Экономика • 12 Ақпан, 2025

Қазақстан мен Тәжікстан сауда айналымын ұлғайтады

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Тәжікстан инвестициялық жобаларды кеңейту және бірлескен кәсіпорындар құру арқылы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан мен Тәжікстан сауда айналымын ұлғайтады

Фото:

«Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы жоғары деңгейде өткен былтырғы жылғы келісімдер аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Қазақстан аумағында күнбағыс тұқымын өңдейтін бірлескен кәсіпорын құру мәселесі қарастырылды. Өндірілген өсімдік майы кейін Тәжікстанға экспортталатын болады», деді Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин.

Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – сауда саласы. 2024 жылы Қазақстанның Астана, Павлодар, Шымкент, Көкшетау және Қостанай қалаларында тәжік өнімдерінің көрмелері ұйымдастырылып, бұл өз кезегінде экспорттың өсуіне ықпал етті. Сондай-ақ, Тәжікстанда жеміс-көкөніс өнімдерін экспортқа дайындау мақсатында бірлескен логистикалық орталық құрылады.

Тараптар инвестициялық салада белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға және отандық компаниялардың қызметін қолдауға дайын екендіктерін білдірді. Айта кетейік, бүгінде Тәжікстанда әртүрлі салада 100-ге жуық қазақстандық компания табысты жұмыс істеп жатыр.

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы өзара сауда көлемі 2024 жылы 7%-ға өсіп, 1,2 миллиард долларға жеткен. Тараптар бұл көрсеткішті 2 миллиард доллардан асыруды жоспарлап отыр.