Тұлға • 08 Ақпан, 2025

Мұқағалитану орталығы керек

597 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ойлап қарасақ, Қонаев қаласынан «Мұқағалитану мәдени орталығын» ашатын мезгіл жеткен секілді. Оның ұлтқа да, ұрпаққа да пайдасы тиер еді. Себебі Мұқағали Мақатаев екінің бірі емес. Бірегей ақын! ХХ ғасырдың шекарасынан тоқтаусыз өткен, ХХІ ғасырға жарқырап жеткен жампоз.

Мұқағалитану орталығы керек

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мақатаев жырлары «халқының өз айтқанын қайталайтын» қасиетке ие. Қазақы танымды қанымызға сіңірді. «Біз де өлеңді жазбаймыз ермек үшін» деп, Абай атасының «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген аманатын жаңаша жаңғыртты. Көркемдік пен кемел философияны дамытты. Оның поэзиясы – көнермейтін ғибрат.

Бұл орайда «Мұқағалитану мә­де­ни орталығын» неге Астанаға, Алма­ты­­ға салмайды? Неге Қонаев қала­сы­на жасау керек?» дейтін сұрақ қойы­луы мүмкін. Оның мәнісі мынада – Мұқа­ғали Мақатаев алашқа ортақ тұлға болғанымен, Алматы облысының ­тумасы. Туған жердің үлгісі бөлек болуға тиіс.

Алла Тағала қазаққа рухани бай­лықты Мұқағали мұрасы арқылы да жіберді. Ендеше қазынаның қадіріне жету, іздеушісі мен сұраушысы болу – міндетіміз. Мұқағали өлеңдерінде ұлт­тық код бар. Ұрпақтар легі жыр құ­пия­сын ашуға мүдделі. Сол үшін өр­ке­ниетке сай ғылыми зертхана – «Мұқа­ғалитану орталығы» қажет.

Көзі тірісінде мемлекет баспасынан ақынның сегіз жинағы жарыққа шықты. Мұның сыртында Дантенің «Құдіретті комедия» дастанындағы «Тамұқ» атты тарау­ды, Шекспирдің сонеттерін, Уит­меннің өлеңдерін қазақшалады. Шығармалары аса жоғары деңгейдегі сапамен жазылса да, кітаптың көлемдері ерен еңбекке сәйкестене бермеді. Жұрт оны сезетін. Мәселен, «Армысыңдар, дос­тар!» – үш, «Қарлығашым, келдің бе?» – үш жарым, «Мавр» – үш, «Аққулар ұйықтағанда» төрт баспа табақты құрайды. Өзгелері де осыған шамалас. Ал таралымға келсек, кеңестік кезеңде өлең кітаптарына берілетін орташа дана он мыңмен мөлшерленді. Сол он мың Мақатаевтың еншісіне ұдайы бұйыра бермепті. Сегіз жинақтың алтауы 6000–7000 таралымнан аспаған. Бұл санды байтақ қазақ жерінің аумағына шаққанда, қалың оқырманды толық қамтымайтыны айтпаса да түсінікті.

Бірақ «шөміштен қағулар» ақын­ға кедергі келтірмеді. Жазушы Марат Қабан­байша айтқанда, «Миына ұлттың коды жазылған» Мұқағали өмірге жүз жылда бір келетін, қайталанбайтын құбылыс! Есесіне халқы Мұқағалиын қапысыз ұқты. «Ол лауреат па, орден-медальдары бар ма, лауазымы қан­дай?» деген сұрақтар жанкүйерлерді қызықтырмады. Жұрт ақын өлеңіне бас қойды. Ғажайып жырларды тұшынып оқумен бірге, оны ұлттық тәрбиеге пайдаланды. Мұқағалимен сырласа алғандар дүниеге қазақтың көзімен қарауды үйренді. Болмыстың парқы мен нарқын ажыратты. Ақындық қуаттың парасаты деген осы шығар?

