
1943 жылдың орта шенінен бастап қызыл армия күш алып, Днепр өзенін алуға бар күшін жұмсады. Жау әскері бекініс құрған Днепрден өту операциясы кезінде қаншама боздақ шейіт кетті. Солардың бірі – Тастанбек Шамалғанов. Днепр өзенінің бойында батырдың құрметіне төбенің аты берілген. Ол төбе неліктен «Шамалған төбе» аталды? Бұл туралы еліміздің бас газеті:
«Ол Днепрдің оң бетіндегі аса маңызды төбеге бір топ жауынгерлермен іңірт мезгілінде келіп орналасты. Днепрден жүзіп өтіп, ойда жоқ жерде, тұтқиылдан жасаған сұрапыл шабуыл немістердің үрейін ұшырып, зәресін алды. Лейтенант Шамалғанов Тастанбек бастаған бір топ кеңес жауынгерлерінің жасаған бұл шабуылы қисапсыз қалың қолдың соққысынан кем болмады. Жеме-жемге келген қызу айқас көпке бармады. Немістердің бірсыпырасы бекінген төбеден қашып шықты да, бірсыпырасы құм құшып, төбеде қалды. Төбе Шамалғановтың қолына көшті.
Днепрдің бойын шолып, көп жерге барлау жүргізу үшін қолайлы биік төбені немістер қайта алуға жанталасты. Олар таң ата жасаған сәтсіз шабуылынан кейін, екінші рет түс мезгілінде тағы қайтадан шабуылға шықты. Шабуыл бастардың алдында төбеге минометтен боратып оқ жаудырды, қайта-қайта бомба тасталды. Алақандай төбенің шаңы аспанға көтеріліп, жанған отқа айналды. Немістердің қайтара шабуылы барған сайын күшейіп, үдей түсті.
Бірақ Шамалғановтар орнынан қозғалмады, төрт күн ұдайымен жауды мықтап тойтарып, төбеге жолатпады. Төртінші күні тың күш келіп қосылып, жеңістің кілті боларлық маңызы бар төбе біржола Шамалғановтардың қолында қалды. Төртінші күні, ең соңғы күні жау оғынан Шамалғанов қаза тапты» деп жазыпты.
Шамалғановтың кім болғанын архив құжаттарындағы мәліметтерден іздеп таптық. Тастанбек Шамалғанов 1923 жылы Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келіп, 1943 жылдың 31 шілдесінде Ресейдің сол кездегі Орлов облысының Хвастович ауданына қарасты Милеев селосы маңындағы биіктігі 172,3 метр төбенің басында дәм-тұзы таусылыпты.
Мақала соңын автор Әлішер Тоқмағамбетов: «Арада аз уақыт өтті. Хат тасушы Шамалғановқа тиісті екі хатты әкеліп, маған тапсырды. Хатты ашып оқуға батылым бармады. Тек адресінен ғана ол хаттардың Жамбыл қаласында оқитын інісі Сұлтанбек пен мұғалім болып істейтін С. деген сүйген қызынан келген хаттар екенін білдім. Екі хатты да Тастанбектің төс қалтасына салып, өзін сол биік төбеге жерледік. Басына жазу жаздық. Сол күннен бастап бұл төбені жауынгерлер «Шамалған төбе» деп атап кетті» деп түйіндеген.
Екінші дүниежүзілік соғыста қыршынынан қиылған батыр ұлдың мәйіті жерленген сол бір төбе қазір «Шамалған төбе» деп атала ма екен? Жергілікті халық Тастанбекті тани ма? Ол арасы бізге мәлімсіз...