Табиғи таза, қуаты мол, саулығымызға себеп
отандық өнім Қазақстан жұртын бар қиындықтан алып шығады
Соңғы төрт күннен бері газетіміздің интернет желісіндегі оқырмандары арасында бір кісінің аты-жөні өте-мөте жиі айтылып тұр. Ол – Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов. Ал оған жұртшылықтың назарын осы тұста бірден өзіне жалт қаратуға себеп болған газетіміздің 3 ақпан күнгі нөмірінде жарияланған «Отандық өнімнің орны бөлек, отандастарым!» деп аталатын сұхбат. Әңгімені газет қызметкері Гүлзейнеп Сәдірқызы жүргізеді де, академик қойылған сұрақтарға нақты жауап бере отырып, басты тақырып етіп алынған мәселе жөнінде өзінің кең ауқымды ойлары мен тұжырымдарын білдіреді. Бүкіл саналы ғұмырын тамақтану мәселесіне арнап келе жатқан танымал ғалым әңгіме иірімінде көкейкесті жайтты барынша сенімді тілмен шегіне жеткізе баяндап береді. Сондығынан болар, ол оқырманның да назарын бірден өзіне аударыпты. Мұны материал соңына келіп тіркеліп жатқан комменттердің өзі анық байқатады. Академиктің алғаусыз көңілден айтқан алқалы ойларына алғашқы лекте пікір білдіргендер қатарында Атырау, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тұратын оқырмандарымыз көп. Сондықтан алғашқы шолудың айдынын сол пікір қосушыларға ұсындық. Ерболат Өмірбаев (Атырау облысы): – Иә, отандық өнімнің орны бөлек. Академик Төрегелді Шарманов ағамыз өте орынды мәселені көтеріп отыр. Шетелден әкелінетін сүт және сүт өнімдері ұзақ сақталғанына қуанып, соны алушы едік. Ал шын мәнінде өзге елден әкелінген сүт өнімдерінің құрамында сүттің табиғи қасиеті жойылып кетеді екен. Соны бүгін білдік. Әдетте йогурт, айран, қаймақ секілді сүт, шұжық, паштет сияқты ет өнімдерін таңдағанда, әуелі олардың сақталу мерзімінің ұзақтығына қарайсың ғой. Себебі, ұзақ сақталатын өнімнің сапасы жақсы деген түсінік қалыптасқан. Енді сол түсінікті түп-тамырымен бұзуымыз керек. Керісінше, оның залалы жеткілікті екен. Ендеше, шетел өнімінің орнына өзіміздің отандық өнімнің сапасын кеңінен насихаттап, халықтың көбірек тұтынуына ұйытқы болуға әрқайсымыз атсалысайық. Төрегелді ағамыз айтқандай, отандық өнімнің сапасы ұдайы бақылауда, өзімізде жасалған өнімнің дәмі де өзгеше болады Қанат (Атырау қаласы): – «Егеменнің» белді журналисінің атақты ғалым ағамызбен сұхбатында дұрыс тамақтанудың қыр-сыры егжей-тегжейлі талданған екен. Шынында да, Батысқа еліктей берудің еш қажеті жоқ. Қазақи тамақтанудың ықылым заманнан қалыптасқан дәстүрі бар. Жалғыз академикті шырылдата бергенше, жергілікті жерлерде бөлімшелерін құрып, адамдарды тамақтану мәдениетіне үйреткен абзал болар еді. Боранбай Ғалиев (Атырау қаласы): – «Егемен» елді елеңдететін көптеген сауалдарға ағамыздан сұхбат алу арқылы дөп жауап берген екен. Өте салмақты, дәлелді және шұрайлы тілмен жазылыпты. Демалмастан оқып шықтым. Ағашқа дер кезінде су құймасаң, машинаңның уақтылы майын алмастырып, күтім жасамасаң, ағаш суалып, техника пайдаға аспайтын қоқыс темірге айналады. Адам да сол сияқты, уақытында, табиғи тағамдармен тамақтанбасаң, күндердің күнінде денсаулығың сыр береді.