Руханият • 08 Ақпан, 2025

Жылдам хабар алғызған

252 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Өткен күннің артта қалып елесі, жылжи берер уақыттың кемесі» демекші, зымыраған уақыт шіркіннің бір орнында тұрмайтыны ақиқат-ау! Сонау сексенінші жылдардың басына таман талдырмаш келген қараторы келіншек Рысбала Әбдіқадырова «СҚ»-ның табалдырығын имене аттап, меншікті тілшілер қосынының жетекшісі Кеңесхан Зәкен ағамыздың қарамағында қызмет атқаруға кірісіп еді. Кейін «Егемен Қазақстан» атанған айтулы басылымның маңдайалды қызметкері болған ол күн сайын тыным таппай, облыстағы меншікті тілшілермен хабарласып, өзекті деген материалдарды жеделдетіп қабылдап алып отырудың хас шеберіне айналды.

Жылдам хабар алғызған

Түрлі сала мен ба­ғыт­ты қам­­тыған мақала­лар­ды дереу қа­былдап алып, уақыт оздырмай әр бө­лім­ге жеткізетін Рыс­бала Нұр­са­пақызының жеделдігі­не көп нәрсе байланысты еді. Өйт­кені газет материалдары сол нө­мір­ден қалып қоймауға, оқыр­манға дер кезінде жетуге тиіс-тін.

Кербез Кербұлақ өңірінің өңді қызы оң мен солын таны­дым-ау деген кезде ару Алматы­ға қоныс аударған еді. Талды­қор­ған өңіріндегі туыс-бауыр­лары лауазымды қызметтер атқарып, Жетісу өңірінің өркендеп дамуына өзіндік үлес қосқан айтулы азаматтар болғанын өңір жұртшылығы осы күнге дейін мақтанышпен айтады.

Замандас әріптестер ілу­де бір кездесе қалсақ, хал-жағ­дай сұрасып, кәдімгідей қау­қыл­да­сып қаламыз. Әзіл-қал­жың­ға да кезек тиіп жата­ды. Өт­кен-кеткенді, кезінде қыз­мет­тес болған небір қимас тұл­ға­ларды сағынышпен ес­ке аламыз. Қарап отырсақ, газе­ті­­міз­дің талай ардагері келмес­­тің кемесіне мініп, бақиға озып­­ты. Солардың бірі осы Рыс­бала­­ның тікелей жетекшісі бол­­­ған Кеңесхан аға Зәкенов еді. Шырайлы шығыс­тың қа­рым­ды қаламгері ретінде рес­пуб­ликалық басылымға ар­найы ша­қыртумен ауысқан бола­тын. Мықты публицист әрі айту­лы жазушы бола жүріп, «газеттің отымен кіріп, күлімен шықты», дерліктей қызмет атқарып еді. Сол кісінің тәлімі мен тәжіри­бесі Р.Әбдіқадыроваға да да­­рып, аз уақытта білікті қызметкер­ге айналды. О заманда хабар-ошар мен шағын мақаланы және кейбір жатып қалмауға тиісті кө­лемі үлкен шұғыл дүние­лер­­ді Рысбала Нұрсапақызы мен­­шік­ті тілшілерден телефон ар­қы­лы қабылдап, жазу мәшің­кесі­мен жедел теруге міндетті-тұғын. Бұл 19 тілші байланыс­қа шығатын, таң атқаннан кеш батқанға дейін тынбайтын тым қауырт жұмыс болатын.

Тағдырдың жазуымен өмір­лік қосағынан тым ерте айрылса да қиындыққа мойымады, шиеттей ұл мен қызын тәрбиелей жүріп, өзіне тапсырылған жұ­мыс­ты тап-тұйнақтай етіп ат­қар­ды. Меншікті тілшілер бө­лімі басшысының оң қолына, сенімді көмекшісіне айнал­ған Рысбала­­ны (қызметтес әріп­тес­­тері еркеле­тіп Рысжан дей­­тін) бас басы­лым­ның мен­­шік­­ті тілшілері де ерекше құрмет­тейтін. Осы сыйлас­тық, осы үр­діс ешқашан үзілген емес.

Ол ұл-қыз тәрбиесімен, күн­делікті газет жұмысымен жас­тық шақтың зулап өткенін де бай­­қамай қалды. Кезінде көр­кем келіншекке көз салғандар көп бол­­­ғанымен, «балаларымды бө­тен біреуге жәутеңдетпейін» деп, қайта тұрмыс құруды да құп көрмеді. Жұмысына ден қой­­­ды. Міне, осындай тынымсыз ең­бек өмірдің биік белесі­­­не қа­­пы­сыз алып шықты. Бүгін­­­де ол ке­мел жасқа ұл-қызы мен не­­­ме­ре-жиендерінің ортасында ба­қыт­ты ана, сүйікті әже ретінде же­тіп отыр.

