06 Ақпан, 2015

Ақтөбеде автобустардың төрт бағытына өзгеріс енгізілді

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
06 02 - Avtobus АҚТӨБЕ. 6 қаңтар. Қала тұрғындарының өтініші бойынша нөмірі 2, 8, 23 және 39-шы автобустардың бағыттарына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Биыл 19 қаңтарда «Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Ақтөбе қаласындағы жолаушылар мен жүктерді автомобильмен тасымалдау құқығын иелену» бойынша қайта   байқау өткізді. Бұл жолы конкурс 50 бағыт бойынша 6 лот негізінде өткізілді. Байқауға қаладағы екі тасымалдаушы мекеме — «Автопарк» және «ПАТП», яғни бұрынғы «Троллейбус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қатысты. Байқау қорытындысы бойынша біз «Автопарк» серіктестігімен 4 лот, ал «ПАТП» мекемесімен 2 лот негізінде келісімшарт жасастық. Бір айта кетерлік жайт, қаладағы 4 бағыт, яғни нөмірі 12, 13, 17 және 20-шы автобустардың жұмысын енді «Автопарк» мекемесі қадағалайтын болады», — деп мәлімдеді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында «Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Нағымжан Алдияров.  Оның айтуынша, нөмірі 2-ші бағыттағы автобустар жүру қозғалысын «Нұр Ақтөбе» шағын ауданынан бастайды. Бұған дейін бұл ауданның тұрғындары Пригородный ауылынан келетін нөмірі 29-шы бағыттағы қоғамдық көлікке отыру үшін тасжолдың бойына шығатын. Енді нөмірі 2-ші автобустар жаңа аудандағы көпқабатты үйлердің жанына аялдайтын болады. Алдағы уақытта «Нұр Ақтөбе» ауданына кіреберістегі жолды жөндеу жұмыстарын қолға алу көзделуде. Нөмірі 2-ші бағыттағы көліктер «Нұр Ақтөбе» ауданы маңындағы айналма жол арқылы Сәтпаев көшесіне түсіп, жоғары тасжолмен Некрасов көшесі арқылы жаңа көпірден өтеді. Бұл бағыттағы автобустар 11-шағын аудан арқылы Мәншүк Мәметова көшесімен «Сапар» автовокзалына аялдайды, осы бағытпен кері қайтады. Ал нөмірі 8-ші бағыттағы қоғамдық көліктер бұған дейін Арынов, Пугачев көшелері арқылы жүретін болса, енді бұл бағыттағы автобустар Малышка ауданы арқылы Ембі көшесінің бойымен теміржол өткелін бетке алады. Сосын әуежай және әуе қалашықтарына аялдап, осы бағыт бойынша кері қайтады. Бұл бағытқа қатынаған шағын автобустарды 42 орындық орташа сыйымдылықтағы көліктер алмастырыпты. Бұған дейін қаладағы нөмірі 23-ші бағытта 4 автобус жолаушылар тасымалдаса, енгізілген өзгерістерден кейін бұл бағытқа тағы екі автобус қосылды. Нағымжан Алдияровтың айтуынша, қаладағы нөмірі 39 бағыттағы автобустар бұрын уақытша бау-бақшаларға ғана қатынаса, енгізілген өзгерістерге байланысты енді бұлар күн сайын жолаушылар тасымалдайтын болады. Бұл бағыттағы автобустар күніне 6 рет Ақтөбе қаласы маңындағы Садовое (Пригородный-2) елді мекеніне қатынайды. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек: egemen.kz. Сурет: rikatv.kz.