Дұрыс жазылған, отандық өнім өндірушілерді қолдау керек! Сөзімнің соңында осы бағыттан таймай, пайдалы мақала, сұхбаттарды жиі беріп тұрсаңыз екен. Біртуар, дарабоз ағамыз аман жүрсін! Гүлзейнеп қарындасыма шығармашылық шабыт тілеймін. Мүтәллап (Петропавл қаласы): – Атамыз қазақ «ауру – астан» деп бекерге айтпаған. Үнемі ағарған ішіп, жылқы етін жеп, денсаулығын күтіп қараған. Студент жастарды қатты аяймын. Жартылай дайындалған табиғи емес неше түрлі пицца-миццаларды жеп, күнелтеді. Шеттерінен әлжуаз. Әскерге алмайды. Бұлардан Отан қорғамақ түгілі, жібі түзу азамат та шықпайды. Осындай танымдық мақалалардың жиі берілгені жөн. Ескендір (Солтүстік Қазақстан облысы): – Төкеңді ертеден білемін, дәмдес болғанбыз. Еліміздің қадірменді ақсақалы өзекті тақырыпты кеңінен қозғаған екен. Жылқы еті, қымыз дегеннен шығады, осы сала өңірлерде дами алмай келеді. Бізде Нағашыбай Барлыбаев деген азамат бар. Жүз бие ұстап, шипалы сусын дайындайды. Өз тірлігімен қазақтың ұлттық дәстүрін өркендетіп келеді. Осындай кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау жасау керек. Жамбыл Тасеменов, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, Одақтың қола жүлдегері (Петропавл қаласы): – Қаламы жүйрік қарындасымыз Гүлзейнептің академик ағамызбен «Отандық өнімнің орны бөлек, отандастар!» атты сұхбатын сайттан оқып, жастық шағым, әкеміздің тәрбиесі есіме түсті. Маған ол үнемі «күшті, шымыр боласың» деп, жылқының қазысын, қойдың құйрығын жұтқызатын. Одан жаман болып өскен жоқпыз. Әсіресе, күреспен айналысып жүргенде, жылқы еті мен қымыздың талай «рахатын» көрдім. Кейін жас балуандарды жаттықтырғанда осы дәстүрді ұстандым. Жұртқа үлкен ой салатын жарияланым екен! Жолдыбай: – Қазақ Шармановтай ақсақалдың ақылын тыңдауы керек. Ринат: – Осындай ақыл-кеңес беретін ағалар бір заманда ұлт үшін туады. Есбол: – Мақала жақсы шыққан екен. Мұрат Көптілеуов (Атырау облысы): – Баяғының данагөй қариялары бүгінгідей қалбырға құйылған, пастерленген сүт ішкен емес, керісінше, түйенің шұбатын, биенің қымызын қолдан ашытып, табиғи сүт ішіп, қазы-қарта, жал-жая жеп өткен. Табиғи құнары мол айран ішті, қаймаққа нан батырып, талқан шылап жеді. Сол қариялардың ешқайсысы ауырған жоқ, керісінше, 100 жасқа дейін өмір сүрді. Ал қазір ше? Бұрын: «Қаланың тұрғындары қаңылтыр қалбырдағы сүтті ішіп, жылтыр қағазға оралған шұжық жейді», деп таңданушы едік, енді солардың ішкен тағамының бәрі ауылдарға да жетіп жатыр. Шетелдік тағамдардың сыртындағы жазуына қарасаң, Құдай-ау, бір жыл бойына шыдайды екен. «Бұл неғылған батпанқұйрық» деуші едім, Төрегелді ағамыздың Гүлзейнеп Сәдірқызына айтқанындай, шетел тағамдарының құрамында табиғи қасиеті жоқ екен! Мұндай тағамды іштің не, ішпедің не, асқазанға жақпайтын, ағзаға құнары сіңбейтін болған соң, бәрібір-ау. Елдің көзқарасын отандық сапалы өнімді пайдалануға бұру үшін шеттен келетін импорттық азық-түліктің кей түрлеріне шектеу жасау қажет шығар. Өйткені, біз алдымен мемлекеттің басты байлығы – адамның саулығын ойлауымыз, екіншіден, елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау арқылы отандық өнімнің жаппай сатылымға шығуына қолдау білдіруіміз керек. Мұны, әрине, Үкімет мүшелері ойлап-ақ отырған шығар. Дегенмен, мұны «Егемен Қазақстан» газетінің мемлекеттік мәселе ретінде көтергеніне тиісті министрліктер, Үкімет басшылары көңіл аударуы қажет-ақ. Оның үстіне Төрегелді Шармановтай білгір академик ағамыз азық-түлік қауіпсіздігі тек отандық өнім арқылы қорғалады, адамның саулығын сақтау үшін шетелдікінен гөрі сақталу мерзімі аздау отандық өндірісте шығарылған өз тағамдарымызды тұтыну қажет, деп бекерден бекер шырылдамайды