Әрбір адамның өзіне ғана тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, төккен тер, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерін­ше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу, ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Осындай адами асқақ қасиетке қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар. Ал өзінің өмір жолында сыпайы сыйластық пен адал достықты жоғары қойып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп келе жат­қан Рысбала Нұрсапақызын ада­ми болмыстың асқақ шыңын ба­ғындырған әріптес әрі замандас ретінде бағалаймыз десек, артық айтпағанымыз.

Жиырма жылдай сол тұс­тағы 19 облыстың меншікті тіл­­­­­шісімен күнде телефон ар­қы­­лы хабарласып, сәт сайын қай­наған жұмыс атқарып, ты­ным таппау Рысбаланың маң­дайына жазылған қызықты да қиын шаруа болатын. Облыс тілшілері де газеттің әр санының сапалы да салмақты шығуына, оқырманының көп болуына, яғни өңірлерде таралымының арта түсуіне зор үлес қосуға тиіс еді. Міне, осындай қым-қуыт қарбаласпен жүретін Рыс­бала уақыттың қалай өткенін білмей де қалатын, тек жұмыс аяқ­талған сәтте ғана «ойбуй, кіш­кентайларым не болып жатыр екен» деп үйіне асығатын.

Жалпы, облыстағы тілші­лердің әрқайсысы бір-бір тұл­ға еді. Солардың жергілікті жер­лердегі зор беделінің, өткір мақа­лаларының арқасында рес­пуб­ликалық газеттің де абыройы асқақ-тұғын. Әсіресе «Жазылған жайдың жаңғырығы» немесе «СҚ»-ның сынынан кейін» деген айдарлардан соң шыққан мақалаға қатысы бар өңірдегі кем­шіліктер егжей-тегжей тал­қыға түсіп, кінәлілер жауап­қа тартылатын, тиісті шара қол­данылып, кейде тіпті қызметі­нен босатылып жататын.

Әсіресе оңтүстік­қазақ­стан­дық Алтын­бек Жолдасбеков (газет басшы­лығы кезінде құр­мет­теп, жақсы мағынасында «қара патша» деп атаған), қызыл­ор­далық Байжігіт Әбдіразақ­ұлы, талдықорғандық Сейдахмет Мұха­метшин (дене бітіміне қарай әріптестері мен былайғы жұрт «полтора қазақ» дейтін), шығысқазақстандық Мұқан Әбу­­­ғалиев қай ортада да өзіндік орындары бар айтулы азаматтар еді. Кейін олардың орындарын ақтөбелік Әмір Оралбай, қарағандылық Бағдат Мекей, кейінірек Мағауия Сембай, ба­тысқазақстандық Темір Құ­сайын, қызылжарлық Мәлік Мұ­қан, тағы басқалар басты. Қаламы қарымды журналистер сол кездегі жоғарыдан бекітілген жоспар бойынша жылына бір мәрте редакцияға шақырту­­мен келгенде, газет басшылары­­­ның өздері ерекше ілтипат білді­ріп, үлкен құрмет көрсететіні ес­­тен кетпейді. Сонымен қатар 90-жылдардағы меншікті тілші­лердің де тынымсыз еңбегі айту­ға тұрарлық. Рысбала Нұрсапа­қызы солардың бәрінің теле­фон нөмірін жатқа білетін, таңер­тең әрқайсымен жайдары амандасып: «Қане, бүгін қандай материал бересіңдер?» деп жұмысқа жедел кірісіп кететін.

Ал 2000-жылдар басында елі­міздің журналистері компью­терді жаппай меңгеріп, заман талабына сай редакцияда сайт жұмыстарын жүргізу жедел қол­ға алына бастады. Сол тұста Р.Әбдіқадырованың тағы бір іскерлік қыры ашылды. Бас-аяғы бірер айдың бедерінде ком­пьютерді тез меңгеріп, өңір­лерден келген материалдарды шұғыл ретке келтіре білді. Ал редакциядан әр нөмір сайын газет бетіне түскен материалдар сайт арқылы оқырмандарға жол тартып жатты. Міне, соны Рысбала таңғы сағат жетіде, мың-сан оқырман қауым сайтты ашып қарағанша дайындап, жедел ұсынып отырды. 15 жыл бойы осындай маңызды жұмыс атқару тікелей соның мойнында болды.

«Егеменнің» 100 жылдық ме­рейтойында басылымның бар­лық материалдары жеке сүбелі кітап болып шыққаны мәлім. Міне, сондағы құнды тарихи ма­териалдардың дені осы сайттан алынғаны ақиқат. Сонда Рыс­бала Нұрсапақызының үл­кен үлесі, ерекше қолтаңбасы бар екенін ризалықпен айтып өткіміз келеді. Қадірлі заман­да­сымыздың қырық жылға жуық тынымсыз еңбегінде «Egemen Qazaqstan» газетінің өт­кен күн­дері мен татымды тари­хы сайрап жатыр. Ал Р.Әбді­қа­дырованың «Ерен еңбегі» үшін медалін адал еңбекке берілген әділ баға деп білеміз.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері

 

АЛМАТЫ