Мұқағали «Бота тірсек, бос белбеу, қатпа бала, Ойыңа келгеніңді шатпа, бала» деп, поэзия сарайының күзетшісіндей әдеби іс-әрекетке сақ қарады. Егер нағыз ақын төбе көрсетсе – оның жасы мен басына, алыс пен жақынына қарамастан бірінші болып жол беруге, құрметтеп қол беруге әзір екенін жариялады. Парасат пен кеңдік – ұлт әдебиетін асқақтататын жалғыз кепіл. Соны бүкпесіз айтты. Мақа­таевтың ізденістері бекер кет­кен жоқ. Өзі армандаған киелі меже айналып келіп, биік шыңның төбесіне Мұқағалидың өзін шығарып жібер­ген. Өлеңнің эволюциялық заңды­лықтарымен шыңдаған. Кезінде ақын оны байқамаған да болар. Бірақ әй­гілі сыншы Сағат Әшімбаевтың ол жа­йындағы көзқарасы басқаша. Сағат аға­мыз күнделік дәптеріне «... Сол нағыз ақын, бәлкім, Мұқағали Мақатаевтың өзі шығар» деп ағынан ақтарыла жазған екен.

Ендеше, шығармашылығын зерттеу – ғалымдарға ғана емес, күллі қоғам­ға қажет. Ол – өмір құндылықтарын анық­­­­тайтын танымдық құралдың құ­рамдас бөлігі. Мақатаев өлеңдеріндегі ойшылдық поэ­зияның да ғылым еке­нін айқындады. Ақын берісі қазаққа, арысы адамзатқа ке­ректі филосо­фия­ны көшпелілер санасымен сараптады. Қа­­лам­гердің «жанды да, жансыз зат­тың бәрінен сыр бағуының» жайы зерттеушілерді бейжай қалдырмайтыны сондықтан. Сіздің алдыңызда Мақатаев жасап кеткен алтын сандық тұр. Кілтін тауып, алтын сандықты аша алғандар рухани игілікке кенеледі.

Біле білсек, асылды ажырата алмау да күнә. Қазақ алтын мен күмістен құлаққа, қолға тағатын әшекей бұйымдарды соққанда, оның денсаулықты жақ­сартатын қасиеттеріне ден қойған. Одан шипалы энергия бөлінетіні ғылымға да аян. Көшпелілердің алтын табаққа ас салып, күміс қасық­пен тамақ жеуінде терең сыр жатыр. Мұқағалидың жырлары да осы тектес. Оны шынайы танығандардың бәсі биік. Ақын жыры оқырмандарын таза­лықпен қауыштырады. Бір өлеңінің әсері мың күндік қуатымен сергітеді. Мұқағалитану керек дейтін ұсыныстың маңыздылығы да осында.

Алланың бұйыртқаны шығар, Алматы облысының Райымбек ауда­нынан әлемдік стандартқа лайық әде­биеттің екі алыбы шықты. Олар – Бердібек Соқпақбаев пен Мұқағали Мақатаев! Өмірлері елі­­мен, жерімен, туған табиғатымен өзектес. Дала мен тау, гүлжазира, саумал бұлақтар та­ланттардың жанына өршілдік пен сыршылдық дарытты. Бұл өлкені қаламгерлердің табиғи мұражайына баласақ, артық айтқандық емес. Көздің жауын алатын көріністер ақын мен жазушының шығармаларында керемет кестеленген. Мұқағалитану орта­лығы ақынға қатысты ізденістерді шы­найылыққа бағыттап, зерттеулердің сапасына әсер береді деген сенімдеміз.

