Қаржы • 13 Ақпан, 2025

Негізгі өзгерістер таныстырылды

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Павлодар облысының бизнес-қауымдастығымен кездесті. Кездесу барысында салық заңнамасына жақын арада енгізу жоспарланып отырған негізгі өзгерістер таныстырылды.

Негізгі өзгерістер таныстырылды

Сурет: instagram.com/upiir_pavlodar/

Оның айтуынша, реформаны іске асыру кезінде еліміздің бюджеті­не салық түсімдері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге өседі деп жоспарлан­ған. Негізгі жаңалықтың бірі – табысы жылына 15 млн теңгеге дейінгі жеке тұлғалар үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеу мүмкіндігі. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандар­дың көптеген санатына – курьерлерге, такси жүргізушілеріне және қолөнершілерге – агрегатор операторларының платформа­лық жұмыспен қамтылуын қажет­сіз бюрократиялық рәсімдерсіз пайдалануға мүмкіндік береді.

«Бұл режімде төрт пайызды алып қою көзделіп отыр: екеуі – зей­нетақы жарнасы, біреуі – меди­циналық сақтандыру, бір пайызы – әлеуметтік аударымдар», деп түсіндірді Е.Біржанов.

Бұрын бір пайызы жеке табыс салығына кеткен, бірақ қазір бұл ақша өзін-өзі жұмыспен қам­тығандарда болашақ зейнетақы және әлеуметтік жинақ ретінде қа­лады. Табыс шегінен асқан жағ­дайда кәсіпкер ҚҚС төлеуші мәр­тебесіне ауысуға міндетті болады.

Сонымен қатар вице-министр салық жүктемесінің артуы­на байланысты азық-түліктің қымбаттауы туралы алаңдатып отырған тақырыпты қозғады. Ол ауылшаруашылық өнімдеріне салық салынбайтынына, ал бөлшек сауда салығы қолданыстағы күйінде қалатынына сендірді. Сондай-ақ Қаржы министрлігі тиімсіз салық жеңілдіктерін қысқартуды, табысы жоғары ел азаматтары үшін жеке табыс салығы бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізуді қарастырып отыр.

Үкіметте бюджет кірісін ұлғайту үшін ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін арттыру талқылануда, бұл Ұлттық қордың тұрақты жағдайын сақтауға және мемлекеттік басым жобаларды: инвесторларды несиелендіру, АӨК институттарын дамыту, ел қорғанысына, ТКШ жаңғыртуға, жылу энергетикалық және газ тасымалдау жүйелерін дамытуға, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, сумен жабдықтау және су бұру шығындарын жабуды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

«Кейінгі бірнеше жылда біз Ұлттық қордан қаражат алдық, дегенмен оның басты міндеті – болашаққа салынған инвестиция», деп түсіндірді Е.Біржанов.

Салық реформаларын ұсына отырып, Үкімет еліміздің әлеумет­тік мә­селелерін шешу үшін биз­несті қолдау мен бюджеттік кірісті ұлғайту арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ниетті. Вице-министрмен кездесуде жергілікті кәсіпкерлер сауалдарын қойып, бастамаларды одан әрі пысықтау кезінде қаралатын өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік алды.

Соңғы жаңалықтар