06 Ақпан, 2015

Универсиадада үш могулшіміз олжа салды

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Универсиада 2015 суретАСТАНА. 6 ақпан. Испанияның Гранада қаласында өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындарында фристайлдың могул түрі бойынша сынға түскен қазақстандық спортшылар 2 алтын және 1 күміс медаль олжалады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Қыздар арасындағы бәсекеде еліміздің намысын Юлия Галышева қорғады. Бұл сынға барлығы 14 спортшы қатысты. Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея сынды елдер екі-үш спортшыдан алып келгеніне қарамастан, барлық қарсыластың біздің Юлияға шамалары жетпеді. Нәтижесінде, жаттығуларын жоғары деңгейде орындаған қазақстандық могул шебері 66,00 ұпай жинап, Универсиада чемпионы атанды. Күміс медаль ресейлік Марика Пертахияға бұйырса (59,90 ұпай), сайыстың қола жүлдесі 51,86 ұпай жинаған оңтүстіккореялық Со Чжи Вонның еншісіне жазылды. Галышева осыдан бір айға жуық уақыт бұрын әлем чемпионатында қола медальға қол жеткізген спортшы. Сондай-ақ, өткен жылғы Сочи олимпиадасында да финалға дейін сүрінбей жетіп, 6-орынға табан тірегені есімізде. Қоржынға түскен екінші алтын медаль мен күміс жүлдені могулші жігіттеріміз сыйлады. Олар Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд. Жарыс барысында Павелдің өнеріне төрешілер 72,45 ұпай берсе, Диманың жаттығуларын 68,73 ұпаймен бағалады. Сайыстың қола жүлдесі 62,11 ұпай жинаған ресейлік Сергей Шимбуевке бұйырды. Дмитрий Рейхерд те Сочи олимпиадасының финалында өнер көрсетіп, дүбірлі доданы 5-орынмен аяқтағанын айта кетейік. Ерлер арасындағы бәсекеге барлығы 23 спортшы қатысса, соның төртеуі қазақстандық болды. Олардың екеуінің нәтижесін жоғарыда айттық. Ал Андрей Логинов есімді спортшымыз (44,41 ұпай) 11-ші, Константин Горлачев (20,66 ұпай) 19-орыннан көрінді. Бүгінде қоржынымызда барлығы 5 алтын және 5 күміс медаль бар. 3 алтын және 4 күміс медальді Универсиаданың Словакияда өткен алғашқы бөлігінде олжалағанымызды айта кетейік. Ол жерде солтүстік спорт түрлері және биатлоннан сайыстар өткен болатын. Жалпыкомандалық есепте екінші орында келеміз. Көш басында Ресей тұр. Олардың қоржынында 14 алтын, 13 күміс және 15 қола медаль бар. Ал 2 алтын және 2 күміс медалі бар Германия әзірге үздік үштікті түйіндеп тұр. Универсиада ойындары 14 ақпанда мәресіне жетеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: granada2015.org.