Өшпес даңқ • 13 Ақпан, 2025

Абдолла ақынның ажалмен арпалысы

155 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс кезін­де қолына қаруы мен қаламын қатар ұстаған ақындардың бірі – Абдолла Жұмағалиев. Отты жырларымен оқырманның жү­ре­гін жаулаған жас ақынның қалай ажал құшқаны туралы 1943 жылдың 13 қаңтары күні «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газеті «Герой ақын» атты мақала жариялапты.

Абдолла ақынның ажалмен арпалысы

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Гвардия капитаны В.Григорьев «Герой ақын» атты мақа­ласында ақын Абдолла Жұ­ма­­ғалиевтың батырлық туралы жазуды жаны сүйетінін, оның кейіп­кер­лері де тамаша ерлік жасауға ұм­ты­латынын, соғыс ақынның өзін де шығармаларындағы кейіпкерлері сияқты батыр да, табанды сарбаз етіп шығарғанын айта келіп, қызыл әскер­дің жаумен қатты шайқаса отырып, кері шегінуге мәжбүр болғанын ­жазады.

«Бұл ұрыс дұшпанды әлсіретіп, күшін сарқудың шайқасы еді. Бір деревняда қырқысқан қатты ұрыс басталды. Неміс бөлімінің күші бізден басым болды. Бірақ біздің жауынгерлер асқан табандылықпен соғысып, жауды деревняға өткізбей, көп бөгеді. Ақыры әр үй сайын қатты ұрыс басталды. Біздің бөлім жауды көп шығынға ұшы­ратқаннан кейін, деревняны тас­тап шықты.

Біз шыққаннан кейін де деревняда ұрыс тоқтамады. Үздіксіз атылған мылтық дауысы естіледі. Немістер бір үйге атака жасады. Үйдің ішінде әлдекім автоматтан оқ жаудырып, жауды беттетпей тұр. Автоматтан атылған оқ немістерді отап жатыр. Бірақ дұшпан өлгеніне де қарамастан ентелей түсті», дейді автор.

Жау әскерін қоғадай жапырып, отаған кім? Сол сәтте бұл сұрақ, әрине, әркімнің көкейінде тұрғаны анық еді.

«Әлгі үйде қалған кім?» деген ой келді бізге. Осы ойдың үстінде тұр­ға­нымызда бір жауынгер жүгіріп келіп: – Командир жолдас, ол қалған Жұмағалиев, «бұйрық болмайынша шегінбеймін» деп жалғыз қалды.

«Бірақ бұйрық оған жетіп үлгермеді, немістер үйді жан-жағынан қоршап алған еді. Олар Жұмағалиевты тез қолға түсіру үшін анталай ұмтылды. Абдолланың оғы үйге кіреберісте олардың талайын сұлатты, әбден болмаған соң немістер үйге өрт қойды.

Деревня бізге дөң басынан айқын көрініп тұр, әсіресе самаладай жалғыз үйдің жалыны аспанға шығады. Жалын ішінде автомат дауысы естіледі.

Соғыс үстінде біз қаһармандық пен ерліктің талай үлгілерін көріп жүрміз. Бірақ жау қолында қалған жалғыз үйдің ішінде арыстандай алысқан айбатты ақынды көз алдымызға келтіргенде оның ерлік қимылы бізге батырлық­тың асқар шыңындай сезілді. Ол өзінің өлерін білді. Ақтық сағат үстінде зор даңқпен өлуді тіледі. Солай болды да. Ол жан алқымға келгенде соңғы гранатасын немістерге лақтырды да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмады», деп жазады гвардия капитаны В.Григорьев.

Осы бір Абдолла ақынның ажалмен арпалысы туралы естіп, Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэма жазған. Сол поэмада:

«Күллі әлемнің ашу-кегі

Орна менің кеудеме кеп!

Жау жолына атам сені,

Бомба бол да жарыл, жүрек»,

деген жолдар бар. Қасым ақын айт­пақшы, расында да Абдолла ақынның жүрегі жау жолында бомба болып жарылған. Ол жарылыстың үні әрқа­шан да құлағымызға естіліп тұра­тындай...