
Сурет: saigez.kz
Халқымыз «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп айтады. Қазір қоғамда мұғалімдердің еңбегі ерекше. Әсіресе ұстаздардың арқасында қаншама бала сапалы білім мен саналы тәрбие алып, тұлға болып қалыптасты. Бұл тұтас қоғамды ізгілендіре түседі. Сондықтан педагогтердің еңбегі қандай құрметке де лайық.
Басқосу барысында ауыл мектебіндегі білімнің өзекті мәселелері мен мұғалім мәртебесі туралы көбірек сөз болды. Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының басшысы Серік Егізбаев сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген сөзін мысалға келтіріп, ұстаздардың ерен еңбегі жайында салмақты ой өрбітті.
Содан кейін Орал қаласындағы №34 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмара Трайсова мемлекеттік тілді білу, дәріптеу туралы ой-пікірін ортаға салса, Семей қаласындағы №7 жалпы білім беретін мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Алма Шүкіжанова педагогтердің қызметі жайында сөз қозғады. Ал Шымкент қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Алина Соловьева жастарға кітап оқудың құндылығы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ білікті ұстаздар педагогика саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Жиын соңында Қазақстанның Еңбек ері Эльмара Траисова «Ауыл» партиясының қатарына қабылданып, оған салтанатты түрде партиялық билет табыс етілді. Сонымен қатар мәртебелі қонақтарға сый-құрмет көрсетілді.
Қайсар ҚҰСАЙЫН