Осы орайда «Қарасазда Мұқағали­дың музейі тұр, артық әуренің қажеті қанша?» дейтін сөз айтылуы мүмкін. Оның да жауабы дайын. Музей 1991 жылы бой көтерді. 2011 жылы ғимарат құрылысы қайтадан жаңғырды. Көлемі ұлғайды, ішкі-сыртқы сәулеті дұ­рыс­талды. Десек те, Мақатаев шығар­машылығын жаңаша талдайтын терең көзқарас мұнда бәрібір өрістей алмады. Себебі музейде жоғарғы санаттағы маманданған ғылыми орта жоқ. Ауыл мұғалімі дең­гейіндегі жетекшіліктер біз көздеген биік талаптарды қамтамасыз етуге шамасы келмейді.

Қазір Қарасазда халық саны аза­йып барады. Қалаға қоныс аудару үрдісі артқан. Мәселен, орта мектеп­тегі балалардың саны 150–200-ді ғана құрайды деген ақпар неше түрлі ойға жетелейді. Мұнымен мұқағали­тану ізденістерін қалай дамытамыз? Біз Қарасаздағы музейді жауып тастау ұсынысынан аулақпыз. Музей бүгінге де, ертеңге де керек. Ай сайын болмаса да Елшенбүйректің етегіне сапарлайтындар табылады. Мерейтойлар кезінде ерекше дүркірейтіні тіпті анық.

Ал Қонаев қаласының болашағы зор. Күні ертең ірі мегополиске айналады деген үміттеміз. Мұнда инс­титуттар мен университеттер бой көтеріп, студенттер мен ғалымдардың қалашықтары салынады. Даму жос­парларын естіп қуандық. Бұйырса, ол күндер де алыс емес. Демек ғылыми орта, әдеби орта берік қалыптасады дегенді білдірсе керек. Қонаев қаласына іргелес Жетіген аумағында тағы бір үлкен шаһар – Алатау қаласы бой көтер­гелі жатыр. Оның облыс орталығымен бірге өркендейтіні анық. Міне, алдағы онжылдықтардың ерекшеліктері осындай суреттерімен көз алдымызға келеді. Егер ұсыныстарымыз Үкімет тарапынан қолдау тауып, Мұқағалитану мәдени орталығы салынса, ол – қалаға ғана сән беріп қана қоймайды, зиялы адамдардың көбеюіне де септігін тигізетін болады.

Мұқағалитану орталығының музей­ден айырмашылығы – аталған орта­лықта ғылыми зерттеу ізденістері терең мазмұнмен жүзеге асады. Мұқа­ғалитануға ден қойғандардың қатары көбейеді. Заманауи көзқарас қалып­тасады. Ықпалдастықтар өріс­теп, шы­ғар­­машылық бәсекелер жан­данады. Нәти­жесінде, нағыз мұқағалитанушылар іріктеліп, өмір сах­на­сына көтеріледі.

Мақатаев жырына үңілген ұрпақ «Не тындырдың Отанды сүйемменен?» дейтін ақын сауалына жауап табады. Ұлт үшін жиған ұлағат тектілікке ұласады. Мұқағали мұрасы – таным филосо­фия­­сы. Ол – сөз өнеріндегі шеберлік­тің үлгісі. Ол – бүгінді ертеңге жалғай­тын ру­­хани көштің алтын арқауы. Осы секіл­ді теңеулердің қайсысы да оған лайық.

Сондықтан болашақтағы мәдени орталықтың мазмұны бұқараға түсінікті, әлемдік биіктерге жетелейтін ықпалға ие болады деген сенімдеміз. Ондағы негізгі бөлімдер – «Мұқағали және Моцарт», «Мұқағали және Данте» сияқты маз­мұн­­­мен толығып, ірі тақырыптарды қам­­тыса қандай жақсы? Сонда ізденуші тұл­ға­лар «Қазақ ақыны еуропалық музыканы, еуропалық поэзияны қалай меңгерді, әлемдік классикамен қалай шендесті?» деген сырдың құпиясына құлшынар еді. «Абай мен Мұқағалиды» байланыстырған тереңдіктер қаншама? Ол тақырып беткі қабатын ғана аршытып, ішіне бойлатпай, түрен түспе­­­­ген қалыпта сіресіп тұр. Мұқағали өзін Абай толғаныстарымен ұштастырған ақын. «Біз де өлеңді жазбаймыз ермек үшін» деп, Абай мұратына жасқанбай үн қосқаны сондықтан. Қаламгерлік миссияның не екенін Абайша түсін­діре алды. Демек қаузайтын мәселелер ұшан-теңіз. «Тілендиев және Мұқағали», «Тәжібаев және Мұқағали» сынды маз­мұндар сауатты сараптама жасайтын оқы­­мыстыларға зәру.

