
Семинардың мақсаты – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енгізу арқылы тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасау, құндылықтарды оқыту және тәрбие процесіне кіріктіру бойынша үздік тәжірибелерді тарату.
Шара барысында №90 мектептің ұлттық дәстүрді жаңғыртуға байланысты заманмен үйлесім тапқан салт-дәстүр үлгілері, мектеп оқушылары, мұғалімдері жасаған өнер туындылары, білім беру жүйесіне икемделген ұлттық ойындар, танымдық шаралар ұйымдастырылды.
Семинарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері, Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Әдістемелік орталықтары басшыларының орынбасарлары, әдіскерлері, мемлекеттік және жеке меншік білім беру ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары қатысты.
Келелі кеңесте кіріспе сөз сөйлеген Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» басшысы Сындар Дауешова «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асырудағы елордалық педагогтердің озық тәжірибелерін өңірлерден келген әріптестеріне паш етіп, ортақ мақсата жұмыла еңбек етсе ғана нәтиже болатынына тоқталып, бүгінгі шараның басты міндеті осы екендігіне назар аударды.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: бала тәрбиесіне не береді?» тақырыбында жан-жақты саралау жасап, ұлтық идея, мемлекетшілдік, отаншылдық, тәуелсіздік тақырыптарына кеңінен тоқталып, білім беру ұйымдары оқушылардың бойына дарытуы тиіс құндылықтардың маңыздылығын айқындап берді. Бағдарлама енгізілгелі бері атқарылған жұмыстардың нәтижесіне нақты деректер келтірді. Барлық білім беру ұйымдары аталған бағдарламамен толық танысып, теориясын меңгеріп алғандықтан, алдағы уақытта іс жүзінде әр өңірде республикалық тәжірибе алмасу шаралары өтетінін тілге тиек етті.
Семинар жұмысы аясында педагогикалық хакатон, «Ұлттық қасиеттер мен қоғамдық өркениет үйлесімі», «Құндылықпен бірге: қиындық, көзқарас, өзгеріс», «Оқушылардың жан-жақты дамуы: тәрбие мен білімнің үйлесімділігі», «Құндылықтарды оқыту процесіне кіріктіру: тәжірибе және тәсілдер», «Ата-ана және бала: үйлесімді қарым-қатынасқа қол жеткізу жолдары», «Тәрбие мен оқытуда құндылықтар жүйесін қалыптастырудың үздік тәжірибелері» тақырыптарында тәжірибелік алаңдар жұмысы ұйымдастырылды.
Шараға қатысушылар елордалық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстардың жаңашылдығына тоқталып, үлгі алатын тұстары мол екенін алға тартты.
Шараның екінші кезеңінде аймақтардан келген ұстаздар, №8,87,37,90,91, 76 білім беру ұйымдарының тәжірибелерін көріп, өзара пікір алмасты.