ғой. Бәрі де елдің келешегі, халқымыздың саулығы үшін айтылып отыр. Айнагүл (Атырау қаласы): – Қазақтың даналары қымыз бен шұбаттың, қазы мен қартаның, жал мен жаяның қадірін білген. Төрегелді ағамыз да бие сүтінің пайдасы туралы жақсы айтыпты. Өзімдікі деген өгіз күшке салып, отандық тағаммен тамақтанайық. Сіздің қазақстандық тағамды қолдағаныңыз – тәуелсіз Қазақстанды қолдағаныңыз! Болатбек: – Шынында шетелдің өнімдерінің қуаты жоқ. Сырты әдемі болғанымен, ішіндегісінің маңызы аз. Қазақтың қолдан жасалған тағамдарына ештеңе жетпейді. Айран, сүті, құрт, ірімшігі қандай тәтті қазақтың. Осы мәселе жақсы әрі дәлелді айтылыпты. Бұл мәселені кез келген адам айтуы мүмкін. бірақ, белгілі ғалым, осы саланың білгір маманы айтқаны сенімді шыққан. Жұмасейіт: – Төрт аяқтыда текті мал, судың тұнығын ішіп, шөптің асылын теріп жейтінін ескерсек, шетел ғалымдарының қымызды аттай қалап алуында үлкен мән жатыр. Содан болар, біз аузымыз ашылып, екі-үш кесе қымыз ішкенімізді қанағат тұтып жүргенде шетелдіктер қымыз өндірісін тереңірек зерттеп, пайдасын әлемге танытуға біржолата бел шешіп кірісіп те кетті. Берік Нұрбай: – Шынында, Төрегелді ағамыз айтпақшы, қымыз қайнатылмайды. Оның ерекшелігі осында. Дәрумендері бойында қалады. Бірақ, қымыз өндірудің қияметі көп қой. Білегіне шелек асып, бие сауып жүрген жұрт мұны жақсы біледі. Күніне бес-алты мәрте бие сауудан бөлек, киікотымен күбіні ыстап, қымызды бабына келтірудің де жұмысы көп. Оны білетін адам жасамаса, кез келгеннің қолынан келе бермейді. Киікотын тұтатып, күбіні соған төңкере салғаннан сапалы қымыз шықпайды. Білген адамға бұл да бір ғылым. Содан кейін ғой, қазіргілердің қымыз өндіруге деген кежегесі кейін тартып тұрады. Әйтпесе, қымыз ең сапалы, пайдалы сусын. Созақбай: – Белгілі жазушы Асқар Сүлейменов: «Осы басқа халық қайдан жаралсын, мейлі, маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған», деп айтқан екен. Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухы биік, ер халық. Төрегелді Шармановтай жылқының, қымыздың қадірін білсек қой, шіркін. Амангелді (Тараз қаласы): – Біздің қазақ тамаққа көп мән бермейді ғой. Тойып тамақ жесе, болды. Ауру – астан деген. Соңында ыңқылдап ауырып қалғанын да білмей қалады. Меніңше, осы мақаланы әр қазақ оқып, қорытынды шығарып, ой түюі қажет деп ойлаймын. Осындай пайдалы мақалалар көбейе берсін. Мәди (Жамбыл облысы, Шу қаласы): – Мен ойлаймын, әр ұлт асқазанының өз ерекшелігі бар. Ол сол ұлттың ұлттық тағамдарына да байланысты. Яғни, қазақтың асқазаны бөлек. Басқа-басқа, осы мақалада жазылғандай, тамақтану мәселесіне өте қатаң қарауымыз керек. Шетелде андай екен, мындай екен деп жүргенде, қазақ байғұс асқазанын бұзып алады. Арыстанбек (Атырау облысы, Құлсары қаласы): – Қазақтың жылқы мінезділігі рас қой, сол секілді тағамды да талғап жейді. Өзгелер секілді ананы, мынаны бұйырған ас деп жей бермейді. Қымызды да бірнеше түрге бөліп дайындап, оның табиғи дәрумен екенін баяғыда болжаған. Жылқының қымызы мен қазы-қартасын жеп өскен қазақтың денсаулығы мықты болыпты, қазір ғой, әсіресе, қала қазақтарының полуфабрикат тағамдарды тұтына бастағаны. Енді денсаулықты ойлайтын, құнарлы, табиғи дәруменге толы тағамдарды тұтынуға баланы жастан тәрбиелеу қажет. Төрегелді ағамыздың жанайқайынан осыны ұғынып отырмын. Сағын Бірманов (Ақтөбе қаласы): – Академик Төрегелді Шарманов ағамыз елдіктің мәселесін көтеріп отыр. Мақала өте жақсы. Қазақтың ұлттық тағамдарының жұғымдылығы, дәмділігі ата-бабамыздан бері қарай белгілі ғой. Біз отандық өнімдерімізді әлі де бағалай алмай жүрміз. Жылқы етінің, тарының дәрумендігін біле тұра, әлі де тұтынуымыз сирек. Осындай халықтың көзін ашатын материалдар жариялау арқылы ұлттық тағамдарымыздың бәсін арттырып, насихаттау керек. Бұл бағытта Төрегелді Шарманов ағамыздың берген сұхбаты әрқайсымызға алтын арқау болады деп ойлаймын. Ұлттық тағамдарымызға талайлар тамсанып жүргенін естен шығармай, оны насихаттау мен дәріптеуге әркімнің де атсалысқаны жөн. Нұрбаян (Атырау облысы): – Бұл мәселе қазір өткір тұр. Бұл қазақстандықтарды ғана емес, барша әлемді толғандырып отырғаны байқалады. Бірақ әлем халқының бәрі бірдей қазақ секілді қымыз бен шұбаттың қадіріне жеткен емес. Соңғы кезде біздің елімізден Германияға көшіп барған немістер ғана қымыздың құнарлылығын неміс жұртына насихаттай бастады. Демек, әлем қымыздың қадірін білетін болады. Төрегелді Шарманов ағамыздың тағамтану ісіне қосқан үлесі айрықша, дұрыс тамақтану қажеттігін ұдайы көтеріп келеді. Бұл жолы да құнарлы тағамдардың тек Қазақстанда ғана өндірілетінін айтып отыр. Яғни, бұл мәселе әлі орнықты шешімін таппады деген сөз. Енді академик ағамыздың осынау құнды пікірлерін әр облыстың, әр ауданның, қала берді елімізде шығатын барша қазақ газеттері, орысшаға аударылып, орыстілді газеттері көшіріп басса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда еліміздің барша азаматтары – үлкені де, кішісі де тегіс құлақтанады. Нәсіпқали Қайырқомов (Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы): – Мен Ақжайық ауданы Алғабас ауылдық округіндегі «Нұртілек» шаруа қожалығының жетекшісі болып істеймін. Жасым 75-те. Есімі шартарапқа белгілі Төкең – Төрегелді Шарманов «Егеменнің» бетінде кезекті рет үлкен мәселені қазақтың қаперіне салды. Онымен сұхбатты отбасымды жинап, өзім де дауыстап оқыдым, ұл-келініме де қайталап оқыттым. Мені мына жайт қинайды: ауласындағы малынан сүті бола тұра, үйінде отандық астығы бола тұра, облыс орталығына шауып, шетелдерден келетін сондай тағамдарды алатындар көп-ақ. Өйткені, «қонақ шақырып жатырмыз» дейді. Сөйтіп, шетелден алған сүт өнімдерінен жасалған немесе солардан келген пирог, тортты тасиды. Осыған тіпті ренжимін. Өзімізден мүмкіндік болмаса екен-ау, сүттен, ұннан неше алуан тамақты өз үйімде дайындауға болмай ма? Өзімізде ет деген жетеді, ал неше айдан бері қатып тұрған тауықтың бұттары неменеге керек? Бұл мәселе өз алдына, шетелдің арзандарының зияны жетіп жатыр. Мұны Төкең тайға таңба басқандай әңгімелеп берді. Ойланайық, ағайын! Раушан Тұяқова (Орал қаласы):– Өте жақсы және орынды мәселе! Рахмет, Төрегелді аға, осындай мақалаңыз үшін. Өзіміздің отандық табиғи өнімімізге не жетсін. Мысалы, отандық табиғи шипалы да пайдалы қымыз, шұбат өнімдерін неге жарнамаламасқа теледидар және басқа да ақпарат көздерінен? Себебі, өсіп келе жатқан ұрпақ тек шетелдерден келген сусындарды көреді және ол дұрыс деп ойлайды. Бұл – мемлекеттік мәселе, сондықтан мемлекетіміз отандық табиғи өнімге қолдау көрсетуі қажет деп ойлаймын. Мырзатай (Қостанай облысы): – Төрегелді ағаның әңгімесін оқып шығып, мұның өте дұрыстығына тәнті болдым. Есіме өзімнің анам түсті. Менің анам 107-ге келіп қайтыс болды, онда да тұмау тигізіп алып, содан бір айдың ішінде кетіп қалды. Әйтпесе, өте бақуатты еді. Сол кісі қайтқанда, артында өзінің қайнатқан он қалта құрты және бес-алты қалта ірімшігі қалды. Қарап отырмайтын, жарықтық, құрт қайната беруші еді. Менің анамның құртын барлық балалары, күйеу балалары, ауылдастарымыз келіп жеуші еді. Дәмі ауыздан айырғысыз болатын. Мен бұл жерде анамның табиғи таза тамақтың арқасында, таза ауаның арқасында осынша жас жасағанын айтқым келеді. Торғай даласында мен 20 жылдай қой бақтым, бұлақтың суы, таза ауа, таза ет қандай еді. Өмір бойы жылқының етін жеп, қымызын іштік. Ләззат (Қостанай қаласы): – Академик Шармановпен сұхбат өте уақытында жазылған екен. Менің мамандығым фельдшер, мектепте қызмет істеймін. Мектептің асханасының ас мәзірін күнде жасап отырамын. Асхананы азық-түлікпен жалгерлер қамтамасыз етеді. Олар мұны тендер арқылы ұтып алады. Сосын олар қандай азық-түлік арзан, соны алып келеді. Ол өзі жемейтін болған соң, арзан азық-түлік тұрғанда қымбатына жоламайды. Ал отандық, экологиялық біршама таза деген азық-түліктің бағасы да қымбат. Мысалы, сосиска, түйілген ет, тауық еті дегендер мысықтың тамағынан да арзан. Тауықтың еті қуырып жатқанда езіліп жатады. Сонда оның құрамы қандай деп ойлайсыздар? Былтыр Қостанай облысында 4 рет уланудан шулы жағдай болды. Оның екеуі мектептерде орын алды. Солардың барлығы аспаздардың салақтығынан, кінәсінен болған жоқ. Шын мәнісінде олар тағамның құрамының күдіктілігінен болған деп ойлаймын. Сондықтан, шетелден келген етті де, басқасын да алмау керек. Мектепте экологиялық таза тамақ қашан болар екен? Тендер дегенді құрту керек, жас ұрпақты дұрыс тамақтандыру үшін мемлекеттік қамқорлық болса жарар еді. Айта түс, Төрегелді аға, дауысың бірде болмаса, бірде жетер тиісті құлақтарға. Айжан (Қостанай қаласы): – Сұхбатты оқып шығып, авторға риза болдым. Өрелі сұхбат құра білген. Бірақ көп жерлерде қымыз басқаша болып шығады. Кейбіреулері, тіпті, қымыздың не екенін білмейді. Бір жолы Алматыдағы Нарынқол ауданына барғанымда, қымыз деп бергенін ішіп, көже ішкендей күйде болғанмын. Таулы жердің шөбі сулы болғандықтан ба, жылқының қымызы – көже, ал еті жасық болып келеді екен. Сондықтан да нағыз қымыз Торғай жерінде жақсы дайындалады. Қымыздың бабы пісу мен сапыруға байланысты. Жиі-жиі піскен қымыздың дәмі кіре береді. Ал пісуі жетпеген қымыз ірімтіктеніп, суы бір бөлек, тұнбасы бір бөлек болып, бұзылып, сапасын жояды. Көбірек пісілсе, тіпті күшті деген қымыздың өзі жұмсап, ішуге сүйкімді бола береді. Бал татыған барқыт қымыз осындай баппен дәмді. Сондықтан да осындай бал татыған қымызды өзіміз өндіріп, ұлт саулығын қолға алғанымыз жақсы ғой. Қазіргі таңда «Cocа-cola» әперіп балалардың денсаулығын улағанша, қымызды жай ғана насихаттаумен қатар, оны еліміз ұлттық сусын етіп шығарса жақсы болар еді. Алтынай Досмағамбетова (Орал қаласы): – Академик Шармановтың отандық өнімді республика тұрғындарына мерзімді баспасөзде насихаттап келе жатқанына біраз жылдар өтті. Әсіресе, бас газетіміз – «Егеменде» осы тақырыптың үздіксіз жарияланып жүргені жалпақ жұртқа белгілі. Расында да, әркім ағзаның тұтынуы бойынша тамақтанады. Әрине, үнемі шектен тыс ішіп-жеу мешкейлікке, семіздікке соқтырады. Негізі адам қай жерде өмір сүрсе және сол елдегі ғасырлар бойы қалыптасқан өзінің ұлттық мәзіріндегі азық-түлікті пайдаланғаны орынды да қалыпты. Өйткені, ағза соған орай қалыптасқан және атадан балаға берілетін табиғи дағды сондай. Маржан (Тараз қаласы):– Мен мына танымдық сұхбатты қазақ қоғамына өте қажетті материал деп білемін. Тамақтану тәртібін аса меңгере қоймағанымыз рас. Соның салдарынан болатын аурулармен күнделікті кездесіп жатамыз. Әсіресе, жас балаларды дұрыс тамақтандыру мәселесін үнемі назардан тыс қалдырмау керек. Өйткені, оларды осы бастан дұрыс бағыттап, дұрыс тамақтануға дағдыландырғанымыз абзал! Төлен Рамазанұлы (Қостанай қаласы): – Мақалада көтерілген мәселе өзекті. Сұхбат алған Гүлзейнеп Сәдірқызына көп рахмет! Халық денсаулығын, ұлттың қамы, еліміздің тәуелсіздігінің мәселесі деп айтсам, артық болмас. Себебі, ауру адамнан Отан қорғаушы шықпайды. Табиғи азық-түлікке еш нәрсе жетпейді. Бұл тұрғыдан Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановтың сөзін толық қолдаймын. Жасұлан (Тараз қаласы):– Дәл қазір әлем халқын соғыс, кек алу, өзгеге есесін жібермеу, әлсіздерге күштілігін көрсетуден гөрі, дұрыс тамақтану мәселесі көп толғандырғаны жөн. Өйткені, Жер тұрғындары қазір не жеп жүргендерін, немен қоректеніп жүргендерін қаперіне де алмайды. Аштықтың, қала берді, дұрыс тамақтанбаудың салдарынан қаншама адам зардап шегіп жүр. Соғыссыз-ақ қырылып жатыр. Төрегелді атамыз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының керемет мәліметтерін келтіріпті. Мәселен, қан айналымы жүйесінің аурулары және қант диабетінің зардабы мемлекеттің ішкі жалпы өнімін 7 пайызға дейін азайтады екен. Ал, осы аталған қауіп-қатері мол, жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларынан болатын өлімді интервенциялық кардиохирургиялық әдістер тек 7 пайыз кемітсе, адамзат аса мән бермей жүрген дұрыс тамақтану тәсілдерін қолдану 24 пайыз азайтады екен. «Ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын тап» деген бабаларымыздың өсиеті осы жерде өміршеңдігін дәлелдеп тұр. Гүлфайруз Түлетаева (Жамбыл облысы, Аса ауылы): – Төрегелді ағаның барлық мақала, жазбаларын түрлі басылымдардан көрсем, жібермей оқитын едім. Мына «Егеменде» жарияланған сұхбаттан тамақтану туралы толыққанды хабардар болып отырмын. Өте жақсы екен. Нұрлыгүл С. (Орал қаласы): – Сұхбат көптің ойында жүрген мәселеге қозғау салып отыр. «Ас –адамның арқауы» деген дана халқымыз ұрпағының сау-саламат өсуінің басты кепілі адам ағзасына пайдалы, құнары мол табиғи өнімдерде екенін жақсы түсінген. Ата-бабаларымыздан қалған ұлттық тағамдарымызды күнделікті дастарқанымыздың көркіне айналдыру әрбір қазақ отбасының өзіне байланысты.Ұрпағымыздың саулығын ойласақ, ғасырлар бойы сыннан өткен төрт түлігіміздің өнімін өндіріп, ұлттық мақтанышымызға айналдыру керек. Шынар (Тараз қаласы): – Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті тақырып дұрыс тамақтану десек, қателеспейміз. Себебі, күнделікті қарбалас тіршілікте фастфуд өнімдерін көбірек қолданып кеттік. Елімізде ет, сүт өнімдері қолжетімді болса да оны көп қолданбай, шетелдің сырты жылтырақ қағазбен қапталған, іші күмәнді өнімдеріне қызығып, соны тұтынғанға мәз боламыз. Сұхбатта өте орынды және дәлелді нәрселер көтерілген. Мұны әр қазақ білуі тиіс! Дұрыс тамақтанайық және өз табиғатымызда жасалған отандық табиғи өнімдерді тұтынайық. Деніміздің сау болуы үшін, ұрпағымыздың сау болуы үшін. Дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».