Мәдени орталық Мақатаевты мақтау үшін емес, Мақатаев мұрасын ел игі­лігіне жарату үшін керек. Орталықта ғылыми зертхана, шағын музей, мәжіліс залы, «Мұқағали қоғамдық қоры», ақын атын­дағы басылымға арналған бөлмелер жасақталса, мүмкіндіктер аясы кеңейе береді. Тіпті бұл жерден Жазушылар одағының облыстағы филиалы орын алса несі ерсі?

Алатаудың талбесігіне тербелген даңқты жандар Бердібек, Мұқағалимен шектелмейді. «Әзиз Несиннің Алматы­дағы інісі» атанған сатираның саң­лағы Оспанхан Әубәкіров шың басына шыққан күйі дара тұр. Бірақ үлкен тұлғаға дұрыстап назар аудару кемшін. Соның салдарынан сатира классигінің асыл мұрасы іздеусіз, зерттеусіз ұмы­тылып барады. Нәзік лирикасымен ХХ ғасырды елең еткізген Тұманбай Молдағалиев ше? Ол кісіге қатысты насихат та көңіл көншітпейді. Ақын Есенқұл Жақыпбековтің бір өзі – бір әлем! Есен­құлдың жыр көші болашақты бетке алып, жылжып барады. Құдайға шүкір, берісі Алашқа, әрісі әлемге көрсете алатын алыптарымыз жоқ емес, бар! Олар­ды еңбектеріне сай көтеріп, ұлық­тай алдық па? Науқандық іс-шараларды бұған қоспайық. Осы жұмыстарға да «Мұқағалитану орталығы» тұрақты қыз­­мет көрсетеді деп сенеміз. Болашақ бәрі­нің есебін сұрайды.

Жұрттың жадында шығар, 2021 жылы Мұқағали Мақатаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталуы мүмкін екенін ресми түрде хабарланды. Одан бері зуылдап бес жыл өтті. Ел күткен – 2031-ге де көп қалған жоқ.

Күні кеше Бердібек Соқпақбаев­тың ғасырлық мерейтойы Франция­­­­­­ның астанасы Парижде қорытынды­­лан­ды. Ал Мақатаевтың 100 жылдығын­да бұдан бөлек қандай жаңалықтар болуы мүмкін? Оны уақыт көрсетеді десек те, үлкен бір іс-шаралардың нобайы ойымызға еріксіз оралады. Мерейтойға нүкте Парижде емес, осында, елімізде қойылады деген­ шешім қабылданса таңғалмаймыз. Өйткені өмір сәт сайын, сағат сайын оң өзгерістерге бет бұруда. Бәлкім, түріктер мен ағылшындар, қытайлар мен француздар, орыстар мен Орталық Азия жұрты, ақынымызды ардақ тұтатын күллі дүние «жақсыны көрмек үшін» деп жан-жақтан ат сабылтып, елімізге жиналса қайтпек керек? Қонақтарға тоқтау салу салтымызда жоқ. Қайта оған жүрегіміз жарыла қуанамыз. Сол кезде барымызды базар етіп, аяқтан тік тұратынымыз белгілі. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ. Халықаралық мәдени іс-шараның бас­ты жүгін, сөз жоқ, Алматы облысы арқалайды. Біздің бұл мақаланы жазған себебіміз, соның мәнісін жанашыр ағайындарға, биліктегі бауырларға күні бұрын ескертудің қамы.

 

Батық Мәжитұлы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты