі, біздің мәдениетіміз бен дәстүріміздің айқын көрінісі. Бұл шығарма ұрпақтар сабақтастығының үлкен белгісі іспетті. Өздеріңіз білетіндей, ЮНЕСКО шеңберінде 2024–2025 жылдары аталған кітаптың 950 жылдығы тойлануда. Бұл еңбек – Орхон ескерткіштерінен кейінгі түркі жазба мәдениетінің ең маңызды ескерткіші. Біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, сондықтан ата-бабамыздан қалған мол мұраны келешек ұрпаққа сақтау және жеткізу өте маңызды, – деді ол.
Сонымен бірге Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу мырза рухани ескерткіштің түркі халықтары үшін баға жетпес байлық екенін айтты.
Көрмеде Махмұд Қашқари сынды аңыз тұлғаның суреті, «Диуан луғат әт-түрк» еңбегінің түпнұсқаға ең жақын көшірмесі, таңдамалы сөздер мен мақал-мәтелдер, XI ғасырдағы түрік қоғамын бейнелейтін ерлер мен әйелдердің киімдері, сол кезеңнің өмір салты мен мәдени көрінісін бейнелейтін жәдігерлер ұсынылды. Сондай-ақ Қарахан дәуірінің нысандары мен Махмұд Қашқари жасаған түркі халықтарының картасы көрерменге таныстырылды.
Көрме түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің 2-отырысымен жалғасты. Отырыс шымылдығын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ашты.
– Түркі мұрасының қорын дамытуға және бүгінгі іс-шараны өткізуге қосқан зор үлесі үшін Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұловаға алғысымды білдіремін. Түркі әлемінің мәдени мұрасын насихаттауға және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қордың орасан зор еңбегін бағалаймыз. Өз кезегімізде біз қордың дамуына және қатысушы елдер арасындағы өзара қимылды нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры аса құнды ескерткіштерді сақтауда маңызды жауапкершілік арқалап келеді, – деді министр.
Сондай-ақ Ақтоты Райымқұлова Түркі мәдениеті және мұрасы қорының атқарған жұмыстарын баяндап, бірқатар еңбекке тоқталды.
– 2024 жыл біз үшін елеулі жетістіктерге толы болды. Қор тарапынан 2024 жылы реставрациялық және музеефикациялық, ғылыми-танымдық, оқу-ағартушылық, шығармашылық бағыттарда жалпы 75-тен аса ауқымды жоба ұйымдастырдық. Атап айтсақ, 2023 жылы өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х Саммитінен бері біз стратегиялық іс-қимылдың жаңа кезеңіне кірістік. Астана Саммиті Декларациясында берілген тапсырмаға сәйкес, Бішкектегі Алықұл Осмонов музей-үйін қайта қалпына келтіру, реставрациялау және музейлендіру жұмыстарын сәтті аяқтадық. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» және «TURKTIME» стратегиялық құжаттарын негізге ала отырып, қазіргі таңда Түркі мәдени мұрасының көптілді Каталогін әзірлеудеміз. Бұл баспа түріндегі Каталог алдағы жылдары Түркі мұрасының цифрлық платформасын құруға негіз болады. Астанада өткен бесінші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қолдау көрсету арқылы біз көне мәдениетіміздің байлығын жұртшылыққа тағы да ұсындық, – деді Ақтоты Рахметоллақызы.
Келелі басқосуға түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Әділ Керимлі, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Гүлбара Абдықалықова, Өзбекстан Республикасының мәдениет министрінің бірінші орынбасары Авазхон Таджиханов қатысып, қор жұмысы туралы ойларын ортаға салды.